Қаруды кім ұстау керек?
Қаруды кім ұстау керек?
266
оқылды

Алматыда 5 адамның өмірін жалмаған атысты қоғам әлі талқылап жатыр. Көп өтпей Сәтбаев қаласында түн ішінде ер адамды белгісіз біреу бірнеше рет атып, мерт қылды. Бұл оқиғалар еліміздегі қару саудасына байланысты сауалдар тудырмақ. Азаматтар қаруды қайдан, не мақсатта алады? Оған қандай заңды талаптар бар? Бәлкім, ескіден қалған қаруды жасыратын болар? Әлде заңсыз сауда айналымының ықпалы артып бара ма?

Заңсыз сауданың айласы таусылмады

Шыны сол, әлемде қару сауда­сы жоқ емес, бірақ оның бәрі мем­лекетаралық келісімдерге сай, қор­ғаныс мақсатында жүргізіледі. Ал егер сол қаруды мемлекеттің ба­қылауынсыз жеке адамдар сата­тын болса, ол сөзсіз қылмыс. Бірақ заңсыз қару-жарақ сатумен айна­лысатындар оны жақсы біледі, сөйте тұра қауіпті саудаға тәуекел етіп, қылмыстық іске барады. Жалпы, елімізде заңсыз қару сауда­сына қатысты дерек көп. Әскери қоймадан заңсыз қару алып қаш­қан, шеттен белгісіз мақсатта қару кіргізген оқиғалар кездесті. Бірақ «адамнан айла асқан ба» демекші, соңғы кездері заңсыз сауданың не бір түрі шықты. Отты және басқа да қару түрлерінің құрылымын өзгертіп, сатылымға шығару белең алды. Әуел баста бос патронмен атылуға арналған, тұмсығы ойық құралдардан отты қару жасау, газды қаруды жарақаттаушы патрон­дармен оқтау, сондай-ақ сырттай қарағанда тек жарықдыбысты па­трондармен ғана атылатын сияқты болып көрінетін қаруды адамды жазым етуге қуаты жететіндей етіп қайта құрастыруды меңгергендер көп. Қызығы да сол, елімізде отты қару түріне жатпайтын, тұмсығы кесілген қаруды саудалауға тыйым салатын заң жоқ. Оны кез келген адамның интернет дүкен арқылы тапсырыс беруіне болады, ал көлік-ло­гистикалық компаниялардың курьерлері оны сатып алушының қолына тікелей жеткізіп береді. Мұндай «құралдарға» міндетті тіркеу жасалмайды. Ал одан әрі қолы іс білетін адамдар одан оңай атыс қаруын жасап алады. Бұл жағ­дай атыс қаруына толықтай ба­қылау жасауға мүмкіндік бермей отыр. Міне, қай мақсатта пайдалан­ғысы келерін өзі білер, дегенмен қаруға қол жеткіземін деген адамға сан түрлі қолайлы жол бар. Бұдан бөлек, газды, сигнал беруші, пнев­матикалық және қолдан атыс қа­руы етіп жасалған тұмсығы кесілген қарулармен болған қылмыстық оқиғалар да азаймай отыр. 2018 жылы – 25 факт, 2019 жылы – 21 факт, 2020 жылы – 27 факт, ал биыл алғашқы 4 айда 10 факт тіркелген екен.

Қару сатып алудың талабы жеңіл ме?

Енді заңды жолмен сатып алуға болатын қаруларға тоқталсақ. Елімізде 18 жасқа толған қазақстан­дық тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарынан нақты қару түрін иемденуге рұқсат алған­нан кейін азаматтық қару сатып алуға құқығы бар. Бұл «Жекелеген қару түрлерінің айналымын мем­лекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республика заңының 15-бабында көрсетілген. Ал 16 жасқа толған тұрғын серіппелі қа­руды (садақтар мен арбалеттерді) спорттық мақсатта иемденуге, сақ­тауға, алып жүруге және пайда­ла­нуға құқылы. Жалпы, Қазақстанда қарудың 3 санатын сатып алуға мүмкіндік бар. Олар – аңшылық, спорт­тық және өзін-өзі қорғау жа­рақтары. Көбін полиция беретін рұқсат қағаздар бойынша ғана са­тып алуға болады. Бұл санатта аза­мат­тық атыс қаруы, газ тапанша­лары мен револьверлер, электр қарулары бар. Тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруы мен аңшылық пневма­тикалық қаруды аңшы куәлігі бар Қазақстан азаматтары ала алады. Ал осындай қаруды кемінде үш жыл ұстаған, белгіленген тәртіппен аң аулау құқығы берілген адам ойық ұңғылы (оғы алысқа ұшып, тиген жерін жайрататын) аңшылық атыс қаруын иемдене алады. Жеке және заңды тұлғалар «электронды үкімет» порталы арқылы азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатып алуға, сақтауға және тасымалдауға рұқсат сұрай алады. Бірақ әр адам қару алғаннан кейін бір апта мерзімде тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарында тіркелуі тиіс. Ал өзіңді қорғау үшін ішкі істер органдары қорғануға арналған тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруын, аңшылық және спорт қаруын, газ пистолеттері мен револьверлерін, серіппелі қаруды (садақтар мен арбалеттерді) тіркеу кезінде оны сақтау мен алып жүруге бес жыл мерзiмге рұқсат береді, оны кейін ұзартуға да болады. Аңшылық атыс қаруды ойық ұңғылы екі данадан, тегіс ұңғылы екі данадан, ал спорт­тық қаруды, спортшының куәлігі бол­ған жағдайда 5 данаға дейін алуға рұқсат.

