Қызылордада 350 мың адам санаққа қатысты
Қызылордада 350 мың адам санаққа қатысты
© коллаж: Елдар Қаба
181
оқылды

Биыл елімізде үшінші кезекті ұлттық халық санағы жүріп жатыр. Осы жылдың 1 қыркүйегінде басталған науқанға Қызылорда облысынан 350 мыңға жуық тұрғын қатысып, респонденттер онлайн санақтан өткен.

Биылғы халық санағы пандемия жағдайына байланысты онлайн форматта өтіп жатыр. Ерекше атап өтетін жайт, санақтан өту бары­сында азамат өзімен бірге отбасы мүшелері үшін де санақ парақшасын толтыра алады. Яғни, sanaq.gov.kz сайтына бір рет қана тіркеліп, отбасы мүшелерін қамту мүмкіндігі қарастырылған. Жалпы, Қызылорда облысы әкім­­шілік-аумақтық бірліктердің тізбесіне 7 аудан, 4 қала, 2 кент, 142 ауылдық округ және 230 елді мекен кіреді. Бүгінде барлық қала, аудан­дардағы көшелердің атауын, квар­талдардың, үйлердің және пәтер­лер­дің нөмірлерін ретке келтіру, тұрғын жайларды аншлагпен қам­тамасыз ету жұмыстары жүргізілген. 1-30 маусым аралығында сұхбат­шылар тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыс­тар­дың, сон­дай-ақ ондағы тұратын тұр­ғын­дар­дың нақты санын анық­тау мақса­тында әрбір елді мекенді аралап, санақ объектілері туралы мәлімет­терді планшет құрылғысын пайда­ланып электронды базаға енгізді. Санақты жүргізуге қажетті қала, аудандарда бөлінген санақ бөлім­дері қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған, оларға мектеп ішінен ка­бинеттер уақытша бөлініпті. Бір ғана Қызылорда қаласының өзін­де­гі 10 санақ учаскесі ашылып, са­­нақшыларға жағдай жасалыпты. Халық санағының I кезеңін өткізу үшін 42 нұсқаушы, 24 нұс­қаушы-бақылаушы және 166 сұх­батшы уақытша жұмысқа қабыл­данып, оқыту жұмыстары жүргі­зілген екен. Ұлттық санақтың алғашқы ке­зеңі аяқталуға жақын. Бұл кезеңге арналған sanaq.gov.kz мамандан­дырылған сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болады дейді облыстық Статистика депар­таментінің басшысы Мариям Бае­кеева. Ал ІІ кезең дәстүрлі жаппай сауалнама түрінде биыл 1-30 қазан аралығында тұрғындармен элек­трон­ды планшеттерді пайда­лана отырып жүргізілмек. Екінші кезеңді өткізу үшін де 1 105 адам уақытша жұмысқа тар­тыл­мақ. Оның ішінде 139 нұсқау­шы-ба­қылаушы 24 қыркүйек пен 7 қараша аралығында, 966 сұхбатшы 1-30 қа­зан ақылы еңбекпен қам­тылады. Бір жақсысы, уақытша жұ­мысқа қа­был­данатындар облыс­тық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында жұ­мыссыз ретінде тіркелген, план­шет­пен жұмыс істей алатын адамдар арасынан таңдалып алынады екен.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы