Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейтілгенімен «түйені түгімен, биені бүгімен» жұтатындардың саны азаяр емес. Әсіресе, мемлекеттік сатып алуды «майшелпекке» айналдырып алғандардан аяқ алып жүргісіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің сегіз айдағы жұмысының қорытындысында біз бұған тағы бір рет көз жеткізіп, бас шайқадық.
8 айда 46 қылмыс тіркелген
Департамент басшысы Әділхан Әшірбаевтың айтуынша, есепті кезеңде мекеме мамандарымен 46 қылмыстық іс ашылған екен. Оның 4-еуі сыбайлас жемқорлық деректерінің жүйелі түрі болса, кіші және орта бизнес субъектілерінің жұмысына заңсыз араласу бағытында – 2, мемлекеттік бағдарламаларды сүйемелдеу барысында қаржы жымқыру деректері бойынша 7 негізгі қылмыс тіркелген.– Жамбыл облысы әкімдігі Ветеринария басқармасының Шу аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Д.Тілемісов және аталған мекеменің бас есепшісі С.Аукешева жүйелі түрде қылмыс жасау арқылы 62 миллион теңгеден астам мемлекет қаржысын талан-таражға салған. Яғни, олар 7 кәсіпкерлік субъектісінің есепшоттарына атқарылмаған жұмыстар үшін қаржыны аударып жіберген. Соттың үкімімен Тілемісов 8 жылға, ал Аукешова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, департаментпен мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор басшылары тарапынан жасалынған сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, облыс деңгейіндегі басшыларға қатысты – 2 (Еңбек, әлеуметтік қорғау және Көші-қон департаменті басшысы м.а. Зейнебековке қатысты ҚР ҚК-нің 366-б., Жамбыл облысы әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Абдибековке қатысты ҚР ҚК-нің 362-б.), қала, аудан деңгейіндегі басшыларға қатысты – 2 (Жамбыл ауданы ветеринариялық стансасының директоры Тілемісов ҚР ҚК-нің 189-б., Жамбыл ауданы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильді жолдар бөлімі басшысы Шаимкуловқа қатысты ҚР ҚК-нің 189-б.) тіркелді. Жалпы, сегіз айда 36 қылмыстық іс сотқа жолданып, жасалынған заңсыз іс-әрекеттер үшін 26 азамат жауапкершілікке тартылды, – дейді Ә.Әшірбеков.
Қай салада сыбайластық көп?
Департамент басшысының сөзіне сүйенсек, білім саласында бюджет қаржысын жымқыру, ауыл шаруашылығы саласында субсидия бөлу, денсаулық сақтау саласында үстемеақыларды заңсыз алу, әлеуметтік салада мүгедектік тағайындау, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылмаған жұмыстарды қабылдау барысында заңсыздыққа жол берілген. Осының салдарынан мемлекетке 182,2 миллион теңге көлемінде залал келтіріліп, оның 101,8 миллион теңгесі өндірілген. Ал 7,2 миллион теңгелік мүлікке тыйым салынған. Мәселен, осы жылы Жамбыл облысы әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы И., оның жолдасы К. және азамат К.-ға қатысты ҚР ҚК-нің 190, 218, 364-бабы, яғни ауыл шаруашылығы мақсаттарында заңсыз субсидиялар алу және оны ұрлау деректері бойынша қылмыстық іс қозғалған. Нәтижесінде, мемлекетке келтірілген 32,9 миллион теңге көлеміндегі залалдың 27,1 миллион теңгесі өндіріліп, 7,2 миллион теңгелік мүлікке тыйым салынған.3 мың теңге тұратын батареяны 9 миллионға сатып алмақ болған
Департамент басшысының орынбасары Равиль Төлебаев болса, сегіз айда 6 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, 13 ұсыныс берілгенін айтады.– Мониторинг нәтижесінде енгізілген ұсыныстар бойынша мемлекеттік органдармен мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралып, бүгінгі күнге 1 миллиард теңгеден аса бюджет қаражаты үнемделді. Мысалы, Тараз қаласының білім бөлімі 1 дана компьютер бағасын 380,0 мың теңге деп көрсетсе, тура сол компьютердің нарықтағы бағасы 280-300 мың теңге екені белгілі болды. Департаменттің ұсынысымен, нарықтық баға негізінде оның сомасы қайта қаралып, 16,0 миллион теңге үнемделді. Сол сияқты, жоспарлау барысында Жамбыл облысы әкімдігінің Цифрлық технологиялар басқармасы 1 дана батарея құнын 901,0 мың теңге деп қойып, барлығы 9 миллион 17 мың теңгеге 10 дана батарея сатып алмақшы болған. Департаменттен жіберілген ұсыныс хаттың арқасында бағалар қайта қаралып, 9 миллион 14 мың теңге үнемделді, – дейді Р.Төлебаев.Иә, шынында санаға сыймайтын сандар екен. Үнемделген қаржыға қарайтын болсақ, Жамбыл облысы әкімдігінің Цифрлық технологиялар басқармасы небәрі 3 мың теңге тұратын 10 қарапайым батареяны 9 миллион 17 мың теңгеге сатып алмақ болған. Бұл енді сыбайлас жемқорлықтың шыңы болып тұр. Бұдан өткен өрескел заңбұзушылық жоқ шығар, сірә!
Коронавирусты сылтауратып, заңсыз үстемеақы алатындар көбейді
Тағы бір айта кетерлігі, департамент есептік кезенде 7 мемлекеттік органның және оларға қарасты мекемелердің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, қорытындысында 104 ұсыныс енгізген. Нәтижесінде, 24 миллион теңге көлемінде заңсыз төлемдер анықталып, оның 4,9 миллион теңгесі бюджетке кері қайтарылған. Мәселен, Санитариялық-эпидемиологиялық департамент және оның аумақтық бөлімшелерінің іс жүзінде демалыста болған қызметкерлерге коронавирус эпидемиясына қарсы іс-шараларға қатысты деп негізсіз үстемеақы төлеу фактілері болған. Талдау қорытындысымен қызметкерлер 1 250 000 теңге негізсіз төленген үстемеақыны кері қайтарып отыр. Бұдан бөлек департамент мемлекеттік қызметшіге сыйлық ұсынған 5 дерек және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамды жұмысқа алу фактісі бойынша 2 миллион теңгеден астам айыппұл салып, толығымен өндірген.P.S.
Жалпы, Жамбыл облысында биыл жемқорлық фактілері 40 пайызға азайғаны туралы айтылып жатыр. Алайда сегіз айдағы көрсеткішке көз салсаң, бұған сену қиын.
Әрине, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жауапты мекеме жүйесіз жұмыс істеп отыр деуден аулақпыз. Тек сыбайластық сүйегімізге, жымқыру қанымызға сіңіп кеткен секілді. Енді бұл дерттен қашан айығарымыз бір Аллаға аян. Бірақ «жемқор» деген жақсы ат емес екенін шенділер есте ұстаса екен дейміз.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы