Елжан Біртановтың адвокаттары халықаралық сотқа жүгінетінін мәлімдеді
Елжан Біртановтың адвокаттары халықаралық сотқа жүгінетінін мәлімдеді
© azattyq-ruhy.kz
Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың адвокаттары мен қорғаушылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, үндеу жолдады. Олар Президенттен экс-министрді қудалауды тоқтатуға араша болуды өтінді, - деп хабарлады azattyq-ruhy.kz.
Бүгін ZOOM арқылы журналистердің басын қосқан экс-министрдің бауыры - қоғамдық адвокат Ержан Біртан інісі Елжан Біртанов пен бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке қатысты қылмыстық іс халықаралық дауға айналуы мүмкін екенін де жасырмады.
«Біз бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық қудалауды мерзімінен бұрын тоқтату бойынша көмек сұрап, өзіңізге шын жүректен өтініш білдіреміз. Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, Ericsson Nikola Tesla компаниясы келісімшарттық міндеттемелерін орындамаған. Дегенмен ENТ жазбаша түрде керісінше дәлел келтіреді, келісімге сәйкес платформаның техникалық қолдауын 2021 жылдың 5 қарашасына дейін жүргіздік деп көрсетеді. ENT пиғылының дұрыс еместігін бетке басу халықаралық арбитражға жүгіну себебі бола алады. Халықаралық сот ісі салық төлеушілердің қалтасына салмақ салады», - деді бүгінгі пресс-конференцияда Ержан Біртан.
Біртановтың үлкен ағасы ҚМА 2020 жылдың 31 наурызындағы аудиторлық есепке сүйене отырып, ұрлық бабы бойынша тергеуді бастағанын атап өтті. Алайда, оның айтуынша 14 ай өткен соң, ұрлықты дәлелдемей-ақ, «жобаның мәні мен келісімшарт талаптары әдейі бұрмаланып», күдікке тағылған айып қызмет бабын теріс пайдалану деп қайта өзертілді. Ержан Біртанның айтуынша, 2018 жылдың соңында Ericsson Nikola Tesla платформаны әзірлеу және жеткізу бойынша жұмыстың бір бөлігін аяқтаған, ал Денсаулық сақтау министрлігі оны келісімшартқа және ҚР заңнамасына сәйкес қабылдап алған. Келісімшартта қазақстандық ведомстволар платформаны басқа ақпараттық жүйелермен интеграциялауы керек екендігі көрсетілген. Кейбір жүйелер 2019-2020 жылдары интеграцияға дайындалып, сынақтан өтті. Бірақ 2020 жылдың мамырында ҚМА оны енгізу жұмыстарын орта жолдан тоқтатқан. Платформа Президенттің 2020 жылдың қазанындағы талабынан кейін бұғаттан шығарылды. Ал қазір Денсаулық сақтау министрлігі мен Цифрлық министрлік оны енгізуді жалғастыруда.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біздің алдымыздағы сюрреализм стиліндегі картина тұр. Үкімет Платформаны енгізу бойынша жұмысты әлі жалғастырып жатыр. ENT оған техникалық қолдау көрсетуде. Бірақ ҚМА мен Бас прокуратура Елжан Біртановты заңсыз қолға алынған тергеуді, ұстауды және тұтқындауды ақтап алу үшін аталған платформа жұмыс істемейді, ал ENT өз міндеттемелерін орындамады дегенге қоғамды сендіру үшін жанталасып бағуда. 2021 жылдың 5 қарашасында Платформаны қамсыздандыру бойынша берілген үш жылдық кепілдік мерзімі аяқталады. Сізден Конституция кепілі ретінде осы заңсыздықты тоқтатып, елімізге зиян келтірмеуді сұраймыз», - деді Ержан Біртан.
Экс-министрдің үлкен ағасы Ержан Біртан өзіне, өз отбасына, туыстарына, тіпті әріптестеріне тергеу тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын айтты.
«Тергеу органы белгілі бір адамға қызығушылық танытып, жауап алуға шақырады, ал ол адам осы істегі фигурантқа айналады және оған Елжан Амантайұлымен байланысуға тыйым салынады. Біз өзімізді басқа әлемде жүргендей сезінеміз. Барлығы кінәсіздік презумпциясы принципін ұмытып кеткендей, біз түйе емес екенімізді дәлелдеуіміз керек. Айыптаушы тарап кінәні дәлелдеуі керек», - деді Ержан Біртан.
Еске салайық, 14 қыркүйекте күдікті Елжан Біртановтың үйқамақта болу мерзімі екі айға, яғни 2021 жылдың 14 қарашасына дейін ұзартылды. Айта кетейік, Елжан Біртанов Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша 2020 жылдың 25 маусымында Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылған. 2020 жылдың 3 қарашасында экс-министрге қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. 2020 жылдың 7 қарашасында төрт айға үйқамаққа алынды; 2021 жылдың 12 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты экс-министрдің үйқамақтағы мерзімін наурыз айының соңына дейін ұзартты; 2021 жылдың 6 мамырында сот Елжан Біртановтың үйқамақ уақытын 14 маусымға дейін созды; 2021 жылдың 9 маусымында Біртановтың үйқамақ уақыты 14 шілдеге дейін созылды; 2021 жылдың 14 шілдесінде сот экс-министрдің үйқамақ мерзімін 14 қыркүйекке дейін ұзартты; 2021 жылдың 14 қыркүйегінде экс-министрдің үйқамақ мерзімі 14 қарашаға дейін ұзартылды.