Субсидияны қайтартпақ
Субсидияны қайтартпақ
262
оқылды

Қызылорда облысының 40-қа жуық шаруа қожалығы екі жыл бұрын алған субсидияны кері қайтаруы мүмкін. Себебі облыстық прокуратура қызметкерлері мемлекеттен көмек алған шаруа иелері қар­жыны мақсатсыз пайдаланды деп тексерісті бастаған. Құзырлы орган әзірге шаруашылық басшыларына ескерту хат жіберумен шектелген. 

Тексерістің басы субсидия бөлген екі комиссия мүшесінің қылмыстық іске тартылуынан басталған. Биыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының қос қызметкері мемлекет қаржысын шаруаларға заңсыз үлестірді деп айыпталып, қамауға алынған көрінеді. Содан соң 2019-2020 жылдары субсидия алған шаруа қожа­лықтары ол қаржыны қалай жаратқанын анық­тапты. Сол кездері мемлекеттен қайтарымсыз субсидия алған шаруа қожалықтары күн көзінен электр тогын өндіру панелін сатып алуға, құдық қазу мақсатында және көктемгі жаңбыр мен қар суларын жинайтын су қоймасын салуды мақсат еткен. Комиссияға жоба-сметалық құжаттарын өткізіп, қажетті ақшаға қол жеткізіпті. Одан кейін атқарған жұмыстарының есеп-қисабын да апарып, комиссияның оң қорытындысын алады. Алайда  екі-үш жыл өткен соң облыстық прокуратура сол кездегі қаржыны қайтару туралы шаруаларға ескертті. Жаңақорған ауданындағы «Тоқтамыс» шаруа қожалығының иесі Жалбызбай Итаяқов көктемгі уақытта тау мен қар-жаңбыр суларын жинайтын шағын су қоймасын салуға мемлекеттен 5,5 млн теңге қаржы алған. Оған өз ақшасын қосып, қолға алған жоспарын жүзеге асырады. Алайда бүгінде қожалық иесінің үстінен қылмыстық іс қозғалған көрінеді. – Осыдан екі жыл бұрын  мемлекеттен субсидия алып, ауыл іргесінде шағын су қой­масын салдым. Өйткені соңғы жылдары біздің өңірде су тапшылығы болып, малды суару қиындық туғызып келеді. Бүгінде бұл қойма осы маңдағы Қыраш пен Қосүйеңкі ауылдары тұр­ғындарының да пайдасына жарап тұр. Бұл тоғанды салуда өзімнің де көп қаржымды сарп еттім. Енді келіп, талапқа сай емес дейді. Ал сол кезде комиссия жұмысымды зерделеп қабылдаған еді, – дейді «Тоқтамыс» шаруа қожалығының иесі Жалбызбай Итаяқов. Прокурорлардың тексерісі «Мәден ата» шаруа қожалығының төрағасы Жоламан Мырзахметовті да әуреге салды. Ол да мемлекеттен 2 млн теңге қайтарымсыз несие алып, күн электр панелін сатып алған екен. Тексеріс қорытындысы шаруашылықтағы қондырғы жобада көрсетілген электр қуатын өндірмейді, талапқа сай емес деп баға беріпті. – Күн электр панелін орнатқан уақытта облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасынан комиссия келіп, бәрін көріп, қабылдап алған. Содан кейін маған 2 млн теңге аударды. Екі жыл өткен соң қайта тексеріп, «құрылғы жобада көрсетілген ток қуатын бермейді, сондықтан 14 күн ішінде қаржыны кері қайтарыңдар» деп ескерту берді, – дейді «Мәден ата» шаруа қожа­лығының төрағасы Жоламан Мырзахметов. Шаруа қожалығы иелері арасында, расымен қаржыны мақсатсыз жұмсағандар да болуы мүмкін дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары. Басқарма басшысының орынбасары Ғалым Бәйімбетов қазір іс құқық қорғау органдарының қарауында болғандықтан, субсидияны қайтару немесе шаруаларда қалдыру  мәселесі тек тексеріс нәтижесінен кейін ғана белгілі болатынын айтады. – Субсидияны бөлу әр бағыт бойынша жүргізілген. Кемшілік анықталған 40-қа жуық шаруашылық бар. Оның ішінде 29-ы күн электр панелін орнату бойынша, 4-еуі құдық қазу және 1-еуі су тоғанын салуда талаптарды сақтамаған. Кей­бір шаруашылық иелері комиссия құрамын­дағы қылмыстық іс қозғалған екі тұлғамен ымыраласып, мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсады деген күдігіміз де жоқ емес. Қазір тергеу құпия­лығына байланысты бұдан артық ештеңе айта алмаймын. Барлық мәселе тексеріс толық аяқ­тал­ған соң белгілі болады, – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Бәйімбетов.   Шулы істің толық мән-жайын білу мақ­сатында Қызылорда облыстық прокуратурасына да сауал жолдағанбыз. Алайда ондағылар жауап жазылып жатыр деп күткізгенмен, ешқандай ақпарат бермеді.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙ, Қызылорда облысы