БҰҰ мәліметінше, әлемде 40 миллионға жуық адам құлдыққа сатылған. «Тірі тауарды» саудалайтын трансұлттық қылмыстық топтардың жылдық орташа табысы 150 млрд долларға жеткен. Бірақ бұл цифрды нақты деп кесіп-пішіп айтуға болмайды. Өйткені бұл өте көлеңкелі әрі кірісі бойынша есірткі мен қару-жарақ саудасынан кейін үшінші орында тұрған қылмыстық бизнес түріне жатады. Қазақстан адам саудасы бойынша «қара тізімде» 165 мемлекеттің арасында 83-орында тұр.
Пенденің сорлап қалуы аяқ астынан
Адам саудасы – ғаламдық проблема. БҰҰ ақпарында әлемнің 127 мемлекетінің азаматтары заңсыз сатылып, 137 мемлекетте құлдық қызмет жасырын пайдаланылады екен. «Тірі тауардың» саудалану мақсаты әрқалай. Оның ең көп таралған түрі – жезөкшелік. Жалпы, «қара нарыққа» тауар ретінде өткізілетін адамдардың 71%-ы әйелдер мен жас балалар. Ал сатылған әйелдердің 72%-ы сексуалдық қызметке жегіледі. Сондай-ақ әйелдер күндізгі уақыттарда дәмханаларда даяшы немесе көзалдау үшін басқа жұмыстарды істеп, түнгі мезгілде клиентке «өткізуі» мүмкін. Екінші орында еңбекті қанау тұр. Бұл жағдайда құлдықтың құрбандығы тек көлеңкелі салада ғана емес, заңды негізде де жұмыс істей беруі ықтимал. Мәселен, ауыл шаруашылығында, мейрамханаларда, қонақ үйлерде және басқа да секторларда тегін не аздаған тиын-тебенге мәжбүрлі қызметке жегіледі. Сатылған ерлердің 85,7%-ы мәжбүрлі жұмысқа тартылады. «Тірі тауар» өткізудің ең азғынданған түрі – адам ағзасының саудасы. Бұл саладағы ақша айналымының мөлшерін дөп басып айту қиын. Дегенмен сарапшылар 600 миллион – 1,2 миллиард доллар аралығында болуы мүмкін деген жорамал айтады. «Пәле мен сор аяқ астынан» демекші, бүгінгі ардың-гүрдің алмағайып заманда кез келген жастың, нәсілдің, жыныстың өкілі адам трафигінің құрбандығына айналып кетуі оп-оңай. Адам саудалаушылар болашақ құрбандығын сан алуан жолдармен қолдарына түсіреді: мойнына қарыз ілуі, қорқытып-үркітуі, ерік-жігерін арбап алуы, тіпті жоғары төлемді жұмыспен және «жарқын болашақпен» алдаусыратуы да әбден кәдік. Әдетте оның тұзағына білімі төмен, тұрмысы нашар, шыққан ортасы надан, әйтпесе кембағал жандар мен өз тағдырына жеңіл-желпі қарайтын әулекі немелер түсіп жатады. Әйтсе де, тәрбиесі мен тәлімі тәп-тәуір адамдардың да мұндай бақытсыздыққа кездейсоқ тап болуы ғажап емес. Пендені мүсәпір қылам десе қиын ба?!Бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?
