«Шаңырақ» мәдени-сауық орталығының директоры мен кассиріне қатысты үкім шықты. Бұл туралы AstanaTV хабарлайды.
Олар 2 жыл бойы жалған құжаттар жасап, қазынадан 40 миллион теңге жымқырған. Алайда сотталушылар кінәсін мойындамады. Судья олардың жасы мен шығынның бір бөлігін қайтарғанын ескеріп, жазаны жеңілдеткен.
Павлодар қалалық №2 сотының бас маманы Гүлсім Ақтаева: «Олар сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде, қызмет бабын пайдалана отырып, адамдар тобында алдын ала сөз байласу арқылы талан-таражға салу фактісі бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 7 жыл мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деді.
Телеарнаның мәліметінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі 2 жыл бұрын «Шаңырақ» мәдени-сауық орталығының директорына қатысты қылмыстық іс қозғаған.
Орталық директорының мемлекетке 10 миллион теңгеден астам шығын келтіргені және бұл іске басқа да лауазымды тұлғалардың қатысы бар екені айтылған болатын.