Қазақстан Үкіметі отандық вакцинация паспортын (ВП) әлемде мейлінше көп елге мойындату бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Грузия, Қырғыз Республикасы, Мажарстан, Молдова, Моңғолия, Тай ланд және Түркияның уәкілетті органдарымен ВП-ны өзара тану ноталарымен алмасты.
Осылайша, коронавирусқа қарсы вакциналаудың толық курсынан өткен Қазақстанның және осы елдердің азаматтары ВП негізінде мемлекеттік шекараны пандемия шектеулерінсіз, яғни ПТР-тест тапсырусыз, карантинсіз кесіп өте алады. Бұған қоса Беларусь, Вьетнам, Мысыр және Оман сияқты елдер шет мемлекеттер қатарында еліміздің де вакцина паспортын біржақты түрде таныды. Тиісінше, қазақстандықтардың бұл елдерге кіруі жеңілдеді. Оларға бару үшін азаматтарға шекаралық өткізу пункттерінде COVID-19-ға қарсы екпе алғанын растайтын құжатты ұсынса жеткілікті. Қазір Қазақстан бірқатар елмен – Ресей, Аргентина, Армения, Әзербайжан, Иордания, Индонезия, Марокко, Өзбекстан, Филиппинмен вакцина паспорттарын өзара тану жөнінде келіссөз жүргізуде. Бұл жұмыс тұрақты жалғасады және СІМ-нің бақылауында.Айхан ШӘРІП