Құрманғазы оркестрі көрерменімен қайта қауышты. Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі 88-ші концерттік маусымын ашып отыр. Кеш ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Тарих толқынында» деген атпен өтті.
Концертте Тәуелсіздікті насихаттайтын шығармалармен қатар классикалық туындылар орындалды. Сондай-ақ кешке келген көрермендер арасында ұтыс ұйымдастырылып, жеңімпазға домбырашы әрі қолөнер шебері Жолаушы Тұрдығұловтың домбырасы табысталды. Оркестрдің тарихы 1934 жылдан басталады. Қазір ұжымда 100-ге тарта адам еңбек етеді. – Тәуелсіздігімізді жырлайтын осы көп туындыларды, классикалық туындыларды сіздерге жақсы бағдарламамен ұсынып отырмыз. Бүгінгі концерттің ерекшелігі, әлемге танымал скрипкашы, дирижер Марат Бисенғалиев ағамыз келіп отыр. Марат Бисенғалиевті біз симфониялық оркестрлердің дирижері ретінде, камера оркестрінің дирижері ретінде жақсы танимыз. Кітап палатасымен бірлесіп, «Мәңгілік елдің мұрасы» деген кітап көрмесін ұйымдастырып отырмыз, – дейді Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі директорының орынбасары Алтынбек Ахметов.М.ТӨЛЕУ