Мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі заң жобасына түзетулер әзірленген және онда «мүгедек» терминін қолдануды алып тастау жоспарланып отыр. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов айтты.
Оның айтуынша, сонымен бірге мүгедек балалардың ата-анасының біреуіне немесе қамқоршысына санаторий-курорттық емделуге тегін жолдама беру қызметі заңдастырылады. «Заң жобасында «мүгедек» деген кемсітушілік терминін алып тастау сияқты нормалар қарастырылған. Сонымен бірге мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыға «мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы» мәртебесін беру қарастырылған. Бүгінде мұндай мәртебе жоқ. Мүгедек балалардың ата-анасының біреуіне немесе қамқоршысына санаторий-курорттық емделуге тегін жолдама беріледі. Бүгінде бұл шара заңды түрде бекітілмеген», − деді вице-министр ОКҚ алаңында өткен брифингте. Сонымен бірге ведомство өкілі мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі квотаны орындамағаны үшін жұмыс берушілердің төлемдерін міндетті түрде өтеу тетігі заңнамалық түрде енгізілетінін атап өтті.М. ҚАЙРАТ