Солтүстік Қазақстан облысында медиация саласының дамуы ойдағыдай емес. Бұл көрсеткіш бойынша солтүстік өңір елімізде ең соңғы орында. Бүгінде Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бітімгершілік институтын дамытуға ден қойылып отырғанда солтүстікте бұл сала неге кенжелеп қалды?
Медиаторлардың айтуынша, адвокаттар дауласқан тараптарға бітімгершіліктің пайдасын түсіндірмейді. Кейде, тіпті істі медиация арқылы шешкісі келгендерді райынан қайтарады екен. Өйткені оларға тараптардың соттасқаны әрі даудың неғұрлым ұзаққа созылғаны тиімді. Себебі соттың әр инстанциясындағы қызметі үшін оларда жеке тариф бекітілген. Медиатор Данияр Құсайынов: «Егер дау сотқа жетпей, аяқталып қалса, адвокаттарға бұл тиімсіз. Оларға дауласушылардың соттасқаны керек. Сондықтан кейде татуласайын деп тұрған адамдарды олар соттасуға итермелеп, бітімгершіліктен бас тартуға шақырады. Олардың қызметі үшін бірінші сатыдағы сотта бөлек, апелляцияда бөлек, кассацияда бөлек қаламақы белгіленген. Сондықтан дау оларға пайдалы әрі неғұрлым ұзаққа созылғаны жақсы. Медиация оларды аса қызықтырмайды», – дейді. Бірақ адвокаттар мұны ашық айтпайды, әрине. Біз әңгімеге тартқан адвокаттардың ешқайсысы да медиацияға қарсы пікірін білдірген жоқ. Керісінше, қолдайтындарын айтты. Алайда іс жүзінде басқаша болуы мүмкін. Мәселен, Халықаралық медиация орталығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Самат Нұрмановтың тәжірибесінде кездескен жайт – адвокат істі бітімгершілікпен аяқтауға ашық қарсылығын білдіріпті. «Заң бойынша тек әкімшілік не азаматтық дауларды ғана емес, кейде жеңіл және аса ауыр емес қылмыстарды да медиация арқылы шешуге болады. Кейде ауыр қылмыстарға да медиация қолданылады. Мұндайда міндетті түрде моральдық және материалдық шығын өтелуі тиіс. Содан кейін жәбірленуші соттан қылмыскердің не күдіктінің жазасын жеңілдетуді, бас бостандығынан айырмауды сұрауға құқылы. Сот қылмыскердің жазасын жеңілдетіп, бас бостандығынан айырмай, құр шектеуі мүмкін. Сондай істердің біріне адвокатты шақырып, істі бітімгершілікпен тәмамдауды ұсынғанымызда, ол кісі қарсы шықты», – деді Самат Нұрманов. Осындай жағдайлар ара-тұра кездесіп тұратыны жасырын емес. Татуласу жолымен шешуге жатпайтын ауыр, аса ауыр қылмыстық істер, мемлекеттік органдармен кейбір даулар және басқалары – адвокаттардың «жеп отырған наны». Алайда оны бәзбіреулері азсынатын болар, бәлкім? «Бұл – медиацияның дамымай отырғанының бір ғана себебі. Сонымен қатар бұл тәсіл халық арасында аса танылмағаны да кері әсерін тигізеді. Көпшілік бұл сөзді естігенімен, мұның не екенінен хабарсыз. Сондай-ақ бүгінде соттың өзі де бітімгершілікпен айналысады. Сондықтан біз секілді жеке медиаторлар шетте қалып қойып отырған жайы бар», – дейді медиатор Данияр Құсайынов. Қызылжар өңіріне сәуір айында келген халықаралық деңгейдегі кәсіби медиатор, «RPA IMC» президентінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілетті өкілі Алтын Қалкенқызы қазір облыста медиацияны дамытуға күш салып жүр. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен, еңбек инспекциясымен, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және мемлекеттік бағдарламалар басқармасымен меморандум жасасып үлгеріпті. Осы бағыттағы жұмысты ары қарай да жалғастыра бермекші ниетте. «Солтүстік Қазақстан облысында медиация аса дамымаған екен. Сондықтан қазір өз командамдағы үш адаммен жағдайды түзетіп, осы олқылықтың орнын толтыруға атсалысып жүрміз. Халық бізді таңдай бастады. Өйткені дауды бейбіт жолмен шешу көпшіліктің көңілінен шығады. Сондықтан медиация барлық салада қолданылуы тиіс», – дейді Алтын Бесембаева.ЕШКІМНІҢ ЕСЕСІН ЖІБЕРМЕУ КЕРЕК
Бүгінде білекке емес, білікке салып, араздасқандарды бәтуға келтіру бағытында еліміздің жүргізіп отырған саясаты құптарлық. Осыдан он жыл бұрын «Медиация туралы» заң қабылданып, жаңа, бірақ қазақ даласында бұрыннан бар байырғы мамандық иелері енді іске кіріскен кезде, мәмілегерліктің болашағына күмәнмен қарағандар қатары қалың еді. Бұдан түк шықпайды деушілер де кездескен. Алайда қазір көріп отырғанымыздай, соттарда медиациямен аяқталатын істер баршылық. Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Айдар Смағұловтың айтуынша, облыс бойынша биылғы сегіз ай ішінде 898 азаматтық іс татуласу рәсімдерін қолдана отырып қаралған. «Бұл – барлық қаралған істердің 22 пайызы. Былтыр жыл бойына 726 іс, яғни барлық істердің 15 пайызы ғана медиация арқылы қаралғанын ескерсек, едәуір өсім бар екенін байқаймыз. Ал апелляциялық сатыдағы істерге келсек, биылғы сегіз айда татуласу рәсімдерін қолдану арқылы 11 іс қаралған. Былтыр жыл бойына 14-ақ іс қаралған болатын», – дейді Айдар Әскербекұлы. Сотқа жүгінген адамдарға ең алдымен ашуды ақылға жеңдіріп, ымыраға келу ұсынылады. Себебі бұл тараптардың қайсысына болса да тиімді. Мұндай жолмен дауды аз уақыт ішінде толығымен шешуге болады. «Сотқа түскен істер тек медиациямен емес, басқа да татуласу рәсімдерін қолдана отырып қаралады. Татуласудың үш түрі бар: татуласу келісімі, медиация тәртібімен реттеу келісімі жане партисипативтік тәртіппен реттеу келісімі. Талап арызды қабылдағаннан кейін тараптарды татуластыруға жәрдемдесу міндетті. Сондықтан сот тараптардың татуласуы үшін шара қолданады, оларға дауды процестің кез келген сатысында реттеуге көмектеседі. Татуласу келісімін қолданса, ол тек талап қою арызында көрсетілген негізімен және нысанасымен қаралады. Ал медиацияда даудың негізін немесе нысанасын өзгертуге болады. Медиациямен тараптардың арасындағы дауды толық шешуге болады», – дейді Айдар Смағұлов. «Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» шешім тауып, тараптардың ешбірінің есесін жібермей, мүддесін түгендеу – медиатордың міндеті. Түйінді тарқату үшін мәмілегердің де шеберлігі қажет-ақ. «Біздің тәжірибемізде жеке сот орындаушыларының әрекетіне, шаруашылық мәселелеріне, еңбек қатынастарына, неке және отбасына қатысты даулар көп кездеседі. Мұндайда біз өз қызметімізді ұсынамыз. Адвокаттарға қарағанда төлемақы әлдеқайда аз. Әрі тараптар қаншама уақытын үнемдейді. Сот сергелдеңі жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Ал медиация арқылы дауды әрі кетсе он күннің ішінде шешіп, тараптар өз жөнімен жүре береді. Сондықтан бітімгершілік барлық заңгерлердің, соның ішінде адвокаттардың да құралына айналуы керек деп ойлаймын», – дейді заңгер, медиатор Самат Нұрманов. Айтқандай, тараптарды бәтуаға келтіріп, татуластыру – адвокаттардың да қолданатын тәсілі. Бірақ олар істі сотқа дейін жеткізіп барып, гонорарын қалтаға түсіргеннен кейін ғана бәтуалы уәжге келіп, тіл табысуды ұсынатын көрінеді.БІТІМГЕРЛІК – БІРЛІК БАСТАУЫ
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Гүлзия Едіресова да адамның ең басты байлығы – алтын уақытын соттасуға жұмсағанын қолдамайды. «Егер татуласу тәртібімен есебін табуға болатын іс болса, одан да тараптардың ымыраға келгені жақсы. Әрі жүйкесі де жұқармайды. Бұрын бір де бір заңда мемлекеттік органмен татуласуды қарастыратын норма болмап еді. Қазір осындай мүмкіндік берілгені қазақстандық құқық жүйесі үшін кәдімгідей прогресс деуге болады. Биылдыққа облыс бойынша мемлекеттік органдарға қатысты 165 талап арыз түссе, соның 100-і қаралып, 27-сі татуласумен тәмамдалды. Тәжірибе көрсеткендей, көбінесе, жеке сот орындаушылары, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, табиғи монополиялар, еңбек департаментіне қатысты істер жиі кездеседі. Бұрын мемлекеттік органдар халыққа «Бірдеңе ұнамаса, сотқа жүгініңіз» дей салатын. Қазір лауазымды тұлғалар да бұл тығырықтан шығар жол емес екенін, татуласуға болатынын түсініп отырғаны қуантады», – дейді судья Гүлзия Мырзаханқызы. «Медиация және Достастық құқығы орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Галина Пехотина мен халықаралық деңгейдегі кәсіби медиатор, «RPA IMC» президентінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілетті өкілі Алтын Қалкенқызының да пікірі осыған саяды. «Біреуді темір тордың арғы жағына қамағаннан пайда жоқ», – дейді олар. Сондықтан кейбір істерді міндетті түрде бітімгерлікпен тәмамдауды міндеттеу мәселесі заңмен бекітілгені игі.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы