«Тарихымызды білсек, тәуелсіздік қадіріне жетеміз»
«Тарихымызды білсек, тәуелсіздік қадіріне жетеміз»
370
оқылды

Биыл – Тәуелсіздікке 30 жыл. Қазақстан үшін айтулы ме­рейтой қарсаңында Қарағанды облысында түрлі жиын өтуде. Тәуелсіздік – басты байлығымыз. Оны баянды ету – ортақ па­рыз. Ол үшін жас буынды егемен ел атанғалы жет­кен жетіс­тіктермен таныстырып, патриоттық тәрбие беру­мен қатар, ұлттық болмысымызды бойына сіңіру ләзім. Осы мақсатта облыстық Білім басқармасы, қалалық білім бөлі­мінің қол­дауымен Абай атындағы №104 мектеп-гимназиясы Тәуел­сіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Тәуелсіздік жетістігі» тақырыбында ашық сынып сағатын онлайн өткізді. Шараға жалпы білім беру мекемелерінің 9-11-сынып оқушы­лары мен аймақтың айтары бар аза­маттары қатысты.

Шараның шымылдығын «Ай­тыстың ақтаңгері» атанған айтыс­кер ақын Дидар Қами тәуелсіздік жайлы арнауымен бастады. Еге­мендікке жету жолындағы қарға тамырлы қазақтың қилы тағдырын жырға қосты. Түрлі әуенге салып, жүрекке жеткізді. Ал Қарағанды университеті жанында жұмыс істейтін «Тұлға­тану» ғылыми-зерттеу орталығы­ның директоры Нұрсахан Бей­сен­бекова тәуелсіздіктің нәтижесі – бабалар арманының орындалуы деп есептейді. – Мені тарихшы көзқарасымен жастарға Отанымыздың тәуел­сіздік жылдарындағы табыстары туралы айтып беру үшін сынып сағатына шақырды. Еліміздің жетістіктері жетіп артылады. Кем дегенде, елде керемет мектептер салынып жатқанын алайық. №104-гимназияның өзі бұған дәлел. Балалардың мемлекеттік тілде оқуға мүмкіндігі бар. Білім беру саласында жаһандық өзге­рістер болып жатыр. Жыл сайын педагог мәртебесі артып келеді. Ғылым мен технология дамып ке­леді. Мұның бәрі біздің егемен­дігіміздің көрсеткіші, – деп атап өтті Нұрсахан Бейсенбекова. – Осы Абай гимназиясының ашы­луы – Тәуелсіздіктің арқасы. Ел­таңба, Ту, Әнұран сияқты мем­ле­кеттік символдарымыздың көкке көтерілуі – үлкен бақыт. Бұл – бабалардың арманы болды. Біз жеттік соған. Елбасының салиқалы саясатының арқасы барлығы. Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сол баянды істі көрегендікпен жалғастырып келеді. 30 жылда кемшілік те болды. Бірақ мұның бәрін жіпке тізе бермей, жасалып жатқан жақсылықты да көре білген жөн. Оны баянды етуге бәріміз атсалысуымыз керек. «Мың өліп, мың тіріліп» осы күнге жеттік. Шекарамыз шегенделді. Енді бү­гінгі ұрпақтың парызы – елімізді дамытып, атын әлемге таныту, гүлдендіру, азаттықтың қадірін білу. Көптеген тарихи ескерткіш еңсе көтерді. Бүгінде 192 мемлекет бізді мойындады. Мемлекет бас­шысы биылғы Жолдауында да бұл туралы баса айтты. Ұрпақтар са­бақтастығы жалғасуы керек. Ал мектепшілік «Ақтолқын» домбыра ансамблінің көркемдік жетекшісі Жансұлтан Ермекұлы Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмбірлетті. Күй орындалып жатқанда үлкен экраннан тәуел­сіздік тақырыбында рухты оятатын бейнежазба жүріп тұрды. Іштей үйлесім тапқан тұтас композиция арқамызды қоздырды.
– Тәуелсіздік жолында көпте­ген батыр бабамыз құрбан болды. Бүгінгі ашық сабаққа қатысып отырған жастар сол бабаларды білуі тиіс. Азаттық бізге оңай кел­ген жоқ. Өкінішке қарай, кей жас­тар құлдық санадан шыға алмай өзге тілде сөйлейді. Өз тіліңді мен­сінбеу, ұлттық болмысымызға жат қылық­тар көрсету – бола­ша­ғыңа балта шабу. Жастар осыны жете түсінуі тиіс. Тарихымызды білсек, әдет-ғұрпымызды бойы­мызға сіңірсек адаспаймыз. Сонда тәуелсіздіктің де қадіріне жете аламыз. Бастысы санамыз, ойы­мыз тәуелсіз азат болса, адас­пай­мыз, – деді кәсіпкер, меценат Ерлан Әшім.
Спикер мектеп оқушыларын бейбітшілік пен бірлікті бағалай білуге, білімге ұмтылуға және қо­ғамның дамуына өз үлесін қосуға шақырды. Балалар да шетте қал­май, болашақ арман-жоспарла­рын бөлісті.
– «Жыл оқушысы – 2021» қа­ла­лық байқауының жүлдегерімін. Сондай-ақ менің ұстаздарым мен мектебімнің арқасында қол жет­кізген көптеген марапатым бар. Бо­лашақта өз еліме пайдам­ды ти­гізгім келеді. Себебі қазір са­палы білім алу үшін барлық жағ­дай бар. Қазір біз үшін барлық есік ашық екенін бағалаймын, – деді №104 мек­­теп-гимназиясының 9 «А» сы­нып оқушысы Сымбат Аманкел­дина.
Бас басылым «Egemen Qazaq­stan» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Мирас Асан ұйымдас­ты­ру­шыларға алғысын айтып, көтеріліп жатқан тақырыптың өзекті екеніне тоқталды. «Отан десем – санамдағы ой керім, Отан десем – кеудемдегі бай кенім. Қастерлі бұл төрт әріп сөз аманда, Төрт құбылам, төрт тарабым сай менің», – деп басталатын «Отан» өлеңін оқып, бір серпілтті. Аймақтық SARYARQA арна­сының редакторы Әшімхан Жанпейісов те азаттық жайлы азат ойларын ортаға салды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы