Жамбылда сода зауытының құрылысы басталды
Жамбылда  сода зауытының құрылысы басталды
562
оқылды

Жамбыл облысы Сарысу ауданында елімізде баламасы жоқ  кальцийленген сода шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Мұндай айтулы оқиғаға   Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Жамбыл облысының  әкімі Бердібек Сапарбаев және Yildirim Group компаниясының президенті Юксель Йылдырым арнайы қатысып,   жобаның іргетасына капсуланы салды.

Юксель Йылдырымның айтуынша, Qazaq Soda ЖШС-нің кальцийленген сода өндіретін зауытының жылдық қуат­тылығы – 500 мың тонна. Егер құрылыс жоспарлы мерзімде аяқталып, кәсіпорын кешікпей іске қосылатын болса, бола­шақта зауыт 1,2 миллион тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы болмақ. Ал нысан құрылысына 400 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция са­лынып, жоба 2024 жылы пайдалануға бе­ріледі деп жоспарланған. Құрылыс-мон­таждау жұмыстары аяқталғаннан ке­йін мұнда алғашқыда 1 000 адам, іске қо­сыл­ғаннан кейін 1 300 адам жұмыс ­іс­тей ала­тын болады. Ал ең бастысы аталған зауыт елімізді ғана емес, көрші­лес мем­лекеттерді де кальцийленген со­да­мен қам­тамасыз ететін өндіріс ор­нына айналмақ. Серіктес компания кәсіпорынға каль­цийленген сода өндірісінде қолданылатын жаңа технологияларды тартуға ниет біл­діріп отыр. Ал бұл өз кезегінде зауыттың қалдықсыз жұмыс істеуіне жол ашпақ.
– Бұл кәсіпорын ел экономикасының дамуына үлес қосып қана қоймай, көп­те­ген жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Жұмысқа тартыла­тындардың 98-99 пайызы жергілікті тұрғындар болмақ. Сондай-ақ энергия, су сынды шикізаттардың барлығы жер­гілікті жерден алынады. Қазірдің өзінде жоба Орта Азиядағы ең ірі химия өндірісі орталығы саналып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай жобаға қолдау білдіргеніне алғысымды айта­мын, – дейді Ю. Йылдырым.
Іс-шара барысында облыс әкімі Бер­дібек Сапарбаев та дүниежүзіне белгілі Yildirim Holding компаниясының бас­шылығына алғысын білдіріп, каль­ций­ленген сода өндіру жобасы аймаққа басқа да инвестиция тартуға мол мүмкіндік беретінін баса айтты. Ал Сарысу ауданы алқабилер алқа­сының төрағасы Серік Ақбасов өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді.
– Бұл – өңірімізге келіп отырған үл­кен инвестиция. Ең бастысы, жастарымыз үшін көптеген жұмыс орындары ашы­ла­тыны қуантып отыр. Бұл жобаның Сарысу ауданы экономикасының дамуы үшін де маңызы зор болмақ. Сондықтан Мемлекет басшысына, Үкіметке тұр­ғындар атынан рақмет айтамын. Бүгін ір­гетасы қаланып жатқан зауыттың бола­шағы баянды бо­латынына сенімдімін, – деді қария.
Тағы бір айта кетерлігі, Жол карта­сының бизнесті дамыту бағдарламасы аясында 479,2 миилион теңге бөлініп, зауытқа электр қуатын тарту жұмыстары да басталып отыр. Сонымен қатар кәсіпорынға теміржол мен су тарту үшін тиісті құжаттар дайындалып жатыр. Ішкі нарықтағы сұраныс қанағат­тандырылғаннан кейін екінші кезеңде зауыттың жобалық қуаттылығын жылына 1,2 миллион тонна содаға жеткізіп, қосымша 11 түрлі өнім шығару көзделген. Бұл Әулиеатаның экспорттық әлеуетін тағы арттыра түседі. Мамандардың ба­ғалауынша кәсіпорын елімізді импорттық тәуелділіктен арылтып, отандық каль­цийленген соданы Ресей мен бірқатар Орталық Азия елдеріне экспорттауға мүмкіндік ашпақ. Міне, осылайша алып жобаның ал­ғашқы кірпіші қаланып, құрылысы бас­талып отыр. 2024 жылға қарай кәсіп­орынның көкжиегі кеңейіп, өңір эко­номикасын жаңа белеске шығарады деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы