Жыл сайын жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің статистикалық көрсеткіші нашарлап барады. Соңғы жылдары елімізде кәмелеттік жасқа толмаған қыздар арасында жүкті болып, жасанды түсік тастайтындар мен ерте ана болатындар саны өсіп келеді.
Былтыр елімізде жеті мыңға жуық жасөспірім жүктілік бойынша тіркеуге алынған. Оның мыңнан астамы жасанды түсік жасатыпты. Қалған 5639-ы ерте жастан ана атанғандар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кәмелеттік жасқа толмағандардың ерте жастан жүкті болуы 2019 жылмен салыстырғанда едәуір азайған. Мәселен, екі жыл бұрын 1000 қыз балаға шаққанда 2,5 дерек тіркелсе, былтыр 2,2 болыпты. Екі жыл бұрын сенатор Сәуле Айтпаева бес жыл ішінде 33 мың жасөспірім қыз жүкті болып, олардың 10 мыңға жуығы түсік тастағанына алаңдаушылық білдірген болатын. Сол кезде депутат жастар арасындағы жүктіліктің артуына кәмелеттік жасқа толмағандарға жыныстық мәдениет пен контрацепция мәселелері жеткілікті деңгейде үйретілмейтіні себеп болатынын айтқан-ды. Қазір орта білім ошақтарында жоғары сынып оқушылары арасында айына бір рет осындай сабақтар ұйымдастырылады. Алайда жасөспірімдердің ерте ана атанып, жасанды түсік жасатуына тоқтау сала алмай жүрген жайымыз бар.Көрсеткіш өскен
БҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Жазира Арыстанова облыста кәмелетке толмағандардың жыныстық сипаттағы қылмыстарының өскенін алға тартқан еді. Мәселен, былтыр кәмелетке толмағандар арасында жүктіліктің екі жағдайы тіркелсе, биыл 7-уі белгілі болып отыр. Оның басты себебін құқық қорғау қызметкерлері балалардың үлкендердің қарауынсыз қалуынан көреді. Жамбыл облысында да жасөспірімдер жүктілігі көбейген. Былтыр Жамбыл облысында кәмелетке толмаған 244 оқушы жүкті болса, 2019 жылы 198 дерек тіркеліпті. Алайда білім беру ісіне жауапты мамандар мұнымен келіспейді. Олардың айтуынша, дәрігерлер деректерді жинақтау кезінде қателік жіберген көрінеді. Білім басқармасындағылар былтыр аймақта 122 жасөспірім жүкті болғанын айтып отыр. Олардың 56-сы заңды некеге тұрғанын алға тартуда. Өйткені заңға сәйкес кәмелетке толмағандар арасында жүктілік тіркелген жағдайда 16 жастан бастап отбасын құруға рұқсат етілген. Жүкті болған оқушылардың қалған 65-і азаматтық некеде тұрып жатқаны белгілі болып отыр. Білімге жауапты мамандар Денсаулық сақтау басқармасының дабылына сараптама жасап көргенде бірқатар кемшілікті байқаған. Оның басты себебі, аяғы ауыр жасөспірімдер өзге аудандарға барып босанады екен. Мысалы, Түркістан, Алматы облыстарынан, болмаса Шымкент қаласынан келген қыздар Жамбыл облысындағы дәрігерлерге тіркеліп, осы жерде босанады. Бұдан бөлек, былтырғы тізімді де статистикаға қосып жіберетін жағдайлар кездескен. Кейде Денсаулық сақтау басқармасы 18 бен 20-ға толып кеткен қыздардың да тізімін есептен шығармай ұстап отырады. Ал бір қыздың тегі екі рет қайталанып жатқан соң тексеріс жүргізген білім бөлімі, бір адам екі жерге тіркеуге алынғанын анықтаған.Жамбыл облыстық Білім басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Гүлзира Лесбайқызы былтыр осы уақытта 10, биыл 4 жасөспірім қыздың аяғы ауыр болып, тіркеуге алынғанын жеткізді. «Оны біз жоққа шығармаймыз. Олар қазір босанып алды. Төртеуі де мектепте жүріп аяғы ауыр болып қалған. Сондықтан біз олардың үшеуін колледжге, біреуін кешкі мектепке ауыстырдық. Бұл оқиға бойынша прокуратура тарапынан тексеріс жүргізіліп, аудан басшылары мен білім мекемелеріне сөгіс берілді. Ал ата-аналарына айыппұл салынды», – дейді Гүлзира Дәрібаева. Оның айтуынша, кәмелетке