Отбасылық жанжал өрті қаулады
Отбасылық жанжал өрті қаулады
243
оқылды

Тек Павлодар қаласында полицияға отбасылардағы жанжал-төбелеске байланысты 1 тәулік ішінде 36 шақыр­ту келіп түсті. Тәртіп сақшы­лары шақырулардың ішінде от­басылық-тұрмыстық шиеленістер үлесі артқанын жасырмайды.

–102 операторлары күн сайын түрлі 300-500 хабарлама қабыл­дайды. Негізінен, отбасы­лық-тұрмыстық саладағы хабарламалар түнгі уақытта түседі: 24 қоңырау түнде, 12-сі күндіз бол­ған. Өкініш­ке қарай, 13 жағдайда ғана зорлық-зомбылық құрбан­дары ойрандаушы үстінен арыз жазды. Қорғау ұйғарымын шы­ғаруға келіскендер саны одан да аз – 9 адам, – дейді Павлодардың Жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Қап­таев. Көбісі полицияны тек зор­лық­шыны тыныштандыруға ша­қы­рады, бірақ құрбандар өзін және балаларын үй тиранынан қорғау үшін құқығын толық пайдалан­ғысы келмейді. Статистика көр­сет­­кен­дей, 80% жағ­дайда поли­цияға кө­мек сұраған­дар жәбір­леушіні ке­шіреді. Нә­тижесінде, біраз уақыт­тан кейін ол отбасы­дағы ойран қайта­ланады. Ал Павлодар облысы Полиция де­партаментінің баспасөз қыз­меті­нің дерегінше, 2021 жылы өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 2 200-ден астам әкім­шілік құқықбұзушылық тіркелген. Мысалы, қаланың Дүйсенов көше­сіндегі көпқабатты үйдің бір пәте­рінде жанжал туын­даған. Полиция­ға қоңырау шалған көрші әжей: «Күйеуі әйелін ұра­ды» деп хабарлайды. Ол ер адам­ның үйіне мас болып келгенін, әйелімен ұрыс үстінде заттарды лақтыра баста­ғанын айтты. Ер адам уақытша бейімдеу және детоксикация орта­лығына (УБДО) жеткізілді, оған қатысты Әкім­шілік кодекстің 73-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сәтпаев көшесінде тұратын ер адам «102» нөміріне телефон соғып, көрші пәтерде төбелес бо­лып жатқанын жеткізген. Келген полицейлер қақтығысты тоқтатты. Жанжал шығарған ер адам УБДО-ға апарылды. Тәртіп сақшылары айналасына бейжай қарамайтын көрші­лердің дабылы қайғылы жағ­дайдың алдын алатынына назар аудартады.

Ерік ЕРДЕНОВ