Шетелдегі шәкірттер жаппай оралып жатыр
Шетелдегі шәкірттер жаппай оралып жатыр
406
оқылды

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, жат жұртта білім алған 11 мыңнан астам қазақстандық 2021 жылы отандық ғылым ордаларына ауысты. Студенттердің көпшілігі Ресей университеттерінен кеткен. Сондай-ақ АҚШ, Қытай, Франция, Мажарстан, Чехия, Польша, Түркия университеттерінде оқыған шәкірттердің бір тобы оқуын елде жалғастыруға шешім қабылдаған. Бұл үрдіс бір проблеманы ушықтырыпты.

– Қысқы және жазғы сессия­ның қорытындысы бойынша бұрын шетелде білім алған 11 мың­нан астам студент қазақстандық ЖОО-ға ауысуға ниет білдірді. Олар жеңілдетілген ауысу тәртібі бойынша қабылданды, қазір отандық университеттерде білім алып жатыр. Мәселен, олар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Нархоз университеті, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ және басқа да оқу орындарына қабылданды. Өткен жылы шетелдік ЖОО-лардан тағы 15 мыңға жуық студент біздің университетімізге ауысқан еді, – дейді БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев. Студенттер санының артуы басқа проблема тудырды: жатақ­ханалар тапшылығы ушығуда. Сондықтан жаңа жатақханаларды салу және қолданыстағыларын реконструкциялау қарқынын жеделдету тетіктері әзірленді. Жыл соңына дейін елімізде 37 жаңа студенттік жатақхана пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Елдос СЕНБАЙ