Қалжырды кім ластап жатыр?
Қалжырды кім ластап жатыр?

«Қазір өзенде су емес, май ара­лас лай батпақ ағып жатыр. Қал­жыр­дың Ертіске барып құя­ты­нын ескерсек, төменде суын ішіп, малын суарып отырған халық пен өзенді мекендеген балықтың жағ­­дайы не болады? Бүгінде Ертіс пен Қалжырда шортан, көк­серкені қойып, май­шабақ та та­был­майды. Ән­шейінде жа­ға­жай­да біреу машинасын жуа қалса, қар­мақпен балық ау­ласа, жетіп келетін по­лиция, экологтер қай­да қа­рап отыр? «Өзеннің осындай халге түсуі алтын қазумен бай­ла­нысты», – дейді білетіндер.

Әрине, жергілікті тұрғындар­дың алаң­дайтындай, дабыл қаға­тындай жөні бар. Себебі Қалжыр – ауыл халқы суын күн­делікті тұтынып, малын суғарып жүрген Күршім ауданындағы үлкен өзендердің бірі. Әйгілі Марқакөл көлінен жалғыз өзі ағып шығатын өзеннің бойында 10-ға жуық елді мекеннің халқы тіршілік етеді.

Судағы зиянды заттар мөлшері 17 есеге артқан

Қоғамда қызу талқыланған­нан кейін облыстық Экология департаменті мамандары бірнеше рет оқиға орнына барып, рейдтік тексеріс жүргізген. ««Хван С.А.», «Кошкинбаев Б.А.», «Бошаев У. Т.», «Дуйсембаев а. у.», «Мадымаров х. Д.» жеке кәсіпкерліктері заң­сыз қазған карьер мен Қалжыр өзенінің табиғи арнасын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан­дықтан, су лайланған. Заңсыз жұмыстардан кейін кен іздеушілерге Әкімшілік кодекстің 332-бабына (мемлекеттiк эко­логиялық сараптаманы мiндеттi түрде жүргізу туралы талаптарын орындамау) сәйкес, жалпы сомасы 218 775 теңге айыппұл салынды. Өзен ағысынан төменірек «Қасе­нов» жеке кәсіпкерлігі жер қой­науын заңсыз пайда­ланғаны анық­талды. Оған қатысты жауапкершілікке тартуға және бұзу­шылық­тарды болдырмауға арналған материалдар жиналып, уәкілетті орган­дарға жіберілді. Айта кету керек, Қалжыр өзенінің жағасында ба­лық­тың қырылғаны және ластану­дың көзге көрінетін фактілері анықталған жоқ. Аспаптық талдаулар жүргізу үшін Қалжыр өзенінің әртүрлі нүктесінен (Алтай ағысы бойынша жоғары және Боран ағысы бойынша төмен қарай) су сынамалары алынды. Талдау нәтижелері шыққан соң қосымша хабарлаймыз» деген болатын аталған департамент басшысының орынбасары Рауан Тұраров қыркүйек айының басында берген сұхбатында. Жақында, нақтырақ айтсақ, 14 қыркүйекте осы департамент, Ертіс бассейндік инспекциясы, балық шаруашылығы инспекциясы, Күршім аудандық полиция бөлімі мен БАҚ өкілдерінен құралған комиссия Қалжыр өзенінің жағдайымен тағы бір мәрте танысып қайтты. Осы комиссия құрамында болған Экология департаменті басшы­сының орынбасары Рауан Тұраровтың айтуынша, қыркүйек айының басындағы судан алынған сынама қорытындысы өзендегі зиянды заттардың шекті мөлшер­ден аспағанын көрсетіпті. Алайда өзеннің Қалжыр ауылынан өтер тұсындағы ластаушы заттар мөл­шері 17 есеге артқаны анықталып­ты. Осы жерде алтын шайған алматылық кәсіпкер Сергей Хван комиссия мүшелеріне «Кошкинбаев Б.А.», «Бошаев У. Т.», «Дуйсембаев а. у.», «Мадымаров х. Д.» жеке кәсіпкерліктерімен бірлесіп, артель құрғанын, биылғы жылдың мамыр айынан бастап алтын қазумен емес, барлау жұмыстарын жүргізумен айналысқандарын жеткізіп, тіпті жұмысты тиісті орган­дардың келісімінсіз бастағандарын да жасырмапты. Осыған байланысты Күршім аудандық №2 сотының шешімімен осы жылдың тамыз айының басында олардың қызметі тоқтатылып, лицензиясы алынып, 17 қыркүйекке дейін өзен арнасын қалпына кел­тіру, заңсыз карьерге рекуль­тивация жұмыстарын жүр­гізу міндеттеліпті. «Олар­ға алтынды қолмен шаюға рұқсат берілген, бірақ олар мұнда өндірістік алтынды өндіруге арналған үлкен техникаларды алып келген. Алтын қазушылар өзеннің негізгі арнасын бұрып қана қоймай, табиғатқа орасан залал келтірген. Қаншама ағашты отап тастаған. Олар рекультивация жобасын жасау керек болатын. Алайда олар мұны жасама­ған. Қазір қалпына келтіру жұмыс­тарын жүргізіп жатыр. Бірақ қол­дарында құжаттары жоқ. Біз олар әуелі алтын шайғаннан кейінгі тұнып қалған зиянды шөгінділерді тазалап барып қана суды жіберсін деген ұсыныс айттық. Алтын шайып, табиғатқа зиян келтірген азаматтар сол жерде болған ағаштарды қалпына келтіруі керек. Бұл үшін Күршім аудандық полиция бөлімі бізге ұсыныс беруі қа­жет, сонда біз «Бүлінген ағаштарды қалпына келтіру керек деген шешім шығарамыз», – дейді Р.Тұраров. «Хван С.А.» кәсіпкерлігіне об­лыстық Кәсіпкерлік және индус­триялық-инно­вация­лық даму басқармасынан 2021 жыл­дың мамыр айынан бастап Қалжыр өзені­нің 65/55 шақырымдары ара­лығында зерт­теу жұмыстарын жүргізуге рұқсат лицензиясы берілгенін, алайда кәсіпкер заң  талаптарын сақтамағанын Шығыс Қазақ­стан облыстық Полиция департаменті де растап отыр. «Рейдтік шаралар барысында компания тарапынан Әкімшілік кодекстің 360-бабы (Су қорғау аймақтарында және су объектілері белдеулерінде заңсыз құры­лыс салу, сондай-ақ өзеннің табиғи арнасын заңсыз өзгерту) және 463-бабы (Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібер­мей кәсіпкерлік немесе өзге де қыз­мет­пен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру) бойынша бұзушылықтар анықталды. Материалдар Күршім ауданының №2 сотына жолданып, 28 маусымда сот қаулысымен «Хван С.А.» ЖШС кінәлі болып танылып, 131 265 теңге сомасы көлемінде айыппұл салынды» де­лін­ген департаменттің баспасөз қызметінің таратқан мәліметінде.

Жергілікті тұрғындар: Көз алдымызда құрып бара жатқаны жанға батады

Ал жергілікті тұрғындар бұл мәселені айта-айта шаршаған секілді. Жергілікті тұрғындар демекші, олар алтын шаюшы­лардың Қалжыр өзеніне ойына келгенін істеп жатқанын, өзен арнасын бұрып тастағанын өткен жылы да видеоға түсіріп, жанайқайын жеткізген болатын. «Мынау Қалжыр­дың бұрынғы орны. Алтын жуып жатыр. Өзеннің орны бұрын КамАЗ тұрған жерде болған. Біз осы жердің адамдарымыз, жақсы білеміз. 2 жыл болды, осында келіп, заңсыз алтын қазып жатыр» деген болатын былтыр сол маңдағы ауыл тұрғын­дары­ның бірі. Осы шағым­нан соң Экология департаментінің қызметкерлері жедел түрде оқиға орнына барып, өзеннен 2-3 шақырым жерде орналасқан «ГРК МЛД» ЖШС-іне жоспардан тыс тексеру жүргізген еді. Сол кезде департамент мамандары Алтай ауылынан 5 шақырым жердегі өзен ағысынан жоғары жерде техниканы қолда­нып, рекультивациялық жұмыстарды жүр­гіз­ген пайдалану­шылардың қалдырған ізін анық­тағанын айтқан-ды. Демек, Күршім ауданында алтынды заңсыз қазу соңғы бір-екі жыл көлемінде емес, одан бұрыны­рақ басталған секілді. Мұны осы жақтың тұрғындары да растайды. «Біздің білгеніміз – соңғы екі-үш жылдың жүзі ғой. Алтынды оған дейін де қазған дейді. Қазғанда да қалай болса, солай қазған дейді. Кейін халық шулады, бірақ бәрінің аузын жауып тастады. Бұл – Қалжырдың басына төнген үлкен қасірет. Айттың не, айтпадың не? Сіздер жазғанмен ештеңе өзгермейді. Был­­­тыр мұны, КамАЗ-ды Қалжыр­дың ортасына қойып, алтынды шайып жатқанын осы жақтың бір жігіті жақсылап видеоға түсірген. Одан артық қандай дәлел керек?», – деді Қалжыр ауылының бір тұрғыны. Бірақ атын жазбауымды өтінді. Мектепте жұмыс істейтінін айтты. «Атымды жазбай-ақ қой. Былтыр журналистерді шақырам деп бәлеге қалғанмын. Ішкі саясат бөлімі соңыма түсіп, әрең қойдырғанмын. Сөй­леуге, бірдеңе айтуға қорқамыз. Бірінің баласы бар, бірінің анасы бар.  Қалжырдың жағдайын жалғыз Күршім емес, бүкіл ел біліп отыр ғой. Өткенде су лайланғанда сұмдық лайланды. Қолыңа ұстасаң, кәдімгідей иісі білінді. Қазір сол лайланған су Ертіске құйып жатыр. Қалжырдың бас жағындағы Қызыл ащы деген жерде алтын шайып жатыр. Қазір суда балық жоқ. Бұрын Қалжырдан су тасып ішуші едік. Қазір оны да қойдық. Бұл Қалжыр ең таза өзен еді. Өйткені оған сайлардан 60-70 бұлақ құйылады. Мөп-мөлдір, түбінен тас көрініп жататын. Көз алдымызда құрып бара жатқаны жанға батады», – дейді атын айтуға жасқанған ауыл тұрғыны. Қалжыр өзеніндегі жағдай аудан, облыс тұрғындарын ғана емес, Парламент Мәжілісі депутаттарын да алаңдатып отыр. «Бұл мәселені Күршім ауданы жұртшылығы көтергеніне 2-3 жыл болды. Қайталанбас экожүйесі қыл үстінде тұр. Қалжыр мен Күршім өзендері еліміздегі керемет, әсем таулы өзендер. Облыстың басшылығы бұл проблеманы елеп отырған жоқ. Азамат­тардың айтуынша, құқық қорғау органдары да бұл мәселеге өте селқос қарайды. Бүйте берсек, Қазақстандағы бірегей екі өзеннің флорасы мен фаунасынан айырылып қалу қаупі бар. Бас прокуратура мен Экология министрлігінен бірлескен топ жіберуін талап ететін боламын. Жергілікті жердегі мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары өте селқос, немқұрай­дылық, салақтық танытып отыр» деп жазды өзінің Facebook-тегі парақшасында белгілі саясаттанушы, Парламент Мәжі­лісі­нің депутаты Ерлан Сайыров. Белгілі журналист Мақсат Толықбай да өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Қалжыр өзенінің қазіргі аянышты жағ­дайын бейнелеген 8 минуттық видео жариялады.

ТҮЙІН:

«Жағдай бұдан әрі ушықпай тұрғанда, Қалжыр өзенінде алтын шаю жұмыстары тоқтатылсын. Ел басындағы азаматтарға ай­тар тілегіміз – осы», – дейді Күршім ауданы­ның тұрғындары.

Ел тілегі ескерусіз қалмайды деп сенеміз.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы