Алматыда 5 адамның өмірін жалмаған атысты қоғам әлі талқылап жатыр. Көп өтпей Сәтбаев қаласында түн ішінде ер адамды белгісіз біреу бірнеше рет атып, мерт қылды. Бұл оқиғалар еліміздегі қару саудасына байланысты сауалдар тудырмақ. Азаматтар қаруды қайдан, не мақсатта алады? Оған қандай заңды талаптар бар? Бәлкім, ескіден қалған қаруды жасыратын болар? Әлде заңсыз сауда айналымының ықпалы артып бара ма?
Заңсыз сауданың айласы таусылмады
Шыны сол, әлемде қару саудасы жоқ емес, бірақ оның бәрі мемлекетаралық келісімдерге сай, қорғаныс мақсатында жүргізіледі. Ал егер сол қаруды мемлекеттің бақылауынсыз жеке адамдар сататын болса, ол сөзсіз қылмыс. Бірақ заңсыз қару-жарақ сатумен айналысатындар оны жақсы біледі, сөйте тұра қауіпті саудаға тәуекел етіп, қылмыстық іске барады. Жалпы, елімізде заңсыз қару саудасына қатысты дерек көп. Әскери қоймадан заңсыз қару алып қашқан, шеттен белгісіз мақсатта қару кіргізген оқиғалар кездесті. Бірақ «адамнан айла асқан ба» демекші, соңғы кездері заңсыз сауданың не бір түрі шықты. Отты және басқа да қару түрлерінің құрылымын өзгертіп, сатылымға шығару белең алды. Әуел баста бос патронмен атылуға арналған, тұмсығы ойық құралдардан отты қару жасау, газды қаруды жарақаттаушы патрондармен оқтау, сондай-ақ сырттай қарағанда тек жарықдыбысты патрондармен ғана атылатын сияқты болып көрінетін қаруды адамды жазым етуге қуаты жететіндей етіп қайта құрастыруды меңгергендер көп. Қызығы да сол, елімізде отты қару түріне жатпайтын, тұмсығы кесілген қаруды саудалауға тыйым салатын заң жоқ. Оны кез келген адамның интернет дүкен арқылы тапсырыс беруіне болады, ал көлік-логистикалық компаниялардың курьерлері оны сатып алушының қолына тікелей жеткізіп береді. Мұндай «құралдарға» міндетті тіркеу жасалмайды. Ал одан әрі қолы іс білетін адамдар одан оңай атыс қаруын жасап алады. Бұл жағдай атыс қаруына толықтай бақылау жасауға мүмкіндік бермей отыр. Міне, қай мақсатта пайдаланғысы келерін өзі білер, дегенмен қаруға қол жеткіземін деген адамға сан түрлі қолайлы жол бар. Бұдан бөлек, газды, сигнал беруші, пневматикалық және қолдан атыс қаруы етіп жасалған тұмсығы кесілген қарулармен болған қылмыстық оқиғалар да азаймай отыр. 2018 жылы – 25 факт, 2019 жылы – 21 факт, 2020 жылы – 27 факт, ал биыл алғашқы 4 айда 10 факт тіркелген екен.Қару сатып алудың талабы жеңіл ме?
Енді заңды жолмен сатып алуға болатын қаруларға тоқталсақ. Елімізде 18 жасқа толған қазақстандық тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарынан нақты қару түрін иемденуге рұқсат алғаннан кейін азаматтық қару сатып алуға құқығы бар. Бұл «Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республика заңының 15-бабында көрсетілген. Ал 16 жасқа толған тұрғын серіппелі қаруды (садақтар мен арбалеттерді) спорттық мақсатта иемденуге, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға құқылы. Жалпы, Қазақстанда қарудың 3 санатын сатып алуға мүмкіндік бар. Олар – аңшылық, спорттық және өзін-өзі қорғау жарақтары. Көбін полиция беретін рұқсат қағаздар бойынша ғана сатып алуға болады. Бұл санатта азаматтық атыс қаруы, газ тапаншалары мен револьверлер, электр қарулары бар. Тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруы мен аңшылық пневматикалық қаруды аңшы куәлігі бар Қазақстан азаматтары ала алады. Ал осындай қаруды кемінде үш жыл ұстаған, белгіленген тәртіппен аң аулау құқығы берілген адам ойық ұңғылы (оғы алысқа ұшып, тиген жерін жайрататын) аңшылық атыс қаруын иемдене алады. Жеке және заңды тұлғалар «электронды үкімет» порталы арқылы азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатып алуға, сақтауға және тасымалдауға рұқсат сұрай алады. Бірақ әр адам қару алғаннан кейін бір апта мерзімде тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарында тіркелуі тиіс. Ал өзіңді қорғау үшін ішкі істер органдары қорғануға арналған тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруын, аңшылық және спорт қаруын, газ пистолеттері мен револьверлерін, серіппелі қаруды (садақтар мен арбалеттерді) тіркеу кезінде оны сақтау мен алып жүруге бес жыл мерзiмге рұқсат береді, оны кейін ұзартуға да болады. Аңшылық атыс қаруды ойық ұңғылы екі данадан, тегіс ұңғылы екі данадан, ал спорттық қаруды, спортшының куәлігі болған жағдайда 5 данаға дейін алуға рұқсат.Елден қару жинаудың кері әсері болды ма?
