«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің мүшесі Бота Елеусізова қосымша баяндама жасады.
Сараптамадан өтпеген етті қоғамдық тамақтандыру орындарында пайдалануға шектеу қойылады – Бота Елеусізова
Фото: Құрылтай отырысының тікелей эфирінен скриншот
329
оқылды

Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың барлық тұрақты Комитеттері өз қорытындыларын ұсынды. Мүдделі органдардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен жұмыс тобының 4 отырысы және Комитеттің кеңейтілген отырысы өткізілді.

Заң жобасының негізгі ережелеріне қосымша ретінде, онымен жұмыс істеу барысында депутаттар мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды күшейтуге, жануарлар ауруларының алдын алу тиімділігін арттыруға және өнім қауіпсіздігі мен адам денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды түзетулер енгізді.

Атап айтқанда, мал қорымдарына, сою нысандарына, өнім мен шикізат сақтау орындарына, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне және бюджеттен қаржыландырылатын іс-шараларға қатысты бақылауды Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын қолданбай, тікелей салалық заңнама аясында жүзеге асыру ұсынылады.

Тасымалданатын нысандардың қауіпсіздігі мен қадағалануын қамтамасыз ету шаралары күшейтіледі. Сонымен қатар  ветеринариялық құжаттарсыз тасымалданатын өнімдерді тексеру, диагноз қою немесе сараптама жүргізу кезеңінде уақытша алып қою мүмкіндігі қарастырылуда.

Өнім айналымының барлық кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық тамақтандыруға арналған ауыл шаруашылығы жануарларын арнайы белгіленген нысандардан тыс жерде союға тыйым салынады. Сондай-ақ ветеринариялық сараптамадан және сою алдындағы қарап-тексеруден өтпеген өнімдер мен шикізатты қоғамдық тамақтандыруда пайдалануға шектеу қойылады. Мал сою алаңдары кейінге қалдыру мерзімін белгілей отырып, жануарларды союға арналған орындар қатарынан шығарылады.

«Жануарлардың аса қауіпті ауруларына күдік туындаған жағдайда, нақты диагноз қойылғанға немесе карантин енгізілгенге дейін уақытша ветеринариялық шараларды (жануарларды оқшаулау, союды, сақтауды, тасымалдауды тоқтата тұру) қолдану көзделген. Өнім қауіпсіздігін арттыру үшін өнімді жануарларға адамдарды емдеуге арналған антибиотиктер мен өсу стимуляторларын қолдануға тыйым салынады», – деді Құрылтай депутаты Бота Елеусізова. 

Сондай-ақ  ветеринария саласындағы субъектілердің жауапкершілігі артады: ұйымдастырылған шаруашылықтардың штатында міндетті түрде ветеринариялық дәрігердің болуы немесе оны тарту талап етіледі. Ветеринариялық-санитариялық сараптаманы жүзеге асыруға арналған лицензияның кіші түрлері қызмет түріне (ет, сүт, балық, жұмыртқа және т.б.) қарай нақтыланады.

Зертханалық диагностика сапасын арттыру үшін Ұлттық референттік орталыққа ауру қоздырғыштарының микробқа қарсы препараттарға төзімділігін анықтау функциясы беріледі. Бұған қоса, ведомствоның және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарын арнайы киім-кешекпен, фото-бейнетүсірілім құралдарымен қамтамасыз ету қарастырылған.