«Құл иеленушілер» әшкереленді
«Құл иеленушілер» әшкереленді
400
оқылды

Ақмола облысында адам саудасымен айналысқандар ұсталды, – деп хабарлайды polisia.kz. Арнайы операция барысында полицейлер облыс аумағында бірнеше адамды еркінен тыс, тегін жұмысқа жегуден босатты.

Өңірде 19–24 қыркүйек ара­лығында «Стоп-трафик» респуб­ликалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді: полицейлер еңбек және жыныстық құлдық жүзеге асырылуы мүмкін деген жерлерді – қонақүйлер мен ойын-сауық мекемелерін, монша кешендерін және басқа объектілерді тексерді. Осы кезде Аршалы АПБ кезекші бөліміне Константиновка ауылында жергілікті тұрғын бірнеше адамды заңсыз ұстап, кәсіпорында жұмыс істеуге мәжбүрлейтіні туралы жедел ақпарат келіп түскен. Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы аттанды. Белгілі болғандай, қаскүнем екі серіктесімен бірге Нұр-Сұлтан қала­­сында табыс іздеп жүрген адам­дарға жұмыс ұсынған. Серіктестер келіскен адамдарды Аршалы ауданының Константиновка ауылындағы кәсіпорын аумағына алып келген. Қылмыс қорқыту және зорлық-зомбылық жасау ар­қылы жасалған. ЖШС аумағын тексеру барысында онда 20-дан ас­там жұмысшы болғаны анық­талды. 39-дан 53 жасқа дейінгі ер адам­дар, Қостанай, Шымкент және елорда тұрғындары 14 қыр­күйектен бастап ЖШС аумағында заңсыз ұсталғанын айтып, шара қабылдау туралы полицияға жүгінді. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 128-бабы 2-бөлігі (Адам саудасы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, сот-медициналық сараптама тағайын­далды. Тергеу шаралары жалғасып жатыр.

Ерік ЕРДЕНОВ