Қазақстанның нарықтық экономикаға көшуі қоғамдағы байлар мен кедейлердің аражігін тым алшақтата түсті. Ал осы екі әлеуметтік топтың арасын жалғап тұратын орта таптың үлесі жылдан-жылға сарқылып барады. Көпшілік мұны қоғамдағы әділетсіздіктің көрінісі деп санайды. Осыдан барып кедейлердің байларға деген қызғанышы, араздығы үдей берді, сөйте тұра өздері де қандай жолмен болсын, тіпті заңға қайшы амалмен болса да баюға тырысады. Сондықтан тұрмысы нашар адамдар жақсы табыс іздеп кез келген елдерге баруға дайын, олар көп жағдайда мемлекеттер шекарасын заңсыз кесіп өтеді. Міне, осындай жандар адам ұрлаушы қылмыстық топтардың майшелпегіне айналады. Әлеуметтанушылардың айтуынша, бүгінде ғаламдану процестеріне орай адамдардың басқа мемлекеттің шекарасынан кесіп өтуі қиындық туғызбайды. Әлемдік интеграциялық процестердің жіті жүруіне байланысты мемлекеттер көші-қон қозғалысын түгелдей бақылауда ұстап отыра алмайды. Ал барған елінің өкілетті органдарында тіркеуде тұрмаған мигранттың жоғалғанын ешкім білмей қалуы да мүмкін. Міне, адам саудасымен айналысатын трансұлттық қылмыстық топтардың құрығына осындай жандар оңай ілігеді.Осындай жағдайда кедей адамның басқа алыс елде жедел әрі қомақты табыс табуға болады деген бұлдыр үмітін қылмыстық топтар қолайлы пайдаланады. Миграциялық келім-кетімі көп мұндай проблема біздің елге де тән. Сондай-ақ ел ішіндегі қоныс аудару процестері де үздіксіз жүріп жатыр: болашағы жоқ ауылдардың, өндірісі дамымаған моноқалалардың тұрғындары күнкөріс үшін ірі мегаполистерге келуге тырысады. Ал бұл жақта оларды адам контрабандасымен шұғылданатын қылмыстық қауымдастық тосып тұрады. Олар құрбандарына табысы жоғары жұмыс тауып беремін деп алдап, кейін құжаттарын тартып алып, мәжбүрлі жұмысқа, сексуалдық қызметке жегіп қояды. Ақыр соңында құлдық кейіпке түскен адамдарды бір қожайын екінші біріне сата береді. Бұл ХХІ ғасырдағы құл иеленуші дәстүрдің жаңаша түрі. Қазақстандық әлеуметтанушылар адам саудасы нарығы аясының кеңеюіне түрлі технологиялар мен коммуникацияның қарқынды дамуы да ықпал еткенін айтады. Интернет, халықаралық телефон торабы, мессенджерлер, бүкіләлемдік телеарналар, сондай-ақ алыс елдерге жету үшін арзан әрі жедел әуе қатынасы мұның бәрі осыдан бірнеше жыл бұрын көп мемлекеттер халқының негізгі бөлігі үшін қолжетімсіз болатын, ал қазіргі кезде бәрі оңай.Ресми статистикаға сүйенсек, 2004 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстанда негізінен 18-25 аралығындағы 677 адам және 30 жастан асқан 634 адам саудаланған. Ал жыл басынан бері елімізде адам саудасына қатысты 87 қылмыстық іс қозғалған. Ол 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге көп.
Жең ұшынан жалғасқан қылмыс
Тәжірибе көрсеткендей, адам саудасына көп жағдайда мемлекеттік түрлі мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысады. Ол балалар мекемелерінің, перзентханалардың, ауруханалардың, паспорт-визалық қызметтердің өкілдері болуы мүмкін. Тіпті, құқық қорғау органдарының жемқор қызметкерлері аталған қылмыстық істердің басты ұйымдастырушысы мен орындаушысы болады. Мәселен, кәмелетке толмаған және жас балаларды қамқорлыққа алуға міндетті лауазымды тұлғалардың өздері қылмыстық топтарды құруы мүмкін. Ресми статистикаға сүйенсек, 2004 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстанда негізінен 18-25 аралығындағы 677 адам және 30 жастан асқан 634 адам саудаланған. Ал жыл басынан бері елімізде адам саудасына қатысты 87 қылмыстық іс қозғалған. Ол 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. 2021 жылдың алғашқы бес айында жасөспірімдерді саудалауға қатысты 25 адам, жезөкшелік немесе жеңгетайлыққа қатысты притон ұйымдастырғаны үшін 6 адам, адам саудасына қатысты 4 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың көбі Қазақстан азаматтары. Сонымен қатар осы істерге қатысты ТМД-ның екі азаматы «жасөспірімдер саудасы» қылмысы бойынша жауапқа тартылған. Қазір 1 200 адамның із-түзсіз жоғалғандығы тіркелген. Олардың 22-сі жас балалар. Жоғалған ересек адамдардың көпшілігі вахталық жұмыспен басқа қалаға жолға шыққандар, ал кәмелетке толмағандардың көпшілігі ата-аналарымен жанжалдасып үйден кеткендер екені анықталды. «Полицейлер жоғалған адамдарды іздестіру рейді кезінде ең бірінші адамдардың трафигіне болуы ықтимал деген жерлерде іс-шаралар жүргізеді. Бұл негізінен жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар. Одан басқа, шалғай шаруашылықтар, жайылымдар, қыстаулар да назардан тыс қалмайды»,– дейді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев. Мысал келтірейік. Жақында ғана, 18 қыркүйек күні Талдықорған қалалық соты жетім сәбиді сатпақ болған білім бөлімінің қызметкері Әмір Тұяқбаевқа үкім шығарды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлімдемесінде: «Талдықорған қаласының білім бөлімі» ММ балалардың құқықтарын қорғау секторының меңгерушісі А.Тұяқбаевқа (Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі) 12 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот үкімімен К.Полномочнова да (368-баптың 1-бөлігі) 4 миллион теңгенің айыппұлын төлеуге міндеттелді», – делінген ресми хабарламада. Тергеу материалдарында Тұяқбаев жетім баланы бір отбасыға тәрбиелеуге бергені үшін 400 мың теңге пара алған. Ал Полномочнова делдалдық қызмет атқарған. «Әдетте жас балалардың өмірі 2-3 мың долларға бағаланып жататын жайттар болады. Қылмыстық істерді зерттей келе, тіпті сәбилерді үй мен көлікке ауыстыруға уағдаласқандарды анықтадық. Бұл ретте адам саудасы елімізде тыйым салынғанын және оның өте ауыр қылмыс екенін ескерткім келеді», – деді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Шынар Көшербаева. 2020 жылдан бастап Қазақстанда адам саудасы үшін жаза күшейтілді. Бұрын бұл қылмысты жасағандар кемінде 3 жылға сотталатын, енді ол 4 жылға артты. Ең ұзақ мерзім өзгеріссіз қалды – 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы.Трансұлттық топтардың сойқаны
Қазақстанда адам саудасымен ел азаматтары да, шетелдіктер де айналысады. Шетелдіктер арқылы отандастарымыз сыртқы нарықта саудаланады, алайда республика ішінде сатылатындар саны оған қарағанда әлдеқайда көп. Адам саудасымен айналысатындар Қазақстан тұрғындарын ТМД аумағында, негізінен Ресейде, сосын алыс шетелдер – Біріккен Араб Әмірліктерінде, Бахрейнде, Түркияда, Бразилияда, Кореяда мәжбүрлі еңбекке жегеді. Ал әйелдер мен қыздарды көбінесе Таяу Шығыста, Еуропада, Шығыс Азияда және АҚШ-та сексуалдық қанау мақсатында пайдаланады. Сондай-ақ Қазақстанда Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның елдерінен және республиканың шалғай ауылдарынан келген қыз-келіншектер коммерциялық сексуалдық мәжбүрлеуге ұшырайды. Мысалы, Шымкентте мамыр айының соңында қазақстандық қыздарды Бахрейн корольдігінде сексуалдық құлдыққа сатқан 16 адамнан тұратын қылмыстық топ сот орындығына отырды. Айыпкерлердің қатарында Қазақстаннан басқа, Ресей мен Бахрейннің азаматтары бар. Тергеудің тұжырымдауынша, олар трансұлттық қылмыстық қауымдастықтың өкілдері болған. Аталған іс бойынша зәбір көрген 38 адам куәлік беруде, олардың ішінде кәмелетке толмағандары да бар. Polisia.kz ақпаратында қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы 16-25 жас аралығындағы қыздарды алдап қолға түсірумен және оларды Бахрейнде сексуалдық қызмет көрсету үшін сатумен айналысқан. «Тірі тауардың» паспорттарын рәсімдеу, шекарадан өткізу заңды жолмен жасалған. Ал қыздар Манамға жеткізілгеннен кейін, олардың паспорттарын тартып алып, әрқайсын 5 мыңнан 15 мың доллар аралығындағы ақшаға сатқан. «Жеңгетайлар» мәжбүрлеуге көнбеген қыздарды ұрып-соғып, 500 мың теңгеге дейін ақшалай айып салып отырған. Тіпті, Бахрейннің құқық қорғау органдарына ұстап береміз деп қорқытатын болған. Өйткені ол елдің заңы бойынша жезөкшелік қатаң жазаланады екен. Осы жағдай сорлы қыздардың жағдайын одан әрмен пұшайман еткен. ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таевтың айтуынша, адам саудасы қылмысын түбегейлі жою үшін құзырлы органдардың жұмысы аздық етеді, ол үшін бұл кеселге тұтас қоғам болып қарсы тұру қажет.Дәулет АСАУ