Шымкенттегі «Көмек» дағдарыс орталығының жұмыс істеп жатқанына 3 жыл болды. Орталық директорының айтуынша, пандемия кезінде зорлық-зомбылыққа ұшырап, зәбір көргендердің саны 2 мыңнан асқан. Орталықтың көмегіне жүгінген қыз-келіншектер ғана емес, балалар да бар. Олардың әрқайсысының көрген қиындығы әртүрлі. Озбырлық көргендердің құқығын қорғап, әділдік іздеген мекеменің заңгері Данияр Жиенбаев өгей әкенің зорлығынан сотталғалы тұрған ананың тағдыры туралы айтып берді.
Осы жылдың қаңтар айында әйел 12 жастағы қызымен бірге орталықтың көмегіне жүгінген. Азаматтық некеде тұратын күйеуі әйелді де, қызды да зорлап келген. Қазір бұл іс бойынша өгей әке емес, жасөспірімнің анасы жауапқа тартылмақ.
Оқиға осыдан бір жыл бұрын болған. Күйеуі бірнеше жыл бұрын жол апатына түсіп, қайтыс болыпты. Уақыт өте жесір әйел бір азаматпен танысып, бірге тұра бастайды. Бастапқыда бәрі жақсы болған. Қиындықтың бәрі карантин кезінде басталған. Ол кезде қызы 12 жаста еді. Үйден шықпаған еркек қатты іше бастаған. Ештеңеге көңілі толмаған. Көңіл-күйі болмай, ашулануы да жиілей түскен. Сөйтіп үйге мас болып келуін тоқтатпаған. Бірде қатты ашуланған ол әйелді де, қызды да зорлап тастайды. Бұл жағдай жиі қайталанып отырған. Әлгі еркек әйел мен қызды бір жыл бойы зорлап келген. Қаныпезер еркек анасына қызын, қызына анасын өлтіретінін айтып қорқытып, соққының астына алып отырған. Тіпті, біреуге тіс жарып айтса, жазаға тартылмайтынын да жеткізген. Себебі оның тамыр-танысы көп еді. Тіпті, жергілікті полициямен да жақсы араласқан. Оның үстіне, ол ешуақытта сыртқа екеуін бірге жібермеген. Біреуі сыртқа шықса, екіншісін тұтқында ұстап отырған. Ақырында екеуі "ауруханаға барамыз" деген сылтаумен үйден қашып шыққан.
– Қайта қыз дәлелді айғақтарды тығып алып шыққан. Соның арқасында іс қозғалды. Айғақтарды полицияға өткізіп, сотқа бердік. Шыны керек, тергеу барысында полиция қызметкерлері маған сенбей, күдікпен қарады. Қайта-қайта құжаттарды тексеріп, заңға сәйкес жәбірленушілерге мемлекеттік адвокат берілді деп мені тергеуге қатыстырмады. Жеме-жемге келгенде, олардың айтатыны: «Бұл өте ауыр қылмыс, іс жабулы. Кінәсін дәлелдеңіздер, енді сіздерге не керек?». Соған қарамастан оларды жалғыз қалдырмай, барлық жерге еріп жүрдім. Өйткені арасында әлгі азаматтың ағайын-туысы келіп, қорқытып-үркітіп кетеді. Қарғап-сілеп, ақыры әйелді өз-өзіне қол салуға дейін итермеледі, – дейді Данияр Жиенбаев.
Оның айтуынша, сол кезде карантин болып жатқанына қарамастан сот отырысы оффлайн өткен. Тергеушілердің қолында нақты айғақтары болса да, әйелге қысым көрсетіп, басынан өткен зорлықты тәптіштеп сұрады. "Жәбір көрген екен. Неліктен бірден полицияға хабар бермеген" дегенді бетіне басты. Мұның ондай қадамға неге барғаны әу басында айтылған болатын. Ақырында прокурор зәбір көрушінің сөзін сөйлеудің орнына, әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғады. Балаға істеген қорлықты көре тұра үн қатпағаны үшін, қылмысты жасырғаны үшін жауапқа тартылмақ.
– Әрине, азамат қылмысы үшін сотталады. Бірақ қанша жылға? Мәселе – осында. Бейне бір конвейерге түскендейміз. Зорлық-зомбылық жасалса, полицияға хабарланады, іс сотта қаралады, қылмыскер түрмеге түседі. Бірақ қанша жылға, не үшін жазаланғаны нақты көрсетілмейді. Бастысы, ашылған іс жабылса болды. Ал педофилдің өзін психологқа қаратып, бұлай істеуіне не себеп болғанын ешкім анықтамайды. Сондықтан мұндай қылмыстар елімізде тыйылар емес. Сол үшін педофилдерге заңды қатайту керек, – деді ол.
Сонымен қатар қылмыскер әйелді әулетінен ажыратып, араластырмай қойған. Оның атынан бірнеше несие де алып тастаған.