Жамбыл облысы экономикалық өсім бойынша екінші орында. Республикалық көрсеткіште көш бастап тұрған – Алматы облысы. Ал Әулиеатаның сегіз айдағы экономикалық өсімі 105,3 пайыз болған. Бұл жөнінде Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баян етті.
– Есепті кезеңде өнеркәсіп саласындағы өсім 6,2 пайызға, ауыл шаруашылығы – 1,0 пайызға, құрылыс – 11,3 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй – 6,0 пайызға, инвестиция көлемі – 20,2 пайызға, сауда 4,4 пайызға артып отыр. Көлік саласында да көрсеткіш өткен жылдың тиісті деңгейімен салыстырғанда 4,5 пайызға өскен. Сондай-ақ халықтың жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табысы биылғы бірінші тоқсанда 89,4 мың теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 17,2 пайызға көбейді. Ал орташа айлық жалақы екінші тоқсан бойынша 203,8 мың теңгені құрап, атаулы көріністе 25,8 пайызға өсті, – деді Г.Жауынбекова. Ал Қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиев бірінші қыркүйектегі жағдай бойынша облыс бюджетінің кірістері 296,7 миллиард теңгеге немесе 104,8 пайызға орындалғанын мәлімдеді. Сонымен қатар меншікті кірістер 64,7 миллиард теңге немесе 126,7 пайызды межелеген. Бұл облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың ішінде 3-орынды көрсетіп тұр. – Меншікті кірістер жоспары жергілікті бюджеттердің барлығында артығымен орындалды. Облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 299,9 миллиард теңгеге немесе 99,7 пайызға игерілді. Бұл – облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың ішіндегі 2-көрсеткіш, – дейді басқарма басшысы. Мұндай жағымды жаңалыққа облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та оң бағасын беріп отыр. Алайда аймақ басшысы қарқынды бәсеңдетпеуді ескертуде. – Сегіз айдың қорытындысы бойынша нәтиже жаман емес. Жалпы, экономикалық өсім бойынша республикада екінші орындамыз. Дегенмен біз облыстың әлеуетін әлі де толығымен пайдалана алмай отырмыз. Тоғыз айдың және жылдық қорытындымен де барлық көрсеткіш бойынша республикалық мәннен төмен болмауымыз керек. Ол үшін жұмысты күнделікті бақылап, саралап отырыңыздар. Қаржы толығымен игерілуі тиіс, – деді Бердібек Машбекұлы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында. Бұл басқосуда коронавирус індетіне қатысты мәселелер де күн тәртібіне көтерілді. Әсіресе, бүгінгі таңға дейін 146 мектеп оқушысының кесел жұқтырғаны туралы ақпарат жиылғандарды елең еткізді. – Бүгінде дейін облыста 19 480 адам коронавирусқа шалдықты. Олардың 94,2 пайызы сауығып шығып отыр. Соңғы тәулікте 55 адам ауырды. Қазір 1 135 науқас ем қабылдауда, – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиев. Бердібек Машбекұлы өңір «жасыл» аймаққа өтті деп босаңсуға болмайтынын қатаң ескертті. – Мұндай жағдайда дезинфекциялық шараларды күшейту маңызды. Мектептердегі санитарлық талаптардың сақталуына да айрықша ден қойыңыздар. Айдың соңына дейін екпе алған тұрғындардың санын 90 пайызға жеткізуге тиіспіз. Сол бойынша жұмысты күшейту қажет, – деді облыс әкімі. Әрине, сақтық шараларын күшейткен жөн. Себебі жағдай қайта күрделене түсетін болса, Қордай мен Меркі аудандарынан қосымша оттегі стансаларын ашу мәселесі туындап отыр. Сондықтан жауаптылар өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды деп сенеміз.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы