Естеліктер жаңғырған күн
Естеліктер жаңғырған күн
951
оқылды

24 қыркүйек күні Ұлттық музейде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен қазақ поэзия­сының классигі Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арнал­ған «Поэзия алыбы – Мұқағали Мақа­таев» атты дөңгелек үстел өтті.

Аталған жиынды Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық музей және Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқар­масының ұйымдастыруымен өтті. Шараға елімізге белгілі ақын-жазушылар мен қоғам қайрат­керлері қатысты. Олар ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты еске алып, рухани ортада ақынмен кездескен сәттерден естелік сыр шертті. «Бүгінде Мұқағалидың көзін көріп, араласқан адамдардың қарасы азайып келе жатыр. Ақын­ды көріп, біліп, араласқан адам­дар­дың бірі – біз. Мұқағали кез­дес­кен сәтте аңқылдап әңгімесін айтып жүретін ақжарқын жан еді. Ол кезде мен қазіргі ҚазҰУ-де оқытушымын. Бір күні талапкерлерден оқуға түсу емтиханын қабылдап жатып, терезеден қарап қалсам, балаларын қолдап келген ата-аналардың қатарында Мұқаң да отыр. Сөйтсем, оның да баласы оқуға түсуге емтихан тапсырып жатыр екен. Астына газет төсеп алған, ағаштың көлеңкесінде көпшілікпен бірге отыр екен. Бай­қап қалып, дереу сыртқа шық­тым, айтпағым ұлылар қара­пайым болады деген осы шығар», – деді көрнекті қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков. Мемлекет қайраткерінің айтуынша, Мұқағали Мақатаев өте қарапайым кісі болған. «Бір күні Шона Смаханұлы ағамызға сәлем берейін деп Жазушылар одағына келдім. Ол кезде ағамыз одақтың поэзия бөлімін басқаратын еді. Сол бөлімнің алдында Мұқа­ғалиды көріп қалдым, қолында биттің қабығындай кітапшасы бар, өткен-кеткенге тыңдашы деп кітабынан үзінді оқып бергісі келіпті, бірақ оған тоқтап жатқан ешкім жоқ. Мен қасына келіп ем, «Мырзаш сен тыңдашы» деп деп маған оқып берді. Әлі есімде, «Көгершіндер» деген өлеңін оқып берді. Осыдан түйетін ой, адамның барында қадірі жоқ деп бекер айтылмаған», – дейді ол. Сондай-ақ ақын туралы жылы лебізімен жазушы, драматург әрі ақын Ақұштап Бақтыгереева да бөлісті. «Мұқағали ағамыздың көзін көргендер азайып келеді, – деді Мырзатай ағамыз. Соның бірі мен едім, қолыма қалам алғалы Жазушылар одағына барып жүріп сол кездегі алыптардың бәрін көрдім десем де болады. Соның бірі, өкінішке қарай Мұхтар Әуезовті бір-ақ рет көру бұйырды. Ал Мұқағалиға келсек, мен ағаммен сол кездегі «Жұлдыз» журналында әріптес болдым, ол 1971-1972 жылдар еді. Көзбен көргеннен кейін Мұқағали туралы көп нәрсе айтуға болады. Бірақ мен Мұқаңмен алғаш танысқан сәтті еске түсіріп, әңгімелегеннен гөрі өлеңмен жеткізсем деймін», – деді А.Бақтыгереева. Артынша ол   М.Мақатаевқа арналған жаңа өлеңін  оқып берді. «Біздің отбасымыз Мұқа­ғалимен аса жақын араласты, оның жақсы жағында, өмірдегі қиындыққа ұшыраған сәттерін де білеміз. Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, мен, бәріміз Мұқа­ғали­дың үйіне қонаққа жиі баратынбыз, не үшін бара беретінімізді білмеймін. Лашын етін асып күтіп алатын бізді, әрине ол кезде жас­пыз. Олар 4 бөлмелі үйде тұратын. Оның 2 бөлмесінде Мұқағали әйелі және 4 баласымен тұрса, қалған 2 бөлмесінде Тайыр Жарок­тың баласы тұрып жатты. Үйіне барғанда бізге жаңа шы­ғарған өдеңдерін оқып беретін», – деген естелігімен бөлісті белгілі ақын Алтыншаш Жағанова. Рухани кеш келушілердің көңі­лі­нен шығып, олар ұйымдас­тырушыларға ықыласын білдірді. Қоғам қайраткерлері айтқан естеліктерді ұйып тыңдап, көрмеге қойылған заттармен танысты.

А.АЙДАРҚЫЗЫ