Петропавлда көлігі «ұрланғандар» көбейді
Петропавлда көлігі «ұрланғандар» көбейді
208
оқылды

Петропавл қаласының тұрғыны Audi-100 көлігін дәмхана ауласында ұмытып кетіп, «темір тұлпарының» қолды болғаны туралы арызбен полицияға жүгінген.

Жедел қызметкерлер бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерген кезде онда ер адам жұмысынан көлікпен шығып, кейін қарай жаяу қайтқанын көрген. Көлік иесі мұны жоққа шығарғанымен, бейнежазбаны көргеннен кейін ғана мойындады. Ол қайтып келе жатқан жолда дәмханаға тоқтап түстенгені есіне түседі. Дәмхана жұмысына жақын болғандықтан, ер адам тамақтанып болған соң көлігі туралы ұмытып, жаяу тарта жөнеліпті. Тәртіп сақшылары қаладан шығатын жолдарды тексеріп, көшелерден Audi іздеп жүргенде «темір тұлпар» қалған жерінде қаңтарулы күйі иесін күтіп тұрған. Тағы бір ер адам сауда орталығынан шығып, көлігін қойған жерінде ұмытып кеткен. Ол да көлігім ұрланды деп полицияны біраз әлекке салған. Ал полицияға хабарласқан әйел адамның көлігін туысы басқа жерге қойып, иесіне бұл туралы хабарлауды ұмытып кетіпті. Криминалдық Полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Марат Жұмалиевтің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында автокөліктерді заңсыз иемдену ұрлау мақсатымен емес, ішімдік салдарынан орын алады екен. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында автокөлікті заңсыз иемдену фактілері бойынша 49 шағым тіркелді. Оның ішінде екеуі қазіргі уақытта ашылған жоқ, 33-і өндіріспен аяқталды, қалғандары бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Роза ШАКЕНОВА, Солтүстік Қазақстан облысы