Азулы алыптың құр сүлдері қалған ба?
Азулы алыптың құр сүлдері қалған ба?
437
оқылды

«Қазпоштаға» басшы құтаймай-ақ қойды. Жетекшілері бір-екі жыл істеп, «қашып» кетуді әдетке айналдырыпты. Бұл жолы да Қанат Алпысбаев тосыннан тайып тұрды. Содан «Қазпоштаның» жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» қорына оның міндетін атқарушыны іздеуге тура келген. Жалпы, Үкімет ұлттық пошта қызметін жекешелендіруге ниетті. Бірақ сарапшылар оның жағдайы мәз емес, арзанға кетуі мүмкін деген пікірде. Компания дау-шарға шатылып жатыр, пошта вагоны, пошта бөлімшесі өртенді, әртүрлі ұрлық тіркелді.

Басшы «тұрақ таппайтын» кәсіпорын

Қ.Алпысбаев Қазақстанның пошта байланысы операторының тізгінін пандемия қысқан кезде, 2020 жылғы 24 шілдеде өз қолына алды. «Самұрық-Қазына» баспасөз қызметінің хабарлауынша, енді ол жұмыстан босату туралы өтініш жазып, 27 тамызда өз еркімен кетіп қалыпты. Бұған не себеп болғаны ресми жария етілмеді. Қордың басқармасы оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы лауазымына Серік Саудабаев тағайындалды.. Экономист, заңгер С.Саудабаев бұған дейін де «Қаз­пошта» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болды. Бұған қоса ол «Қазақ­телеком» АҚ және «Kcell» АҚ-ының директорлар кеңесі­не кіреді. Оның бұл қызметте қанша отырары белгісіз. Негізі, Қ.Алпысбаев былтыр ұлттық пошта қызметінің билік бишігін Сәкен Сәрсеновтің қолынан қабылдап алған-тын. Сәкен Сейтжаппарұлы «Қазпоштаны» ұзақ, яғни 2017 жылғы қаңтардан 2020 жылғы шілдеге дейін, 42 айдай басқарды. Осы кезеңде цифрландыру бағытында реформаторлық бастамаларымен көзге түсіп, 2020 жылғы 3 тамызда ел Пре­зидентінің өкімімен Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Содан бері ішкі істер органдарын цифрландыру миссиясын іске асыруда. Өз кезегінде С.Сәрсенов «Қазпошта» басшысы креслосын Бағдат Мусиннен «мұраға» алды. Бағдат Батырбекұлы бұл лауазымды 2014–2016 жылдары, яғни екі жылдай ғана атқарды. Дегенмен осы кезең­де кәсіпорынды жаңғырту, трансформациялау процесі басталды. Мысалы, маңыз­ды жаңашылдықтар қатарында зейнетақы мен жәрдемақыны беру үдерісінің жүйелі автоматтандырылуын атап өтуге болады. Сондай-ақ көрші Қытайдағыдай пошта жөнелтілімдерін жаһандық қадағалау жүйесі іске қосылды, поштаматтар желісі өр­кен жайды, Қазақстандағы тұңғыш сәлем­демелер супермаркеті ашылды. Ал Мусинге дейін «Қазпоштаға» Асхат Бейсенбаев басшылық етті. Ол 2013 жылғы 30 қазанда акционерлік қоғамның бас­қарма төрағасы болып тағайындалды. Ізінше, 2014 жылғы 10 шілдеде өз өтініші негізінде бұл лауазымынан мерзімінен бұрын босатылды. Оның алдында пошта саласын Аркен Арыстанов ілгері жетелеуге талпынды: ол бұған дейін де, 2000-2006 жылдары «Қаз­поштаның» басқарма төрағасы болған-тын. Кәсіпорынға басшы тұрақтамаған соң Үкімет 2011 жылдың сәуірінде оны осы қызметке қайта шақырды. Алайда А.Арыстанов та ұзаққа шыдас бере алмай, 2013 жылдың қыркүйегінде жұмыстан босату туралы өтініш жазды. Оған дейін, 2010 жылғы қыркүйекте «Қазпошта» төрағасының міндетін атқарушы болып банкир, экономист Салават Черьязданов тағайындалып еді. Келесі 2011 жылдың сәуірінде ол да мерзімінен бұрын өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, кейінгі он­жылдықта «Қазпоштаның» басшылары негізінен 1-2 жыл ғана шыдапты.

«Қазпоштаның» жағдайы қалай?

