Ауғанстаннан келгендердің әрқайсысына 200 мың теңгеден астам ақша береді       
Ауғанстаннан келгендердің әрқайсысына 200 мың теңгеден астам ақша береді       
257
оқылды

Ауғанстаннан эвакуацияланған этникалық 4 отбасы мен жалпы саны 35 адам «Алматы-Петропавл» бағытындағы пойызбен Көкшетау вокзалынан түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Ауған елінен келген қандастар өңірдің бірнеше аудандары мен Көкшетау қаласына орналастырылмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі миграция комитеті төрағасы орынбасарының айтуынша, елге жеткізілген қандастар алдымен Алматы қаласында бір апта карантинде болып, одан кейін өз қалаулары бойынша Ақмола облысына жеткізілген. «Президенттің тапсырмасына сәйкес 9 қыркүйек күні Ауғанстан Республикасында тұратын этникалық қазақтар Қазақстанға көшірілді. Бір апта бойы Алматыда арнайы карантиндік режимде болды.  Өздерінің таңдауы бойынша, жергілікті әкімдіктің қолдауымен Ақмола облысының үш ауданы мен Көкшетау қаласына көшіп келіп жатыр. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы арнайы вагон бөліп, адамдардың көшуіне жәрдемдесті. Алматы қаласы әкімдігі, Ақмола облысы әкімдігінің, сондай-ақ, Еңбек министрлігінің қолдауымен этникалық бауырларымызды көшіруге көптеген жұмыстар атқарылып келді. Бұл өңірге оралмандарға квота бөлінуіне байланысты қандастар осы Ақмола облысын таңдады», – дейді Еңбек және миграция министрлігінің көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абдулхакин. Өңірге келген қандастарды да әңгімеге тарттық. Олар Ауған жеріндегі соңғы кездегі аумалы-төкпелі жағдайдан қатты қиындық көргенін баса айтты. «Елге атамекенімізге оралуға көмектескен Қазақ еліне шынайы алғысымызды білдіреміз. Біз талибандар Кабулды басып алғаннан кейін үлкен қиямет-қайым қиыншылық көрдік.  Бейбіт тұрғындар талибандардан қысымға ұшырады. Жылы орындарын тастап, халықтың көбі беті ауған жаққа босып жатты. Осындай қиын тұста бізді қараусыз қалдырмай, елге - туған атамекенімізге келуге мүмкіндік берген Қазақ еліне рақметімізді айтамыз», – дейді Ахмади Файзолла есімді қандастардың бірі. Қандастарға Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК, яғни, 204 190 теңге мөлшерінде қаражат берілмек. Ақмола облысының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы басқа да көрсетілетін көмектер жайлы баяндап өтті.

«Ауған жерінен тарихи Отанына оралған қандас 4 отбасымен 35 адамды қарсы алып отырмыз. Оларды облыстың төрт өңіріне бөліп жатырмыз. 10 адам тұратын бір отбасы Көкшетау қаласына орналастырылады. Қалғандары Атбасар ауданының Мариновка селосына, Бурабай ауданына және Сандықтау ауданына қоныстандырылмақ. Бұл аудан әкімдері өз аудандарына қоныстануына ниетті екендіктерін білдірді. Өздеріңіз білетіндей, қандастарымыз елге оралғанда әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК, яғни, 204 мың теңге сомасында бір реттік әлеуметтік төлем беріледі. Сондай-ақ алдағы бір жылда тұрғын үйлерді жалдау және коммуналдық төлемдерді төлеу үшін 15 АЕК-тен 30 АЕК дейін ай сайын төлем жасалады. Қандастар, сонымен қатар, тұрғылықты жерде жұмыспен қамтылып, балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға да назар аударылып отыр», – дейді басқама басшысы Дина Ахмеджанова.

Қандастарды Көкшетау қаласындағы «Новопэк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де жұмысқа қабылдауға әрі жатақханамен қамтамасыз етуге дайын екендіктерін білдірді. «Біз өз тарапымыздан этникалық қандастарымызды қарсы алуға әзірлендік. Екі бөлмелі жатақхана бөліп, жиһаздарын толығымен дайындадық.  Азық-түлік, киім-кешектер де қойылды. Біздің компания барлық отбасы мүшелерін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге әзір. Қазіргі күні біздің өндіріс орнында бос жұмыс орындары жеткілікті. Соған орай, біздің шығаратын өнімдерімізге қарай оператор-экструдор, тігінші сияқты жұмыс ұсынылады. Олардың қабілет-қарымына қарай  оқыту кезінде 60 мың теңге және одан әрі жұмыс тәжірибесі артқаннан кейін одан әрі арта береді», – дейді «Новопэк» кәсіпорнының өкілі Эльмира Олеговна. Қазіргі уақытта 4 отбасы бөлінген аудандарға жеткізіліп, орналастырылуда.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы