Журналист Гүлмира Аймағанбет Facebook-тағы жазбасында 1-сынып оқушысының жазу дәптерінде «өл» сөзін жазу туралы тапсырма берілгенін жазған. «Менің алтын жазу үлгім» дәптерінің авторы – С.Трофимова.
Әлеуметтік желіде ата-аналар бұл жағдай шектен шыққандық екенін айтып, жағымсыз сөзді балаға жаздыртудағы мақсат қандай екенін сұраған.
[caption id="attachment_163461" align="aligncenter" width="675"] «Менің алтын жазу үлгім» дәптері. Фото: tengrinews.kz[/caption]
Оқырман «Өлі несі? басқа сөз таппаған ба?», «Жүре берсең көре бересің» деген осы болар», «Өс, өн десе де болады ғой», «Масқара, осыны қадағалайтын органдар қайда қарап отыр?» деп пікір жазды.
[caption id="attachment_163464" align="aligncenter" width="675"] Фото: tengrinews.kz[/caption]
Білім және ғылым министрлігі өкілдері бұл жазу дәптері бекіткен мектептерге арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер тізбесіне енгізілмегенін хабарлады. Сондай-ақ, дәптер мемлекеттік сараптамадан өтпеген.
«ҚР «Білім туралы» заңына және ҚР Білім және ғылым министрінің 24.07.2012 жылғы № 344 бұйрығына сәйкес мемлекеттік бюджет есебінен тек оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер ғана сараптамадан өткізіледі. Оқу-әдістемелік кешен дегеніміз – оқулықты сүйемелдейтін, міндетті талаптарға сәйкес әзірленген әдістемелік нұсқаулық, жұмыс дәптері, хрестоматия, диктанттар жинағы, тапсырмалар мен жаттығулар жинағы, картографиялық атлас. Бұдан басқа оқу басылымдары мемлекеттік бюджет есебінен өткізілетін сараптамаға қабылданбайды» делінген министрлік жауабында.
Бірақ, ведомство мәліметінше, мемлекеттік білім беру ұйымдарына мұндай жазу дәптері сияқты қосымша оқу басылымдарын таңдау құқығы берілген. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрінің 19.01.2016 жылғы №44 бұйрығының 38-тармағында айтылған екен.
Сондықтан мұндай оқу басылымдарын сатып алмастан бұрын олардың сапасына, мазмұнына, қажеттілігіне ұйымның педагогтері мен әдістемелік бірлестіктері мұқият қарауы қажет екені айтылады.