Елімізде пошта тасымалымен айналысатын компания жетерлік. Дегенмен соның тек біреуі ғана Дүниежүзілік пошта одағында Қазақстанның пошта әкімшілігін ұсынады, ол – «Қазпошта». Кәсіпорын сайтында оның «жалпымемлекеттік ин­фра­құрылымның базалық элементі» екені атап көрсетілген. Кеңес кезінен бері «Қаз­пошта» көптеген салада – мемлекет пен халықтың хат-хабарламасын, сәлем­деме­сін, әртүрлі жүкті жеткізу, телефондық-телеграфтық қызметтерді ұсыну секілді секторларда монополист болды. Бір қы­зық­ты дерек: 1954 жылы Қазақ КСР Байланыс министрлігі құрылып, пошта мен сым­ды байланыс саласы осы ведом­ство­ның қоластында біріктіріледі. Бұл ретте поштаның аса табысты болғаны сонша, ол бір өзі электр байланысының дамуын дота­ция­лаған! Қазір ше? Шығынды «Қазпошта» соңғы жылда 527 миллиард теңгеден астам кіріс тапқан «Қазақ­телекомның» қолына су құя алмай қалды. Кеңес тұсында пошта қызметі мемлекеттік құпия жөнелтілімдер мен корреспонденцияны таситын. Бұл құзырын 1991 жылдың желтоқсанында құрылған Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет алып қойды. Бүгінде пошта байланысының операторы өз бәсекелестері түгіл, тіпті өзге саладағы индрайверге ұтылып жатыр. Қазақстандықтар қалаларымыз арасында бірнеше күн жүріп әзер жететін шабан поштадан алыстап, енді сәлемдемелерін, хаттарын, құнды заттарын осы сервистегі таксиге салып жіберетін болды: олар шағын жүкті үйге әкеліп береді. Жұрт сәлемдемесін Б.Мусин кезінде үлкен жаңалық болған поштаматтардан алып кетуге де ерінеді. Соның бір көрінісіндей, елорданың өзінде сұранысы азайған поштаматтар бірте-бірте алып тасталып жатыр. «Қазпошта» АҚ-ында тексеру жүргізген аудиторлар оның ұзақмерзімді активтері азайып қалғанын анықтапты. Ұлттық пошта қызметінің дүние-мүлкі 2019 жылы 48,1 млрд теңгеге бағаланса, 2020 жылы 45,3 миллиардқа дейін құлдырапты. Бұл жерде ғимараттары – 14,9 миллиардтан 14,4 млрд теңгеге, көліктері – 6,7 миллиардтан 6 миллиардқа, жабдықтары – 8,1 миллиардтан 7,2 миллиардқа, кепілге қойылған инвестициялық құнды қағаздары 4 млрд теңгеден 478 миллион теңгеге дейін кеміпті. Құлдырау бұдан да көп болар ма еді, жағдайды «Қазпошта» тобының меншігіндегі инвестициялық құнды қағаздар­дың 3,5 млрд-тан 6 млрд теңгеге дейін өсуі шамалы түзеді. Үкімет ұлттық пошта қызметін табысты ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады: оған пошта тасумен шектелмей, қаржылық, брокерлік, агенттік, электронды қызметтерді көрсетуге рұқсат-лицензия берді, тіпті ІРО-лар да сол арқылы өтеді. «Қазпошта» мемлекеттік банк қызметін де атқарады. Ауылдықтар онда жинағын сақтайды, ол банктік карта шығарады. Бұл істе қаншалықты жетістікке жетті? Кері кетіп жатқандай. Нақтылай кетсек, «Қазпошта» 2019 жылы пошталық қызмет көрсетуден 27 млрд 74,9 миллион теңге табыс тауыпты, 2020 жылы онысы 24,4 млрд теңгеге дейін күрт төмендеген. Кәсіпорын 2019 жылы қаржылық қызметтер көрсетуден 23 млрд 515 млн теңге кіріс көрген, былтыр ол көрсеткіші 20,9 млрд теңгеге дейін құлды­рады. Басқа операциялық қызметтерінен алдыңғы жылы 665,2 млн теңге табыс құйылса, өткен жылы онысы 501,3 млн теңгеге дейін азайып кетіпті. Акционерлік қоғамның табысы жала­қыны жабуға да жетпейтінге ұқсайды. «Өзіндік құн құрамындағы персонал шығысы» 2019 жылы 24,7 млрд, 2020 жылы 25,6 млрд теңгені құраған. Нәтижесінде, егер «Қазпошта» 2019 жыл­ды 6 млрд 39 млн жалпы табыспен тәмам­даса, 2020 жылды 5,1 млрд теңге шығынмен аяқтаған. Бұл деректер оның 2020 жылғы шоғырландырылған қаржылық есептілігінде көрініс тапты.

«Қазпоштаны» «Ресей поштасы» ала ма?

Шахтинск қаласының тұрғыны, қоғам белсендісі Назифа Жүнісова пошташы­лардың жалақысын арттыру мәселесін біраздан көтеріп жүр.
«Билік еліміздегі ең төменгі жалақы 42 500 теңге деп бекітті. Келесі жылы оны 60 мың теңгеге дейін өсірмек. Бірақ қазіргісінен де аз алатын адамдар бар. Мысалы, Қазақстанда 15 мың теңге айлық алатындар бар десе, сенесіз бе? Осыны айтып, биылғы шілдеде жоғарыға хат жазсам, Жамбыл облысы әкімдігінің Еңбек инспекциясының басқармасынан Еңбек кодексін көшіріп жаза салған сырғытпа жауап келді. Егер республикада жалақы 42,5 мың теңгеден төмендемеуі тиіс болса, онда неге Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданындағы Көгершін кентінің пошташыларына 15 мың теңге ғана жалақы төленеді?» – дейді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабына сәйкес, үшінші тұлғалардың шағымы бойынша еңбек инспекторлары тексерумен бара алмайтынын хабарлады.
«Тексеру жүргізу үшін құқықтары бұзылған жеке тұлғалардың өзі өтініш жазуы тиіс. Егер жұмыс берушісі еңбек құқығын бұзып отыр деп санаса, жұмыскердің өзі немесе өкілі арқылы жергілікті еңбек инспекциясы органына жазбаша өтінішпен жүгінуі керек. Мына жағдайда 42 500 теңге ең төменгі жалақыдан да төмен еңбекақы алатын жұмыскерлер Жамбыл облысының Еңбек инспекциясы басқармасына жүгінгені жөн», – деді еңбек ведомствосы.
Пошташылардың тым аз жалақы алатынын ақпарат құралдары да жазып жүр. Амал жоқтықтан, бұл мамандық иелері қосымша табыс табу жолдарын іздейтіні жасырын емес. Мысалы, желілік маркетингпен айналысады, үй-үйді аралап, әртүрлі косметикалық өнімді, лотереяларды, теміржол билеттерін және басқасын жеткізумен айналысады. Мысалы, биылғы тамызда Алматы облысының Бәйтерек ауылының тұрғындары «Қазпошта» қыз­меткерлерінің иіссу және басқа да қажеті ша­малы өнімдерді тықпалайтынына шағым­данды. Бұл жанжалдан кейін пошта­шы­лар зейнеткерге иіссу ақшасын қай­тарыпты. Бәйтерек ауылының аға пошташысы сөгіс алған. Ал «Қазпошта» АҚ-ы мұндай тәжірибе заң­дастырылғанын білдірді: «Ауылдық елді мекендердің тұрғындары пошташылар арқылы мемлекеттік, әлеуметтік қыз­мет­терді алады, коммуналдық төлемдерін төлейді, депозит не кредит рәсімдейді, косметикалық өнімге тапсырыс береді. Мұндай қызметтер халық арасында үлкен сұранысқа ие. Пошташылар ынталандыру бағдарламалары аясында клиенттерге осы қызметтерді, серіктестеріміздің өнімдерін ұсына алады». Биыл сондай-ақ БҚО-ның Дарьинск кен­тіндегі «Қазпошта» бөлімшесі қызмет­керлерінің жеке компанияның, тұрғын­дардың және жергілікті шіркеудің есепшотынан 33 миллион теңгеден астам қаржы ұрлағаны әшкере болды. Қылмыстық іс тергелуде. Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры 2021 жылы стратегиялық инвесторға сату арқылы «Қазпоштаны» жекешелендіруі тиіс болатын. Бұл міндеттеме әл-ауқат қорының 2020 жылғы есебінде бекітілген. Жыл аяқталуға таяды, міндет әзірге орындалмады, келер жылға қалатынға ұқсайды. Егер мықты менеджер ұлттық пошта операторын дағдарыстан алып шықпаса, осы стратегиялық актив тым арзанға кетуі ықтимал. Мысалы, әл-ауқат қоры ақыл сұраған KPMG консультанттары «Қазпоштаны» сатып алуға «Ресей поштасы» қатысатынын білдіріпті. Finam инвестхолдингінің сарапшысы Алексей Коренев «Ресей поштасының» қызығушылығын түсінуге болатынын айтады. Қазақстанның пошта қызметінің табысты компанияға айналу әлеуеті бар: оған ұлттық заңнамада өзгеде жоқ мүмкіндіктер, функциялар берілген. Оның үстіне, «Қазпошта» тек 2020 жылды ғана шығынмен аяқтады, ал оған дейінгі 4 жылда азын-аулақ болса да, табыс тапты.
«Сондай-ақ «Почта России» осы ар­қылы іргедегі алып территориясы бар, дос­тық пейілдегі елдің аумағында өз ық­палын кеңейте алады. Бұған «Қаз­пош­таның» барлық өңір мен елді мекенге тар­мақталған желісі мен бөлімшелері жақ­сы мүмкіндік береді», – дейді А.Коренев.

Елдос СЕНБАЙ