Тәуелсіздіктің 30 жылдығына Қарағанды облысы ерекше тарту жасап жатыр. Әр апта сайын тағылымды дүниелер ұсынылды. Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында мерейтойға орай аға буын өкілдеріне, яғни ата-әжелерге арналған «Өнерім – өмірім» облыстық шығармашылық байқауы өтсе, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде ақын Қасым Аманжоловтың рухы асқақтады.
«Өнерім – өмірім»...
«Өнерім – өмірім» облыстық шығармашылық байқауына Қарағанды облысы аумағындағы қалалар мен аудандардан 180 еңбек ардагері қатысып, бақ сынасты. Іс-шараның басты мақсаты – өнерлі ата-әжелерге рухани қолдау көрсетіп, ән салу, қолөнер сынды өнерлерін халыққа жеткізу. Қарияларымыздың өнердегі, өмірдегі үлгі болар жолдарын жас ұрпаққа насихаттау. Ата-әжелерімізді байқауға қатыстыру арқылы көнеден келе жатқан ұлтымыздың мәдениет, өнер саласындағы жетістіктерін насихаттап, ұмыт болған қолөнер бұйымдары мен әндерді қайта жандандыру. Байқауда Ұлытау, Бұқар жырау, Шет, Жаңаарқа, Ақтоғай аудандары, Сәтбаев, Саран, Шахтинск, Жезқазған, Теміртау, Қарағанды қалалары үміткерлерінің «Жеке ән салу», «Хор және ансамбльмен ән салу», «Қолөнер бұйымдары» жанрлары бойынша өнерлері сынға түсті. Тартысты өткен байқауда қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Сәтбаев қаласынан келген «Ақ әжелер» хоры жеңіп алып, арнайы диплом мен 50 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. «Хор және ансамбльмен ән салу» номинациясы бойынша І орынды Қарағанды қаласының «Шахтерский» халықтық хоры жеңіп алса, ІІ орын облыс орталығының «Русские самоцветы» халықтық орыс әндер хорына бұйырды. ІІІ орын жүлдесін Жаңаарқа ауданының Секер Рахметова, Бақытгүл Жаркенова дуэті қанжығалады. Ал «Жеке ән салу» аталымында І орын биігінен теміртаулық Роза Хамидулина көрінсе, ІІ орынды қарағандылық Бахытжан Берікбаев жеңіп алды. Ал ІІІ орын жүлдесі Шет ауданының тұрғыны Амантай Рашидовке бұйырды. «Қолөнер бұйымдары» номинациясы бойынша І орын жүлдесі Ұлытау ауданынан келген Күнсұлу Серікбаеваға табысталса, ІІ орынға Қарағанды қаласынан Ирина Буянова жайғасты. ІІІ орын Шет ауданының намысын қорғаған Марат Баймухановта. І орын иегерлеріне диплом және 40 мың теңге, ІІ орын иегерлеріне диплом және 30 мың теңге, ІІІ орын иегерлеріне диплом және 20 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Сонымен қатар барлық қатысушыға алғысхат берілді. Тартымды әрі жинақы өткен байқау өнер жасқа қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.Қасым рухы асқақтады
Ұлттық рухтың ұпайын түгендеп жүрген Қарағанды университетінде Қасым рухы аспандап тұр. Себебі жақында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жанынан «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылған еді. Сол орталық Алматыға барып, олжалы оралған. Қасым ақынның құнды кітаптары мен отбасылық суреттерін аманат етіп, Қарағандыға алып келген болатын. Міне, сол жәдігерлер «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы» атты көрме төріне озып, жұрт назарына ұсынылды. Одан кейін «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Яғни, Қасымның отты жырлары, өмірі жас шайырлардың жырына арқау болды. «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов бастаған шығармашылық топ Алматыдағы Ұлттық кітапханадан бастап, Қасымның қыздары Жанна, Дариға апайларға барып, ақын ғұмырынан сыр шертер небір құнды жәдігерлерді алып келген. Көрмеде жұрт назарына ұсынылған олжалы орталықтың қазынасы – осы. Көрменің ашылу салтанатында университет ректоры, заң ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Нұрлан Дулатбеков: – Біздің университетіміздегі көрмеде ақынның суреттері, еңбектері қамтылған. Әрине, мұндай тың дүниелер қолда бар кезде көрмені дүрілдеп өткізуге болатын еді. Бірақ өздеріңіз білесіздер, пандемияға байланысты адам санын шектеп отырмыз. Тағы бір сүйіншілі хабарымыз, жақында Қасымның тұлғалық энциклопедиясын шығарамыз. Жалпы, бұл әдебиетімізге, ғылымға үлкен жаңалық болады деп ойлаймын. Онымен қоса, Дариға Қасымқызының әңгімелер жинағын таспалап беруді жоспарлап отырмыз, – деді. Жансая Жарылғап Алматы сапары жайлы және қолға түскен құнды мәліметтер туралы қонақтарға айтып берді. – Жанна, Дариға апайлардың отбасылық архивінен аттай қалап алған дүниелеріміз көрме төрінде. Қазір сирек кітаптар тізіміне еніп кеткен Қасымның бірнеше кітабын алып келдік. Ұлттық кітапханада Қасым шығармашылығына қатысты қандай дүние бар, соның барлығын алып келдік. Әсіресе, кейінгі жылдары жазылып, ешқандай айналымға түспей жатқан құнды материалдардың көшірмелерін жасап алдық. Тағы бір ең керемет олжамыз болған дүние – ақын шығармашылығына байланысты әзірленген картотеканы Дариға апай қолымызға табыстады. Дариға апай өмір бойы кітап палатасында қызмет істеген. Картотека жасау тәртібін жетік меңгерген маман. Ақын шығармашылығына қатысты не жарық көрді, соның барлығы жыл-жылымен, күн-күнімен, барынша ұқыпты қатталған. Сол картотека – міне қолымызда. Ақынның талайлы тағдыры туралы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ қой. Бірақ Дариға апайдың жазушылық қыры туралы еш жерден оқымаған екенбіз. Әңгіме арасында «Ақын ұрпақтарынан шығармашылыққа бейімі бар ма?» деп сұраған едім. Екі апай бір-біріне қарап біршама отырды да, Жанна апай: «Бар, алып кел» деп күлді. Дариға апай алдымызға 25 қалың дәптер әкеліп тастай салды. Сөйтсек, өзі проза жазады екен. Содан аттай қалап, бір дәптерін сұрап алдық. Тек орыс тілінде жазады. Жаңа ректорымыз Нұрлан Орынбасарұлы Дариға апайдың әңгімелер жинағын шығаруды айтып кетті. Міне, Алматы сапарының тағы бір керемет олжасы – осы, – деді Жансая Жарылғап. Тағылымды көрмеден соң облыстық жас ақындар айтысына кезек берілді. Студенттер сарайы жырға бөленді. Бақ сынасқан ақындар жеребе арқылы жұптасты. Жыр додасын тізгіндеген «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық-кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлдың төл өнеріміз айтысты өркендету жолындағы еңбегі. Айтыстың бүгінгі жас қырандарына университет басшысы Нұрлан Дулатбеков ақжол тіледі. – Биыл егемендігімізге – 30 жыл және Қасым ақынның 110 жылдық мерейтойы. Бұл тақырып жас ақындарымыздың жырына арқау болады деген сенімдемін. Барлығыңызға жеңіс тілеймін, – деді ол. «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» атты жыр додасына филология ғылымдарының докторы, профессор, айтыстың майталманы Қойлыбай Асанов, Saryarqa Aqparat медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет, ҚарУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, доцент Саржан Такиров және айтыстың бүгінгі жарық жұлдыздары Мақсат Аханов пен Дидар Қами қазылық етіп, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандарды анықтады. Қазылар алқасының ұйғарымымен жүлделі III орынға Еркеғали Бекболат лайық деп танылды. Ал II орын Сырым Бейсенбекке бұйырса, I орынды Әлихан Нығыметолла еншіледі. Айтыстың бас жүлдесін Бақыт Жандос қанжығалап, қатарластарының арасында қара үзді. – Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдығы аясында ұйымдастырылған айтыстың куәсі болдық. Қазіргі ахуал көп адам жиналған жиын өткізуге мүмкіндік бермегендіктен көрермен санын шектеуге тура келді. Бүкіл әлемді әбігерге салған пандемияның салдарынан осындай шара қабылдауға мәжбүр болдық. Дегенмен шаршы топтың алдында сөз бастау қиын ғой. Сондықтан бүгінгі жас ақындарға шын жүректен алғыс айтқым келеді, – деген облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын осындай игі шараны ұйымдастырған университет басшылығы мен зиялы қауым өкілдеріне ризашылық білдіріп, жыр додасын түйіндеді. …ҚарУ-да Қасым рухы осылай асқақтады.ТҮЙІН.
Қарағанды облысында тәу етер жалғыз кие – Тәуелсіздікке арналған тарту толастар емес емес. Бұл аталар салған сара да дара жолды жалғастыратын жастарға үлгі болса керек...Ә.БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы