Тәуелсіздік – тұғырым!
Тәуелсіздік – тұғырым!

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына Қарағанды облысы ерекше тарту жасап жатыр. Әр апта сайын тағылымды дүниелер ұсынылды. Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында мерейтойға орай аға буын өкілдеріне, яғни ата-әжелерге арналған «Өнерім – өмірім» облыстық шығармашылық байқауы өтсе, Е.Бө­кетов атындағы Қара­ғанды университетінде ақын Қасым Аманжо­ловтың рухы асқақтады.

«Өнерім – өмірім»...

«Өнерім – өмірім» облыстық шығар­машылық байқауына Қарағанды облысы аумағындағы қалалар мен аудандардан 180 еңбек ардагері қатысып, бақ сынасты. Іс-шараның басты мақсаты – өнерлі ата-әжелерге рухани қолдау көрсетіп, ән салу, қолөнер сынды өнерлерін халыққа жеткізу. Қарияларымыздың өнердегі, өмірдегі үлгі болар жолдарын жас ұрпаққа насихаттау. Ата-әжелерімізді байқауға қатыстыру арқылы көнеден келе жатқан ұлтымыздың мәдениет, өнер саласындағы жетістіктерін насихаттап, ұмыт болған қолөнер бұйым­дары мен әндерді қайта жандандыру. Байқауда Ұлытау, Бұқар жырау, Шет, Жаңаарқа, Ақтоғай аудандары, Сәтбаев, Саран, Шахтинск, Жезқазған, Теміртау, Қарағанды қалалары үміткерлерінің «Же­ке ән салу», «Хор және ансамбльмен ән салу», «Қолөнер бұйымдары» жанрлары бойынша өнерлері сынға түсті. Тартысты өткен байқауда қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Сәт­баев қаласынан келген «Ақ әжелер» хоры жеңіп алып, арнайы диплом мен 50 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. «Хор және ансамбльмен ән салу» но­минациясы бойынша І орынды Қарағанды қаласының «Шахтерский» халықтық хоры жеңіп алса, ІІ орын облыс орталығының «Рус­ские самоцветы» халықтық орыс ән­дер хорына бұйырды. ІІІ орын жүлдесін Жа­ңаарқа ауданының Секер Рахметова, Ба­­қытгүл Жаркенова дуэті қанжығалады. Ал «Жеке ән салу» аталымында І орын биі­гінен теміртаулық Роза Хамидулина кө­рінсе, ІІ орынды қарағандылық Бахыт­жан Берікбаев жеңіп алды. Ал ІІІ орын жүлдесі Шет ауда­нының тұрғыны Амантай Рашидовке бұ­йырды. «Қолөнер бұйым­дары» номи­на­циясы бойынша І орын жүлдесі Ұлытау ауданынан келген Күнсұлу Серікбаеваға табысталса, ІІ орынға Қа­рағанды қаласынан Ирина Буянова жай­ғасты. ІІІ орын Шет ауданының намысын қорғаған Марат Баймухановта. І орын иегерлеріне диплом және 40 мың теңге, ІІ орын иегерлеріне дип­лом және 30 мың теңге, ІІІ орын иегер­леріне диплом және 20 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Сонымен қатар барлық қатысушыға ал­ғысхат берілді. Тартымды әрі жи­нақы өткен байқау өнер жасқа қарамай­тынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қасым рухы асқақтады

Ұлттық рухтың ұпайын түгендеп жүр­ген Қарағанды университетінде Қасым рухы аспандап тұр. Себебі жақында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жаны­нан «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орта­лығы ашылған еді. Сол орталық Алматыға барып, олжалы оралған. Қасым ақынның құнды кітаптары мен отбасылық суреттерін аманат етіп, Қарағандыға алып келген болатын. Міне, сол жәдігерлер «Ей, тәкап­пар дүние, маған да бір қарашы» атты көрме төріне озып, жұрт назарына ұсы­нылды. Одан кейін «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Яғни, Қасымның отты жыр­лары, өмірі жас шайырлардың жырына арқау болды. «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орта­лығының жетекшісі, филология ғылым­дарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов бастаған шығармашылық топ Алматыдағы Ұлттық кітапханадан бастап, Қасымның қыздары Жанна, Дариға апайларға барып, ақын ғұмырынан сыр шертер небір құнды жәдігерлерді алып келген. Көрмеде жұрт назарына ұсынылған олжалы орталықтың қазынасы – осы. Көрменің ашылу салтанатында уни­верситет ректоры, заң ғылымдарының док­торы, Ұлттық ғылым академиясының кор­респондент-мүшесі Нұрлан Дулатбеков: – Біздің университетіміздегі көрмеде ақынның суреттері, еңбектері қамтылған. Әрине, мұндай тың дүниелер қолда бар кезде көрмені дүрілдеп өткізуге болатын еді. Бірақ өздеріңіз білесіздер, пандемияға байланысты адам санын шектеп отырмыз. Тағы бір сүйіншілі хабарымыз, жақында Қасымның тұлғалық энциклопедиясын шығарамыз. Жалпы, бұл әдебиетімізге, ғы­лымға үлкен жаңалық болады деп ой­лаймын. Онымен қоса, Дариға Қасым­қызының әңгімелер жинағын таспалап беруді жоспарлап отырмыз, – деді. Жансая Жарылғап Алматы сапары жайлы және қолға түскен құнды мәлі­меттер туралы қонақтарға айтып берді. – Жанна, Дариға апайлардың отба­сылық архивінен аттай қалап алған дүние­леріміз көрме төрінде. Қазір сирек кітаптар тізіміне еніп кеткен Қасымның бірнеше кітабын алып келдік. Ұлттық кітапханада Қасым шығармашылығына қатысты қандай дүние бар, соның барлығын алып келдік. Әсіресе, кейінгі жылдары жазылып, ешқандай айналымға түспей жатқан құн­ды материалдардың көшірмелерін жасап алдық. Тағы бір ең керемет олжамыз бол­ған дүние – ақын шығармашылығына байланысты әзірленген картотеканы Да­риға апай қолымызға табыстады. Дариға апай өмір бойы кітап палатасында қызмет істеген. Картотека жасау тәртібін жетік мең­герген маман. Ақын шығармашылы­ғына қатысты не жарық көрді, соның бар­лығы жыл-жылымен, күн-күнімен, ба­рын­ша ұқыпты қатталған. Сол картотека – міне қолымызда. Ақынның талайлы тағдыры туралы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ қой. Бірақ Дариға апайдың жазушы­лық қыры туралы еш жерден оқымаған екенбіз. Әңгіме арасында «Ақын ұрпақ­тарынан шығармашылыққа бейімі бар ма?» деп сұраған едім. Екі апай бір-біріне қарап біршама отырды да, Жанна апай: «Бар, алып кел» деп күлді. Дариға апай алдымызға 25 қалың дәптер әкеліп тастай салды. Сөйтсек, өзі проза жазады екен. Со­дан аттай қалап, бір дәптерін сұрап алдық. Тек орыс тілінде жазады. Жаңа ректорымыз Нұрлан Орынбасарұлы Дариға апайдың әңгімелер жинағын шығаруды айтып кетті. Міне, Алматы сапарының тағы бір керемет олжасы – осы, – деді Жансая Жарылғап. Тағылымды көрмеден соң облыстық жас ақындар айтысына кезек берілді. Сту­денттер сарайы жырға бөленді. Бақ сы­насқан ақындар жеребе арқылы жұптасты. Жыр додасын тізгіндеген «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық-кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлдың төл өнеріміз айтысты өркендету жолындағы еңбегі. Айтыстың бүгінгі жас қырандарына университет басшысы Нұрлан Дулатбеков ақжол тіледі. – Биыл егемендігімізге – 30 жыл және Қасым ақынның 110 жылдық мерейтойы. Бұл тақырып жас ақындарымыздың жы­рына арқау болады деген сенімдемін. Барлығыңызға жеңіс тілеймін, – деді ол. «Сен неткен бақытты едің, келер ұр­пақ» атты жыр додасына филология ғы­лымдарының докторы, профессор, айтыс­тың майталманы Қойлыбай Асанов, Saryarqa Aqparat медиахолдингінің дирек­торы Қамбар Ахмет, ҚарУ-дың қазақ әде­биеті кафедрасының меңгерушісі, доцент Саржан Такиров және айтыстың бүгінгі жарық жұлдыздары Мақсат Аханов пен Ди­дар Қами қазылық етіп, «жүзден жүй­рік, мыңнан тұлпар» шыққандарды анықтады. Қазылар алқасының ұйғарымымен жүлделі III орынға Еркеғали Бекболат лайық деп танылды. Ал II орын Сырым Бейсенбекке бұйырса, I орынды Әлихан Нығыметолла еншіледі. Айтыстың бас жүлдесін Бақыт Жандос қанжығалап, қатарластарының арасында қара үзді. – Дауылпаз ақын Қасым Аманжо­ловтың 110 жылдығы аясында ұйымдас­тырылған айтыстың куәсі болдық. Қазіргі ахуал көп адам жиналған жиын өткізуге мүмкіндік бермегендіктен көрермен санын шектеуге тура келді. Бүкіл әлемді әбігерге салған пандемияның салдарынан осындай шара қабылдауға мәжбүр болдық. Дегенмен шаршы топтың алдында сөз бастау қиын ғой. Сондықтан бүгінгі жас ақындарға шын жүректен алғыс айтқым келеді, – деген облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын осындай игі шараны ұйымдастырған университет басшылығы мен зиялы қауым өкілдеріне ризашылық білдіріп, жыр додасын түйіндеді. …ҚарУ-да Қасым рухы осылай ас­қақ­тады.

ТҮЙІН.

Қарағанды облысында тәу етер жалғыз кие – Тәуелсіздікке арналған тарту толастар емес емес. Бұл аталар салған сара да дара жолды жалғастыратын жастарға үлгі болса керек...

Ә.БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы