Солтүстік Қазақстан облысында қайтадан құс тұмауы тарады
Солтүстік Қазақстан облысында қайтадан құс тұмауы тарады
© egemen.kz
Мағжан Жұмабаев ауданының Лебяжье ауылында  бір аптаның ішінде, яғни қыркүйектің 21-і мен 26-сы аралығында бір мыңнан астам құс қырылып қалды. 7 үйдің қорасындағы 130 тауық, 290 қаз бен 582 үйректің өлексесі өртелді. Лебяжьеде карантин жарияланды. Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қайырлы Қазановтың айтуынша, эпизоотиялық зерттеу жүргізіліп, алынған материал  зертханаға жіберілген екен.
«Құс тұмауы расталып отыр. Негізінен 2-3 айлық балапандар зардап шекті. Індет жабайы құстардан жұғуы мүмкін. Себебі ауылдың маңайындағы көлде жабайы аққулар, үйректер және басқа да құстар бар», — деді ветеринар.
Былтыр шілде айында Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауынан бір жарым миллион құс қырылып қалған болатын.  

Роза Шәкен,

Солүстік Қазақстан облысы