Бүгінде жүзуден паралимпиада ойындарына қатысып, жеңімпаз атанып жүрген Берік Әлжанов – мүмкіндігі шектеулі жан. 61 жасына қарамастан І-топ мүмкіндігі шектеулі азаматтың жүзумен айналысқанына 7 жыл болған. Жақында ғана Павлодар облысының мәжіліс депутаттары оның аяғына тұрып, емін-еркін жүруіне қолқабыс етті.
– 2019 жылы жүрегіме ота жасалған. Сондықтан күніне кем дегенде 4 мың шақырым жүруім керек. Ал бізде бар модельдер өте ескі. Мұндай ауыр протезбен қайда бара аласың? Мәселен, көмек ретінде бір протезге бар-жоғы 400 мың беріледі. Бұл – өте аз. Оған қоса, протез біреу емес, екі аяғыма керек. Берілетін 800 мыңды қайда жеткіземін? Жақсы протездің біреуі 510 мыңнан басталып, 800 мыңға дейін барады. Екеуін алу үшін ақшам жетпейді, – дейді Берік Әлжанов.
Айтуынша, киіп жүрген протезінің гильзасы бір жылда үш рет ауыстырылады. Егер ауыстырмаса протезі кеуіп, аяқты қысып жібереді. Ондай кезде ол жүруден қалады екен.
Өткенде облыс әкімі Әбілқайыр Ысқақов пен халықты әлеуметтік қорғау басқарма өкілдері және «Nur Otan» депутаттарының қатысуымен онлайн кездесу өткен. Жиын барысында Берік Әлжанов облыс әкіміне тікелей байланысқа шығып, жағдайын айтқан.
«Әкім сөзінде тұрды, бір жарым-екі айда протез жасап берді. Осы мәселенің басы-қасында жүріп, оңтайлы шешілуіне Гүлнар Ғабитхамитқызының да еңбегі зор. Жергілікті мықты маман, ортопрод Айгүл Көкішевамен кездесіп, маған протез жасап беруге келістірді. Соның арқасында ортопрод қажетті заттарын Германиядан өз ақысына алдыртып, жасап берді. Жаңа протез 125 келіні көтере алады. Өте жеңіл әрі ыңғайлы. Енді жеткізіп тастау үшін біреуге жалынып, жалбарынудың қажеті жоқ. Өз аяғыммен жүре аламын. Кеше тіпті серуендеп қайттым. Осындай мүмкіндік сыйлаған азаматтарға алғысым шексіз», - деді Берік Әлжанов.
Ол жүзумен 2014 жылдан бастап айналысып келеді. Негізі жүзуді мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған екі жарым метрлік бассейнде үйренген екен. Оның сөзінше, мүмкіндігі шектеулі жандарды қатты аяудың қажеті жоқ деп есептейді.
– Шыны керек, кейде мүмкіндігі шектеулі жандарды аяудың қажет жоқ. Өйткені кейбір адам өзін аяған сайын әлсіздікке бой алдырады. Ерік-жігері жоғалады. Ал бойында жігері болмаған адам, өлген жанмен тең, – дейді ол.
Бұрын кішігірім кәсіпкерлікпен айналысқан азаматтың басына іс түскен. Салық комитетімен екі жылдай соттасып жүріп, денсаулығын құртып алған. «Жүйкеге салмақ түскеннен қант диабеті пайда болды. Одан гангренаға ұласты. Басында екі башпайым, артынан өкшем, одан әрі тіземе дейін кесілді. Бүкіл салмақ сау аяғыма түсті. Кейін ол да асқынып кетті. Екінші аяғымнан айырылғанда өз-өзіме келуім қиын болды. Сондайда кімнің дос, кімнің қас екенін таниды екенсің. Бірақ бәрі өткінші дүние ғой. Әуелі Алла, одан кейін отбасымның арқасында бұл қиындықтан да шықтым» – деді Берік Әлжанов.