Әлемнің өзге елдерінде тұратын қазақтар халқымыздың ұлттық тағамдарын қалай дайындайтынын, қандай азық-түлікті пайдаланатынын, ұқсастығы мен айырмашылығын айтып берді.
Корейлік азаматқа тұрмысқа шыққан Диананың Оңтүстік Кореяда тұрып жатқанына жеті жылдың жүзі болыпты. Қазір ол үш қыз өсіріп отыр. Өзі сату бойынша кеңесші болып жұмыс істейді. Сонымен қатар Instagram, Facebook парақшаларында блог жүргізеді.
Диананың сөзінше, ол жұма сайын әрі Құрбан айт кезінде жеті шелпек пісіріп, иіс шығарып тұратыны бар. Үй іші түгел шелпекті де, бауырсақты да жақсы көреді. Айтуынша, оларды палаумен таңғалдыра алмаймыз. Корей елінде соған келетін «поккым пап» дейтін тағамы бар. Яғни, қуырылған күріш ащы кимчимен (орамжапырақ) беріледі. Тек етсіз. Ал оларда манты негізгі тағам ретінде емес, тіскебасарға қойылады.
– Мұндағы жұртшылық негізінен шошқа етін, тауық, балық және теңіз өнімдерін жейді. Ал жергілікті сиыр етінде қаны көп болады. Біздегідей дегдітіп, жаймайды. Оның үстіне, сиыр мен жылқы еті қымбат тұрады. Одан гөрі мұздатылған америкалық сиыр етін тапсырыспен алған дұрыс. Бешбармақ, лағман, самсаны сағынғанда орыс мейрамханасына барамыз. Жалпы, күйеуім бешбармақты қазымен жегенді ұнатады. Бірақ бұл жақта қазы сатылмайды. Оны тек Моңғолиядан келген иммигранттар тапсырыспен дайындап береді. Алайда дәмі біздің қазыдай емес. Чеджу аралында ғана жылқы ұстайды. Міне, сонда жылқының етін тарту ететін кафе бар. Онда біздегідей пісірмейді, тілімдеп кесілген жылқы етін шикі күйде береді. Корейліктер аузының суы құрып жейді. Олардың бұл әрекетін алғаш көргенде жабайылық деп ойладым, – дейді ол.
– Шынын айтсам, Францияда ет өте қымбат және біздегідей құнарлы әрі дәмді емес. Сондықтан ет көп аспаймын. Арасында кеспе көже, жент, бауырсақ, шелпек пісіріп тұрамын. Мантоварка болмаған соң, мантыны тапаға пісіремін. Дәмді шығады. Ірімшік таба алмаған соң үйде жасаймын. Біраз уақыт айран да таппадым. Жергілікті айранның дәмі біздікіне мүлдем келмейді. Ақыры түрік дүкенінен бір айран алдым. Дәмі дәл біздегідей болмаса да ішуге келеді, – дейді Жанар.
– Бүкіл азық-түлік елден келеді. Өйткені аралда қара бұрыш пен пияздан басқа ештеңе жоқ. Үйден тамақ келгенде ет асып, жапондық достарымды қонаққа шақырамын. Бастапқыда жылқы еті мен қазыны жегенімізді көріп, қатты таңданған. Қазір үйренді, – дейді Жапонияның Хоккайдо аралында тұратын Қазбек.
– Мұнда жылқы етін сатуға тыйым салынған, сол үшін сатылмайды. Қолдың майы, ірімшік, айран деген тағы жоқ. Осыны дайындау үшін арнайы курс өттім. Шелпекті жеген жолдастарым үндінің шелпегіне ұқсатты. Ал бауырсағымызды пончикке келетінін айтты. Жалпы, АҚШ-тың ірі қалаларында қазақтың ұлттық мейрамханасын табуға болады, – деді ол.
Әсел қазір Үндістанның Сингапур қаласында тұрады. Сол жақтағы оқуға түскен қыз, тұрмысқа шығып, қалып қойған.
– Үйде анам органикалық сүттен айран ұйытып, құрт жасайды. Балаларым тіскебасар ретінде құртты сабаққа барарда салып алады. Әрине, күйеуім біздің тағамдарды асқазанға ауыр деп есептейді. Сондықтан аптасына бір рет қана дайындаймын. Бірақ ол бешбармақты қамырсыз, еттің өзін асып жегенді ұнатады. «Ең пайдалы тағамның бірі – ет» дейді ол. Ал үйге келген қонақтарға әрқашан палау, манты пісіріп беремін, – деді Әсел Village-ге берген сұхбатында.