Елден қару жинаудың кері әсері болды ма?

Осыдан он шақты жыл бұрын ел ішіндегі қаруды ішкі істер органдары сатып алатын процесс басталды. Әлі де жалғасып жатыр. Соған қарағанда ел ішінде қару көп тәрізді. Мысалы, 2008 жылдан бері 53 мың дана қару-жарақ жиналып, республикалық бюджеттің 1,7 млрд теңгесіне 2 миллионнан астам патрон алыныпты. Бір қызығы, биыл жыл басындағы алғашқы 3 ай ішінде осындай іс-шаралар ая­сында 600-ден астам қару тәркі­леніп үлгерген. Дегенмен қаруын жасыратындар әлі бар. Халықта мұнша қару қайдан жүр? Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, әдетте қазақстандықтарда жүрген қарудың басым бөлігі мұрадан қал­ған. Одан бөлек, олар тіркеу бо­йын­ша шектеулер енгізілгенге дейін та­былған не сатып алған қа­ру­лар­ды үйінде заңсыз сақтайды. Біз жоғарыда Алматыда 5 адамды атып өлтірген қылмыскер жайлы неге тіл­ге тиек еттік? Ер адам «Вепрь-308» аңшы қаруын қол­дан­ған. Қаруды 2008 жылы сатып алып, кейін 2014 жылы жоғалт­қанын мәлімдеген. Бірақ мылтық өзінде болғанын көріп отырмыз. Яғни, «жо­ғалт­тым» деген желеумен мұра­дан қалған немесе шектеуге дейін сатып алған қаруларын жасырып ұстайды. Рұқсат етілген қарудың санын шектеу туралы шешім қабыл­дан­ған­да мұндай жағдайға тап болары­мызды айт­қандар көп екен. «Қо­рам­сақ» қару-жарақ қауымдас­тығының ат­қарушы директоры Сергей Катнов іс-шараның осын­дай теріс әсерімен қатар жақсы да тұстары болғанын айтады.
– Рұқсат етілген қару-жарақтың санын азайту туралы шешім шық­қанда біз осындай боларын білдік. Бұл туралы Парламентте де, БАҚ-тарда да айттық. Кей адамдар артық қаруын өтірік «жоғалтады да», ол заңсыз пайдалануға көшеді дедік. Айтқанымыз келіп отыр. Қарудың бар-жоғын және оны сақ­тау ережелерін полиция қадаға­лай­ды, осы тұста олардың еңбегі зор. Қазіргі жағдай, мысалы 10 жыл бұрынғыдан жақсырақ. Ол кезде по­лиция тарапынан мұндай бақы­лау мүлде болған жоқ. Қазір ба­қылау едәуір жақсарды, – дейді ол.

Тыйым қылмысқа итермелей ме?

Қош, тағы бір мәселенің тиегі ағытылғалы отыр. Демек, елді қа­русыздандыру процесі мен шек­теулер көбейген сайын жасырын түрде қару сақтайтындар көбейген тәрізді. Елден қару жинап алуды бұрыс іс дей алмаспыз. Қылмысты азайтуға мүмкіндік туар. Дегенмен мұнда азаматтардың өзін-өзі қорғау мәселесі де бар. 2013 жылы Мәжіліс депутаттары «Азаматтық тұлғаларға қазақстандық заңдар бойынша өзін-өзі қорғау құралдарына қатысты травматикалық қаруды иеленуге тыйым салатын» түзету­лерді қабылдады. Оның үстіне, қауіпсіздік қызметкерлері бұл кри­миногендік жағдайдың жақсаруына әкеледі деп сендірді. Қазір аңшы­лардың қаруы азайды. Ал халықтың қолындағы қару тәркіленді. Тәр­кіленді демеске шара жоқ, себебі қаруды министрлік халықтың өз салығына, нарықтағы бағадан 3-4 есе кем құнына сатып алады. Заңгер Абзал Құспан қару мәсе­лесіне келгенде терең бойлайтын мәселелер көп екенін баяндайды. «Қаруды тәркілеуге болады, егер құқық қорғаушылар олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алса. Қауіпсіздік жайына тереңірек барсақ, кез келген мемлекетте «Әскери доктрина» болуы тиіс. Бұл бізде жасалмады. Онда «ықтимал қарсылас» деген түсінік бар. Елдің геосаяси орналасу аймағын қара­ңыз. Қақтығыс болған жағдайда халықтың қауіпсіздігіне жауап берер өз шамасы болғаны жөн. Қазақ­стандағы қару сататын дүкен ие­лерінің 100 пайызы ресейлік аза­маттар. Әскери ұйымдардың жат­тығуында да солар. Ал бізде қару ұстай алатын азаматтар аз. Кеңес Одағы кезінде мектеп қабырғасынан бастап қару ұстауға тәрбиелейтін. Қақтығыстың болу ықтималдығын ешкім жоққа шы­ғара алмайды. Қылмыс өз алдына, осындай да мәселелер бар», – дейді маман.
Расында да, қару мәселесіне қатысты түйткілдер жетерлік. Бұл тұста барлығын заңды түрде шеш­кен абзал. Себебі тыйым болған жерде қаруды жасыратындар та­былып отыр. Ал қару ұстағанның бәрін қылмыскер деуге бола ма?

Мадияр ТӨЛЕУ