Ел егемендігіне ширек ғасыр толған жыл
Ел егемендігіне ширек ғасыр толған жыл
416
оқылды

2016 жылы Қазақстан Тәуелсіздік мерекесінің 25 жылдығын кең ауқымда қарсы алды. Мерейтойлы дата еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтті. Осы іс-шаралардың жиынтығы астанада «Бей­бітшілік пен келісімнің 25 жылы» атты фестивальге ұласты. Мерекелі межеге орай елімізде «Тәуелсіздік декларациясы» қабылданды. Ал еліміздің саяси-экономикалық өмірінде Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткен болса, осы жылы еліміз ЕАЭО-ға төрағалық етті. Сондай-ақ бұл жыл халықтың алаңдаушылығын тудырған мәсе­лелердің нүктесіндей болған бес жылдық мораторий жарияланған жер реформасымен есте қалды.

ЕАЭО төрағалығы

2016 жылдың қаңтарынан бас­тап еліміз Еуразиялық экономи­калық одаққа төрағалық етті. Осы­лайша, Қазақстан Жоғары Еура­зия­лық экономикалық кеңеске, Еуразиялық үкіметаралық кеңеске және Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесіне басшылық жа­сады. Төрағалық тізгінін қолға ал­ған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірден үшінші елдермен және ма­ңызды интеграциялық бірлестік­термен, соның ішінде, ең алдымен Еуропалық Одақ және Қытай Ха­лық Республикасымен экономи­калық қарым-қатынастарды терең­детуге кірісті. «Мен әрқашанда Еуразиялық экономикалық одақты әлемдік эко­номикаға органикалық түрде кі­ріккен, Еуропа мен Азия арасын­дағы сенімді көпір, ашық қауым­дастық деп таныдым. Сонымен бірге түрік экономикасының маңы­зын ескере келе, Түркияны еура­зиялық экономикалық интеграция үдерісіне тарту екіжақты пайдалы болуы мүмкін деп есептедім. Бұл ұсынысты мен 2013 жылы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес­тің Минскіде өткен отырысында, Түркияның Кеден одағына қызы­ғушылығы бар екенін хабарлағанда айтқан болатынмын. Түркия Рес­публикасының қатысуы – еура­зиялық интеграцияның сипатына қатысты көптеген сыртқы қауіп­терді жоюға көмектескен болар еді. Бұл тақырыпқа мен Астанада ЕАЭО туралы келісімшартқа қол қой­ғаннан кейін іле-шала тағы да қайта оралдым. 2014 жылдың маусым айында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің ІV сам­митінің қорытындыларын шығар­ған кезде мен ЕАЭО-ға басқа мем­лекеттер үшін де ашық және Түркия – болашақта оның ассоциативті мүшесі бола алады дедім», – деп еске алады Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегінде. Осы жылы мамырда өткен Жо­ғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында ЕАЭО-ның Қытаймен, Үндіс­тан­мен, Израильмен, Сербиямен, Еги­петпен, Иранмен, Камбоджа­мен және тағы да басқа елдермен ынтымақтасуға дайындық жұмыс­тарын жүргізіп жатқаны хабар­ланды. Сонымен қатар Еуропалық Одақпен, ШЫҰ-мен, АСЕАН-мен сауда-экономикалық байланыстар мүмкіндігі қарастырылды. Әсіресе, ЕО-мен ынтымақтастық әлеуеті ерекше маңызды. Осы себепті де Елбасы 2016 жылы сәуірде Брюс­сельде Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ арасында тікелей диалог жүргізу керектігі туралы ұсыныс жасаған болатын. Өз естелігінде Нұрсұлтан Әбішұлы еуразиялық интеграциялық үде­ріс­терге қатысты шынайы ақпарат­тардың әлемдік элитаға жетуі үшін әрбір мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысқанын айтады «2016 жылы наурызда Вашинг­тон қаласында АҚШ қайраткер­лерімен кездескенде мен ЕАЭО-ға таза экономикалық бірлестік еке­нін түсіндірдім. Қандай да бір КСРО-ны қайта құру жөнінде әңгіме болып отырған жоқ және болмақ та емес. «Қырғиқабақ со­ғыстың» қатып қалған ұғымдарынан арылу керек. Ол біздің болашаққа сеніммен қарауымызға кедергі кел­тіреді. Еу­ра­зиялық экономикалық одақ – таза экономикалық жоба», – дейді ол.

Алғыс айту – тарих тәбәрігі

Елімізде 1 наурыз - «Алғыс айту күні» ең алғаш рет 2016 жылы ата­лып өтті. Содан бері бұл дата – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Ел­басының басшылығымен тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азамат­тарының бір-біріне құрмет білді­ретін күні ретінде тойланып келеді. 2016 жылғы 14 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған 1 наурызды «Алғыс айту күні» деп жариялап, №173 Жарлыққа қол қойған болатын. «Қазақстан халқы Ассам­блея­сының 2015 жылғы XXII сессия­сында 1 наурыз күнін – Ассамблея­ның туған күні жаңа мереке – «Ал­ғыс айту күні» деп белгілеуді ұсын­дым. Бұл күнді жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және қиын-қыстау күндерде мейірбандық танытып, оларды өз туғанындай қа­былдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Алғыс білдіру бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл дата тағдыр тоғыстырған Қазақ­станның көпэтносты халқының ортақ тарихын қастерлеу мерекесі болмақ. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көр­сеткен мейрімділік пен ақкөңіл­дік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні», – деді Елбасы. Расында да, «Алғыс айту күні» – бұл, ең алдымен елімізде тыныш­тық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Ендеше бұл күн – тағдыр тәлкегімен Қазақстан аумағына еріксіз қоныс аударған түрлі этнос­тардың миллиондаған өкілдерінің құтты мекеніне айналған қасиетті қазақ топырағы мен қонақжай қа­зақ халқына деген терең тағзымы­ның белгісі болып қала бермек.

Мерзімінен бұрын өткен Мәжіліс сайлауы

2015 жылдың сәуір айындағы Президент сайлауы өзгерістерге кең жол ашты. Мемлекеттік да­мудың жаңа белесінде 2016 жылдың соңында бесжылдық өкілеттілік мерзімі бітетін Парламентке де халық тарапынан жаңа сенімділік мандаты аса қажет болды. Елде жүріп жатқан ауқымды өзгерістер Парламентке жаңғырудың мүлтік­сіз құқықтық базасын қамтамасыз ету, дағдарысқа қарсы экономика­лық саясаттың маңызды міндетте­рін жедел шешу және алдағы жылдардағы институционалды даму жолын нақтылап беретін стратегиялық заңдарды дер кезінде қабылдау міндеттерін жүктелі. Ол үшін депутаттық өкілеттік мерзім­нің соңын күту қисынсыз еді. Пар­ламент сайлауын уақыт оздырмай, мәслихаттардың сайлауымен бірге өткізу уақыт талабы болды. Оны Мә­жіліс депутаттарының өзі ұсы­нуы олардың мемлекеттік мақсат-мүддені жеке басының мүддесінен жоғары қоятынын айғақтай түсті. Осылайша, осы жылдың 20 қаңта­рында Елбасының бесінші шақы­рылымдағы Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқ­тату туралы Жарлығы шықты. Мә­жілістің кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға белгіленді. «Nur Otan» партиясының жоғары қоғам­дық беделі оның сөзсіз жеңісін болжауға мүмкіндік берді, дауыс берушілердің 82,2%-ы бұл бол­жамның дұрыстығын растап шық­ты. Мәслихаттар сайлауы да осын­дай нәтижемен аяқталды. Сондай-ақ Қазақстанның «Ақ жол» демо­кратиялық партиясы (7,18%) және Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (7,14%) да Мәжіліс өкіл­дігіне ие болды. «Бірлік», Жал­пыұлттық социал-демократиялық партия және «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – Парла­ментке кіру үшін талап етілген 7%-дық кедергіден өте алмады. Сайлау қорытындысы бойынша депутаттық мандаттар былайша бөлінді: «Nur Otan» – 84, «Ақ жол» және ҚКХП – 7 орыннан; тағы 9 депутат Парламентке Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. Мәжіліс спикері болып Б.Ізмұхам­бетов сайланды. 2016 жылғы Пар­ламент сайлауы – демократиялық құндылықтарды құрметтейтін Қа­зақстан халқы қаншалықты біртұ­тас екенін дәлелдеді. Мұны Мәжіліс сайлаулары үшін рекордтық көр­сеткіш болған сайлаушылардың қа­тысуы да көрсетті (77%). Бұл сай­лаулар – реформаторлық ба­ғыт­қа қолдау көрсетудің іс жүзіндегі бүкілхалықтық қолдауы еді.

Жер реформасы – 5 жылдық мораторий

2016 жыл ел тағдыры, жер тағ­дыры сынға түскен жыл болды. Өйткені осының алдында шетел­діктерге жерді жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуға рұқсат берілген болатын. Бұл өз­геріс азаматтардың алаңдаушы­лы­ғын тудырды да, қоғамдық пікірдің түрлі тетіктерімен жұртшылық өз келіспеушіліктерін білдіре бастады. Осындай қоғамдық пікірлер нәти­жесінде Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев Жер кодексіне 2021 жылдың соңына дейін түзетулер енгізуге 5 жыл мораторий жариялады. «Сонау 2003 жылы ұзаққа созыл­ған қызу пікірталастардан соң ауылшаруашылық жерлерін тек қана Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларға жекеменшікке беру, сондай-ақ шетелдік азаматтарға жалға беру құқығы қабылданды. Бұл ретте 2010-жылдардың ортасына қарай шетелдіктер жалға алған барлық жер көлемі 0,1%-дан төмен болды. 2015 жылдың бас кезінен бастап шетелдік азаматтар жерді жалға алу мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін созуға мүмкіндік алды. Алайда әкімдіктерден осы норма бойынша шетелдіктерге жалға жер беру тура­лы бірде-бір құжат түскен жоқ. Солай бола тұра, 2016 жылдың сәуір айында қоғамда мұндай жалға беру, сондай-ақ меншікке сату келеңсіз салдарларға ұшыратуы мүмкін деген қауіп пайда болды. Азамат­тардың алаңдаушылығына түсініс­тік­пен қарап, заңнамадағы өзгеріс­терді түсіндіру мақсатында сөз сөй­ледім», – дейді Елбасы «Тәуел­сіз­дік дәуірі» естелігінде. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, Қазақстанның қоғамдық өмірінде жер мәселесі ерекше орын алады. Ауылшаруашылық жерлері республикада 100 миллион гектар­дан астам аумақты қамтиды. 2016 жылдың 6 мамырында «Жер заңна­масының кейбір нормаларын қол­дануға мораторий енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылды, барлық күдік сейілді. Жер заңнамасының мәселелері бойынша мәмілеге қол жеткізу үшін жер реформасы бо­йын­ша арнайы комиссия құрылды. Отандық ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндірушілерге және агро­өнер­кәсіп кешеніне, реформаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат жалғаса беретін болады.

«Рио-2016»

Тәуелсіздік тарихына алтын әріптермен жазылған бұл жылдың еншісінде спортшыларымыздың да жеңістері бар. 5-21 тамыз күндері Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарына елімізден 17 спорт түрінен 104 спортшы қа­тысқан болатын. Жарыстар қоры­тындысында қазақстандық спорт­шылар 3 алтын, 5 күміс және 9 қола, барлығы 17 жүлде иемденді. Жүлде саны жағынан бұл еліміз үшін ең олжалы төртжылдық додасы болды. Сонымен, «Рио де Жанейро – 2016» жазғы олимпиада ойындарының жеңімпаздары: Алтын алқа – Нижат Рахымов (ауыр атлетика), Данияр Елеусінов (бокс), Дмитрий Баландин (жүзу). Күміс медаль – Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо), Василий Левит (бокс), Әділбек Ниязымбетов (бокс), Гюзель Манюрова (күрес). Қола жүлде – Галбадрах Отгонцэцэг (күрес), Фархад Харки (ауыр атлетика), Карина Горичева (ауыр атлетика), Александр Зайчиков (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (қашықтықтан секіру), Эльмира Сыздықова (күрес), Екатерина Ларионова (күрес), Иван Дычко (бокс), Дариға Шәкімова (бокс).

Нұрлан ҚОСАЙ