Осыдан он шақты жыл бұрын ел ішіндегі қаруды ішкі істер органдары сатып алатын процесс басталды. Әлі де жалғасып жатыр. Соған қарағанда ел ішінде қару көп тәрізді. Мысалы, 2008 жылдан бері 53 мың дана қару-жарақ жиналып, республикалық бюджеттің 1,7 млрд теңгесіне 2 миллионнан астам патрон алыныпты. Бір қызығы, биыл жыл басындағы алғашқы 3 ай ішінде осындай іс-шаралар аясында 600-ден астам қару тәркіленіп үлгерген. Дегенмен қаруын жасыратындар әлі бар. Халықта мұнша қару қайдан жүр? Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, әдетте қазақстандықтарда жүрген қарудың басым бөлігі мұрадан қалған. Одан бөлек, олар тіркеу бойынша шектеулер енгізілгенге дейін табылған не сатып алған қаруларды үйінде заңсыз сақтайды. Біз жоғарыда Алматыда 5 адамды атып өлтірген қылмыскер жайлы неге тілге тиек еттік? Ер адам «Вепрь-308» аңшы қаруын қолданған. Қаруды 2008 жылы сатып алып, кейін 2014 жылы жоғалтқанын мәлімдеген. Бірақ мылтық өзінде болғанын көріп отырмыз. Яғни, «жоғалттым» деген желеумен мұрадан қалған немесе шектеуге дейін сатып алған қаруларын жасырып ұстайды. Рұқсат етілген қарудың санын шектеу туралы шешім қабылданғанда мұндай жағдайға тап боларымызды айтқандар көп екен. «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығының атқарушы директоры Сергей Катнов іс-шараның осындай теріс әсерімен қатар жақсы да тұстары болғанын айтады.– Рұқсат етілген қару-жарақтың санын азайту туралы шешім шыққанда біз осындай боларын білдік. Бұл туралы Парламентте де, БАҚ-тарда да айттық. Кей адамдар артық қаруын өтірік «жоғалтады да», ол заңсыз пайдалануға көшеді дедік. Айтқанымыз келіп отыр. Қарудың бар-жоғын және оны сақтау ережелерін полиция қадағалайды, осы тұста олардың еңбегі зор. Қазіргі жағдай, мысалы 10 жыл бұрынғыдан жақсырақ. Ол кезде полиция тарапынан мұндай бақылау мүлде болған жоқ. Қазір бақылау едәуір жақсарды, – дейді ол.
Тыйым қылмысқа итермелей ме?
Қош, тағы бір мәселенің тиегі ағытылғалы отыр. Демек, елді қарусыздандыру процесі мен шектеулер көбейген сайын жасырын түрде қару сақтайтындар көбейген тәрізді. Елден қару жинап алуды бұрыс іс дей алмаспыз. Қылмысты азайтуға мүмкіндік туар. Дегенмен мұнда азаматтардың өзін-өзі қорғау мәселесі де бар. 2013 жылы Мәжіліс депутаттары «Азаматтық тұлғаларға қазақстандық заңдар бойынша өзін-өзі қорғау құралдарына қатысты травматикалық қаруды иеленуге тыйым салатын» түзетулерді қабылдады. Оның үстіне, қауіпсіздік қызметкерлері бұл криминогендік жағдайдың жақсаруына әкеледі деп сендірді. Қазір аңшылардың қаруы азайды. Ал халықтың қолындағы қару тәркіленді. Тәркіленді демеске шара жоқ, себебі қаруды министрлік халықтың өз салығына, нарықтағы бағадан 3-4 есе кем құнына сатып алады. Заңгер Абзал Құспан қару мәселесіне келгенде терең бойлайтын мәселелер көп екенін баяндайды. «Қаруды тәркілеуге болады, егер құқық қорғаушылар олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алса. Қауіпсіздік жайына тереңірек барсақ, кез келген мемлекетте «Әскери доктрина» болуы тиіс. Бұл бізде жасалмады. Онда «ықтимал қарсылас» деген түсінік бар. Елдің геосаяси орналасу аймағын қараңыз. Қақтығыс болған жағдайда халықтың қауіпсіздігіне жауап берер өз шамасы болғаны жөн. Қазақстандағы қару сататын дүкен иелерінің 100 пайызы ресейлік азаматтар. Әскери ұйымдардың жаттығуында да солар. Ал бізде қару ұстай алатын азаматтар аз. Кеңес Одағы кезінде мектеп қабырғасынан бастап қару ұстауға тәрбиелейтін. Қақтығыстың болу ықтималдығын ешкім жоққа шығара алмайды. Қылмыс өз алдына, осындай да мәселелер бар», – дейді маман.Расында да, қару мәселесіне қатысты түйткілдер жетерлік. Бұл тұста барлығын заңды түрде шешкен абзал. Себебі тыйым болған жерде қаруды жасыратындар табылып отыр. Ал қару ұстағанның бәрін қылмыскер деуге бола ма?
Мадияр ТӨЛЕУ