Сенаторлар жәрдемақыға мұқтаж азаматтардың жағдайын жақсартуды көздеп отыр
Сенаторлар жәрдемақыға мұқтаж азаматтардың жағдайын жақсартуды көздеп отыр
Фото: Е.Үкібаев
156
оқылды

Онда депутаттар қазақстандықтарды әлеуметтік қорғауды күшейтуге және Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға қатысты бірқатар заң жобаларын қарады.

Енді ерекше қажеттіліктері бар балалар мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды бір мезгілде ала алады. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік жеңілдіктер топтамасын беру және әлеуметтік қызметтер порталы арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге кепілдік беріледі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсартатын осы және басқа да бірқатар жаңалықтар бүгін сенаторлар мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда жазылып отыр.

«Қабылданған Заң мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың, оның ішінде балалардың жағдайын жақсартуға, әлеуметтік теңсіздіктерді жоюға, қолданыстағы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін одан әрі жетілдіруге арналған. Алдағы уақытта осы заң мүмкіндіктері шектеулі азаматтарымыздың және ерекше қажеттілігі бар балалы отбасылардың құқықтарын қамтамасыз етуге, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Сенаторлардың жұмысында экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері басымдықтардың бірі болып табылады. Бүгінгі отырыста «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» тағы бір заң қабылданды. «Еліміз үшін Каспий теңізінің стратегиялық маңызы зор. Сондықтан оның экологиялық жағдайы қашанда басты назарда. Осы ретте бүгін қабылданған заң теңіз бен жағалауының ластануына жол бермеуге жұмыс істейді, оның биологиялық әралуандығын сақтауға және табиғи ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы. Отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жария етті. Мәселен, Мұрат Бақтиярұлы мәслихат хатшыларының, тексеру комиссиялары төрағаларының және әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жалақысындағы сәйкессіздік проблемасын көтерді. Ғұмар Дүйсембаев республикалық бюджетке жыл сайынғы алып қоюды азайту есебінен донор өңірді дамыту бюджетінің мөлшерін қайта қараудың маңыздылығын атап өтті. Андрей Лукин тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру және автоматтандыру, аудит субъектілерінен ақпарат жинау, өңдеу процесін цифрландыру бойынша шаралар қабылдауды ұсынды. Сенатор Алтынбек Нұхұлы мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдық мерейтойын мерекелеудің маңыздылығын, ал депутат Нұржан Нұрсипатов еліміз құрамасының Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарына дайындығы туралы мәселелерді жария етті.