Астық көп болса да, биыл нан бағасы неге қымбаттайды?
Астық көп болса да, биыл нан бағасы неге қымбаттайды?
Фото: eldala.kz
395
оқылды

«Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» диқандардан бидайды сатып алу бағасын көтерді. Ал жеке компаниялар нарықты жаулап алу үшін диқандарға одан да жоғары ұсынып жатыр. Оның бәрі айналып келіп дүкендегі ұн мен нанның бағасын өсірері сөзсіз дейді мамандар. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Солтүстік Қазақстан облысының диқаны Марат Қарымсақов биылғы өнімін жылдағыдан қымбатырақ сатуға құлықты. Өйткені биылғы өнімі былтырғыдан 25 пайыз кем. Оның үстіне жергілікті жеке компаниялар нарықты ертерек игеру үшін одан да жоғары баға ұсынып әлек.

«110-115 мыңнан сатып аламыз деп жатыр. Керек десе, өздері келіп алып кетпекші. Менің астық алқабымның әлі 60 пайыздан астамы жиналған жоқ. Ауа райы астықтың толық жетіліп пісуіне мүмкіндік беріп тұр. Оған дейін баға да тағы өсе түссе бізге жақсы», – дейді шаруа.

Қазақстан астығының негізгі операторы – «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» былтыр бидай тоннасын 83 мың теңгеден алса, биыл 103 мыңға дейін көтерді. Ол шаруалардың банк алдындағы қарызын жабуға немесе техникалық жарақтарын қамдап алуға жеткілікті. Бірақ ол ақша дүкендердегі азық бағасына барып қосылады дейді мамандар.

Қазақстан астық одағының өкілі Евгений Карабанов: «Біздің Үкіметтің шаруалардың қаржылық шығынын өтейтін мүмкіндігі жоқ. Жалғыз жолы – әлеуметтік маңызы бар азық түрлерінің бағасын барынша қалтаға қолайлы деңгейде ұстап тұру. Оның үстіне бағаның өсуіне келсек, ол астық бағасының өсуіне ғана байланысты емес. Көлік ақысы, жанармай, электр жарығы, жалақы және басқа да толып жатқан жанама әсерлер бар», – дейді.

Мамандар биыл қуаңшылық салдарыннан қамбаға астық шамамен 25 пайыз кем түсуі мүмкін дейді. Ал мал азығы тіпті 30-дан 50 пайызға дейін кемуі ғажап емес. Астыққа қатысты тағы бір мәселе – биыл аз түссе де, ішкі нарықты толтыруға жеткілікті.

Себебі, былтырғыдан қалғанын қоса алғанда тағы 6 жарым миллион тоннасын сыртқа сатуға болады. Біздің бидайымыз бен ұнымыздың негізгі тұтынушысы Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан болып келген еді. Ауған нарығы ондағы жағдайға байланысты жабылып қалды. Енді біздің диқандар 3 миллион тонна астықты қайда жіберерін білмей дағдарып отыр.