Astana Open ATP 250 турнирі басталды
Astana Open ATP 250 турнирі басталды
155
оқылды

Еліміздің басты теннис аренасы Ұлттық теннис орталығында Astana Open ATP 250 турнирі өтіп жатыр. Елордадағы жарысқа әлемнің бірқатар үздік теннисшілері келді. Атап айтқан­да, ресейлік Аслан Карацев (24), сер­бия­лық Филип Крайнович (38) пен Душан Лайович (40), былтырғы Astana Open чемпионы – аустралиялық Джон Милман (43), франциялық Пер Бенуа (49), италиялық Лоренцо Мусетти (58) және тағы басқа да спортшылар осы турнирде бақ сынайды.

Astana Open WTA 250 додасының жүлде қоры 235 мың АҚШ долларын құрайды. Мұнда жекелей сын жеңімпазының өзі 29 200 долларға ие болады. Финалға шыққан ойыншыға 16 398 АҚШ доллары беріледі. Жұптық бәсеке чемпиондары 10 300 долларды бөліп алады, ал финалистер 6 мың долларды бөліске салады. Жарысқа қатысып, бірінші айналымнан ары аса алмаған теннисшілер 1 750 доллар алады. Бұл сында қазақстандық жанкүйерлер еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бубликке ерекше үміт артып отыр. Осы жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген Александр доданы екінші айналымнан бастайды.  Ол екінші айналымда испаниялық Фернандо Вердаско немесе сербиялық Миомир Кецмановичтің біреуімен кездеседі. Турнирдің бірінші ракеткасы болып тіркелген ресейлік Аслан Карацев, сондай-ақ сербиялықтар Душан Лайович пен Филип Крайинович те турнирге бірден екінші айналымнан қосылады. Тағы бір отандасымыз Михаил Кукушкин аустралиялық Джеймс Даквортпен кортқа шығады. Astana Open ATP 250 турнирінің өткен жылғы чемпионы, аустралиялық Джон Миллман іріктеу сайысы жеңімпазы Дмитрий Попкомен шеберлік байқасып, отандасымызды жарыс жолынан шығарды. Ал Қазақстан чемпионы атанып, жарысқа арнайы шақырту алған Тимофей Скатов италиялық Андреас Сеппиді жеңіп, турнирде кішігірім сенсация жасады. 2 сағат 56 минутқа созылған текетірестің нәтижесі 7:6, 4:6, 6:1 есебімен 10 жастағы Скатовтың пайдасына шешілді. Денис Евсеев Astana Open ATP 250 іріктеу кезеңінің бірінші айналымында украиналық Илья Марченконы екі сетте жеңгенімен, екінші айналымда Денис аустралиялық Марк Полманстан айласын асыра алмай, жарыс жолынан шығып қалды. Ал Григорий Ломакин швециялық Элиас Имерге есе жіберді. Әзірге Astana Open ATP 250 турнирінде үш теннисшіміз қалды. Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының (ATP) жаңартылған ресми күнтізбесіне енгізілген аталмыш дода елордада осымен екінші рет ұйымдастырылды. Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польскийдің айтуынша, ATP-ның директорлар кеңесі мен қатысқан ойыншылар өткен жылғы осы жарыстың деңгейін жоғары бағалаған.
– Пандемияның қайтадан кең таралуына байланысты биыл күзде Қытайда көптеген жарыс өтпейтін болды. Бұған алаңдаған ATP басшылығы біздің бір жарысты өткізуге келісім бергенімізге ризашылық білдірді. Бұл – біз үшін жақсы мүмкіндік, мұндай жарыстар ең алдымен жастарға жол ашады, – дейді Юрий Польский.
Айта кетейік, АТР 250 әлемдік турына жылына 40 кәсіби ерлер жарысы  кіреді. Жоғарыда атап өткеніміздей, Нұр-Сұлтандағы турнир жеңімпазы АТР рейтингінде 250 ұпай еншілеуге мүмкіндік алады. Былтыр қараша айында өткен бірінші ATP 250 Astana Open жарысында аустралиялық Джон Миллман топ жарған болатын. Бұл оның мансабындағы ATP турындағы тұңғыш жүлдесі болды. Миллман елордадағы дарыстың финалында франциялық спортшы Адриан Маннаринодан 7:5, 6:1 есебімен басым түскен еді. Осы жеңістің арқасында ол 2020 жылы АТР турнирінің жүлделерін ұтып алған элиталық чемпиондар тізіміне енді. Жанкүйерлер үшін қуанышты жаңалық, жарысты ұйымдастырушылар балаларды шектеулі көлемде кортқа кіргізетінін хабарлады. Алдымен олар барлық санитарлық талаптарға сәйкес ПТР-тест тапсырады. Сөйтіп, бүлдіршіндер сүйікті теннисшілерінің ойындарын жақыннан көруге мүмкіндік алады. Өкініштісі, ересек жанкүйерлер жарысты алаң жиегінен тамашалай алмайды. Дегенмен Қазақстан теннис федерациясы барлық матчты ҚТФ сайты мен Qazsport телеарнасында көрсетуді ұйымдастырды. Екі апта бойы Қазақстан әлемдік теннистің назарында болады. Ерлер арасындағы Astana Open ATP 250 теннис додасы 26 қыркүйекте мәресіне жетеді. Одан кейін әйелдер арасында WTA 250 турнирі өтеді. Еліміздегі кезекті теннис жарысы осы спорт түрінің барша жанкүйеріне ұмытылмас әсер сыйлайды деген үміттеміз. Ал турнирге қатысып, әлемдік рейтингтегі орнын жақсартуға талпыныс жасайтын отандық теннисшілерімізге сәттілік жолдас болғай.

Абылайхан ЖҰМАШ