Елімізде бірыңғай операторлардың саны қысқармақ. Мәселен, Ұлттық тестілеу орталығы, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы, «Астана ЕРЦ» сынды тағы да басқа 25-ке жуық компания оператор статусынан айырылмақ. Мұндай заң жобасы бүгінде Парламентте қаралып жатыр. Әуелгіде оларға бұл мәртебе мемлекеттік сатып алу заңын айналып өту үшін берілген деген пікір бар. Сонымен, бұл тізімге қандай компаниялар ілігіп отыр?
47 млрд теңгелік нарыққа жол ашылмақ
Қазақстанда әр салада үйлестіру міндеттері жүктелген 51 оператор бар екен. Олардың 47-сі мемлекеттің қатысуымен құрылған. Енді олар мемлекеттік монополия субъектілеріне қолданылатын құқықтық шектеу режимінде жұмыс істейтін болады. Бұл туралы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған. Бірақ нақты қызмет түрін жүзеге асыратын бірегей құқығы бар операторлар саны көрсетілген бұл тізім бірінші кезекте қысқартуға ұшырамақ. Осылайша, 2025 жылға дейін елімізде 25-ке жуық компания мемлекеттік сатып алу операторы деген тізімнен шығарылады. Қазірдің өзінде 11 операторға қатысты түбегейлі шешім қабылданып, оның 4-еуі жойылған. Яки, мәртебесінен айырылып, ешқандай артықшылықсыз, мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарына қалдырылды. Ал 5-еуінің тағдыры биыл ішінде шешілмек. Шамасы, олар жекешелендірілуі мүмкін. Қалған екеуінің жұмысы оңтайландырылатын болады. Антимонополистердің пікірінше, мұндай шаралар қаржы бөлу каналдарын тазартып, шағын және орта бизнес өкілдері үшін тауарлар мен қызмет нарығындағы шамамен 47 млрд теңгеге жол ашпақ.Арнайы және айрықша құқық
Сонымен, биыл тағдыры шешіліп жатқан алғашқы 11 компания енді мемлекеттік сатып алу бойынша бірыңғай оператор саналмайды. Олар – Мемлекеттік қызмет персоналдарын басқару бойынша ұлттық орталық, «Электр энергиясы және қуаты нарығының қазақстандық операторы», Еңбек ресурстарын дамыту орталығы, Kazakhstan Project Preparation Fund, Мұнай мен газдың ақпараттық-сараптамалық орталығы, Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы, «Астана ЕРЦ», Қызылорда облысының өңірлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау және дамытудың қазақстандық орталығы, «ҚазМұнайГаз-Аэро» және Ұлттық тестілеу орталығы.«Шындығында, бұл тетік мемлекеттік сатып алулар заңының нормаларын айналып өту үшін енгізілген деп санаймыз. Әзірге 18 оператордың қызметі мемлекеттік реттеуді талап етпейді. Өйткені олар әлеуметтік қызметтерді жүзеге асырады, яки бизнеске ешқандай ықпалы жоқ. Олар «Болашақ», «Қазақтуризм» сияқты және тағы да басқа осындай орталықтар. Біз оларға тиіспейміз. Олар сол қалпында қалады. Ал 24 операторға қатаң антимонополиялық реттеуді қамтамасыз ету ұсынылып отыр. Олардың 16-сы мемлекеттік кәсіпорындар болса, төртеуіне жекеменшіктің қатысы бар. Мәселен, олар «Қазақтелеком», Satty Zhuldyz, «Оператор РОП» және тағы басқалар», – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин. Операторлар сондай-ақ арнайы құқыққа және айрықша құқыққа ие квазимемлекеттік кәсіпорындар болып бөлінеді. Егер айрықша құқық несімен ерекшеленеді дейтін болсақ, бұл елімізде мұндай қызметпен тек осы компания айналысатынын білдіреді. Мәселен, «ҚазТрансГаз», «Интергаз Орталық Азия», «Қазақстан Ғарыш Сапары» және тағы басқалар. Олар мемлекеттік монополия үлгісінде және соған ұқсас амалдармен мемлекеттік реттеуге алынады. Яғни, бағалары толықтай реттеледі, негізгі қызметінен басқа қызметтерді атқаруға, өзге компанияларға қатысуға тыйым салынады, конкурстық іріктеу мен жариялылық талап етіледі. Ал арнайы құқық дегеніміз, ол – мұндай қызметті басқалар да көрсете алатынын білдіреді. Мысалы, «Қазақтелеком», «Қазпошта» және тағы басқалар. Жалпы, еліміздегі бірыңғай операторлардың басым бөлігі IT, көлік, байланыс және қаржы саласында қызмет атқарады.Операторлар сондай-ақ арнайы құқыққа және айрықша құқыққа ие квазимемлекеттік кәсіпорындар болып бөлінеді. Егер айрықша құқық несімен ерекшеленеді дейтін болсақ, бұл елімізде мұндай қызметпен тек осы компания айналысатынын білдіреді.
Ұлттық жоба монополияға қарсы
Бүгінде Мәжілісте қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының өзі 11 бағытты қамтиды. Олардың ішінде бірыңғай операторлардың қызметін шектеуден бөлек, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау шараларына барлығына тең қолжетімділік туғызу, антимонополиялық комплеанс институтын жетілдіру, сенімді тұлға институтын енгізу және тағы да басқалары бар. Заң жобасын әзірлеу кезінде 230 ұсыныс қаралған. Нәтижесінде, он заңға алпыс өзгеріс енгізілмек. Сондай-ақ, онда Бәсекелестікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның жекелеген іс-шараларын жүзеге асыру да қарастырылған. Бұл құжат ел экономикасындағы монополиямен қарсы күрес мақсатында биыл жасалып шыққан болатын. Өйткені антимонополистердің пікірінше, базалық салаларда нарықтық билік пен монополизацияның шоғырлануы сындарлы шекке жетіп отыр. Мәселен, үш ірі ойыншының нарықтағы үлесі орташа алғанда 80%-дан асып кеткен. Осындай үстемдік жағдайын пайдаланып, Қазақстандағы олигополия бағаны көтеруге барын салып жатыр. Былтыр құрылған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қалыптасқан жағдайдың себебін де, салдарын да жою үшін жасап шығарған бұл Ұлттық жоба үш бағыттан тұрады. Олар – бірінші, негізгі қуат көздеріне, айталық, көлік және байланыс желілеріне, соның ішінде теміржол, кабельдік канализация, шыны-талшықты байланыс желілеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Оларға қолжетімділіктің шектеулі болуы жаңадан бизнес ашуда немесе бар бизнестің ауқымын кеңейтуде үлкен қиындық тудырып отыр. Мәселен, теміржол саласында бұл нарықтың 99%-ына «ҚТЖ – Жүк тасымалы» компаниясы ие. Сондықтан да былтырдан бастап екі жүк тасымалдаушы жекеменшік компания пилоттық режимде іске қосылған. Келесі жылдан бастап мұндағы кесте конкурстық негізде саудаға шығарылатын болады. Жоба бойынша жекеменшік жүк тасымалдаушы компаниялардың үлесін 30%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Екінші бағыт – баға құраудағы бұрыс саясат. Мәселен, Кәсіпкерлік кодексінің 116-бабында бағаны реттеудің 14 түрі қарастырылған. Агенттік сарапшылары, мемлекеттік баға құрау көп ретте объективті негізге сүйенеді, бірақ кей ретте инновацияның, бәсекелестіктің дамуын баяулатып жатады деп санайды. Үшінші бағыт – ішінара таңдай отыра қолдау көрсетуге немесе фаворитизмге қарсы күрес. Бұл бүгінгі айтып отырғанымыздай, арнайы немесе айрықша құқыққа ие болған бірыңғай операторлар, яки жекеменшік монополистер, ауызекі тілде айтқанда, «нарықтың чемпиондары» практикасын шектеу. Сонымен қатар ұлттық жобада бәсекелес емес сатып алуларды қысқарту, халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, белсендірілген бәсекелестік саясатын жүзеге асыру, нормативтік-құқықтық актілер жобаларының бәсекелестікке әсерін бағалау, Open Banking тұжырымдамасын енгізу жоспарланған.Нұрлан ҚОСАЙ