толмағандардың ерте жүкті болуының алдын алуда ата-аналардың жауапкершілігі де қатайтылған. Өйткені көптеген ата-ана балаларын еркіндікке жіберіп, тым бос ұстайды. Сондықтан мектептегі жасөспірімдердің жүріс-тұрысы да бұзылады. Бірақ соңында мектепті айыпты қылып көрсетеді. Осылай деген бөлім басшысы: «Үлкен адамдардың өздері балаларды ашықтыққа, азғындыққа шақырады. Интернет көздері, телеарналар өз отбасын тастап, басқа адамның күйеуін тартып алып жатқандар туралы теріс тәрбие береді. Осындай дүниелерді көрген жас буынның ойы бұзылады. «Өмір бір-ақ рет берілді, барлығын көріп қалайық» деген сөз тіркесін айтатын оқушылар көбейді», – дейді. Сондай-ақ Гүлзира Лесбайқызы ерте жүкті болып жатқан жасөспірім қыздардың арасында Полиция департаментінде есепке алынған отбасылардың балалары кездеспегенін айтады. «Осындай отбасының балалары не құқық бұзу бойынша, не ерте жүктілікпен есепке алынбайды. Керісінше, орташа және жақсы отбасынан шыққан отбасылардың балалары ерте жүктілікпен тіркеліп жатыр. Тағы бір айтарым, қазір мектеп оқушылары той-томалақтарда да ересек адамдардың ерсі қылығын көреді. Біздің мектепте «жасама» деп қақсап жатқан дүниелерімізді тойда ашықтан-ашық көрсетіп береді. Айтқан мен көргеннің айырмашылығы жер мен көктей. Өсіп келе жатқан баланың ой-өрісі 80 пайыз көру арқылы қалыптасады», – дейді бөлім басшысы.
Әрбір алтыншы жүктілік түсікпен аяқталады
БҰҰ деректері бойынша, Қазақстандағы әрбір алтыншы жүктілік абортпен аяқталады екен. Оның дені 18 жасқа толмаған қыздар арасында тіркелген. Жасөспірімдердің жүктілігін зерттеумен айналысатын ғалымдар жасөспірімдердің жүктілігі ата-аналары ажырасқан немесе ата-анасы басқа елде, өзге облыстарда қызмет істейтін немесе бақуатты отбасыларда да жиі кездесетінін айтады. Өйткені көптеген отбасыларда балаларды еркін ұстау қағидасын құп көреді. Балаларының түн ортасына дейін қыдырып, түнгі клубтарға баруына да рұқсат ететін болып шыққан.Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының кәмелетке толмағандарды әлеуметтендіру бөлімінің басшысы Айгүл Қасымбекова 2018 жылдан бастап республикалық деңгейдегі меморандумға байланысты білім беру ұйымдарында ерте жүктіліктен сақтау бойынша түрлі жоба жасалғанын жеткізді. Валеология пәні аясында жыныстық және репродуктивтік денсаулық шарттары бойынша да тәжірибелік жоба жүзеге асырылады. Дегенмен Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, биыл екі айдың өзінде ғана 15 пен 18 жас аралығындағы қыздар арасындағы жүктілік 364-ке жетіпті. «Неге осынша көп болғанын өзіміз де түсінбедік. Сосын аты-жөнімен қарап, тексеріп көрсек, аяғы ауыр қыздардың 80 пайыздан астамы мектепті 18-ге толмай бітіріп кеткендер екен. Олардың көбі колледж бен университеттерге оқуға түскендер», – дейді Айгүл Қасымбекова.Қыз тәрбиесін қаламына жиі арқау ететін ақын Ақұштап Бақтыгереева жасөспірімдер арасындағы жүктілікті жоюдың бір жолы – жапондар секілді жеке пән кіргізуден басталса игі дейді. «Бетімізді батысқа қарай бұра бергеннен бүгінгі балаларды да бетімен жібердік пе» деп алаңдайды ақын апамыз. «Баланы мектептен емес, бесіктен тәрбиелеу керек. Жасөспірімдерді еркіндікке жіберуге болмайды. Еркіндік білім мен жақсылықта, ұлтын сүюде болса құба-құп. «Махаббат драмасындағы» еркіндік ұлтты бұзады. Бұл көргенсіздік дер едім», – дейді Ақұштап Бақтыгереева. Оның ойынша, жыныстық қатынастың мәдениетін үйрете отырып, оның соңы ұлтты, тұқымды бұзатынын оқытып отырған дұрыс. Еркіндіктің шекарасын білмесек, мектептерге бесік әкеліп қоятын күн туады.
Жадыра МҮСІЛІМ