Спортшыға азаматтық ауыстыру қиын емес
Спортшыға азаматтық ауыстыру қиын емес
© коллаж: Елдар Қаба
294
оқылды

Спортшылардың көп қол­данатын әдісі – азаматтық ауыс­тыру. Бұл істе саң­лақ­тар­ға таңдау жасау мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, олар қай елдің атынан сынға түсу керегін өздері шешіп, таңдау жасай алады. Азамат­тығын ауыс­тыру керек болса, ол қа­дам­ға да барады.

Жалпы, азаматтық алу, аза­маттық ауыстыру мәселесі бұған дейін де аз жазылған жоқ. Бұл ретте ұлттық құрамаларға легионер шақыру, ішкі біріншіліктегі шетелдік легионерлерді жерсіндіру мәселесі қай уақытта да өзектілігін жойған емес. Мұндай үрдіс бүгінде барлық спорт түрінде кең етек алған. Қазақстан хоккей құрамасының америкалық, кана­да­лық легионерлерге азаматтық бергенін, футзалда да үш-төрт бра­зилиялық ойыншының әлем­дік ареналарда ел намысын қорғап жүргенін отандық спорт жан­күйер­лері жақсы біледі. Күні кеше футзалдан Қазақстан ұлттық құра­масы Әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды. Оған әрине бірінші кезекте құрама сапында өнер көрсететін, Қазақстан азаматтығын алған үздік легионер­лердің де үлесі зор болды. Бұл ретте азаматтық мәселе­сінде көп сөз болатын мәсе­лелердің бірі – шетелден келген спортшыларға қатысты болып жүргенін айта кету керек. Еліміз­дің атынан Олимпиадаға, Әлем чемпионаттарына қатысуға ниет білдірген спортшылар міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы шарт. Сондықтан бұл салада соң­ғы жылдары ел азаматы атан­ған­дар көбейіп келеді. Кейінгі кезде еліміздің жеңіл атлетикасын дамыту мақсатында шетелден ал­дырылған бірнеше спортшыларға азаматтық берілді. Мәселен, өткен жылы кения­лықтар – Каролин Кипкируи, Дэйзи Джэпкимэй, Шэдрака Коэча сынды спортшылар және олардың бапкері әрі менеджері Кеннет Ротич Қазақстан төл­құжатына қол жеткізді. Бұл жаңа­лықты бірі қолдаса, енді бірі мұндай шешімге қар­сылық танытып жатыр. Өз кезегінде елімізде спортшыларға аза­маттық беру тәртібі туралы белгілі спорт журналисі Есей Жеңісұлы айтып берді. – Аталған мәселе спортты сүйетін жан­күйерлердің көке­йінде көптен бері тұрған сұрақ десе де болады. Заң бойынша Қа­зақ­­станда кемінде 5 жыл тұр­ған, осы елдің суын ішіп, ауасын жұтқан азаматтар ала алады. Бірақ спортта, жалпы, Қа­зақ­­станда ғана емес, әлемде аза­мат­тықты жылдам беру үрдісі қа­шаннан-ақ бар, – дейді белгілі спорт журналисі Есей Жеңісұлы.

Қазақстандық спортшылар­дың арасында өзге елдің аза­маттығын алған спортшылардың бірі – Бибісара Асаубаева. Шахматшы қыз Ресей азаматтығын алып, көршілес ел феде­рация­сының атынан әлемдік жарыс­тарға қатысты.

Расымен шет елде өзге мемле­кеттің атынан сынға түсіп жүр­гендер жетерлік. Олар аз уақыттың ішінде азматтығын ауыстырып, өзге елдің азаматы атанып шыға келеді. Айталық, Америкада қай спорт түрі болмасын, бәсекелестік өте жоғары. Олар үшін кез келген спорт түрінде бірінші болу басты міндет саналады. Кезінде Перу азаматтығын алған америкалық жеңіл атлет Дэвид Торренс өз елінде бәсекелестік жоғары бол­ған соң, мүмкіндігін пайдалану үшін Перу елінен жарысқа шы­ғуды ойлады. Спортшы көп өтпей сол елдің азаматтығын алады. Бұдан шығатын қорытынды, егер спортшы өз елінің атынан әлемдік жарыстарға жолдама ала алмаса, мықты спортшылардың тасасында қалса, онда басқа елдің атынан үлкен жарыстарға қаты­сып, же­тіс­тікке жете алады. Бұл ретте спорт­­шыларға бірінші кезекте барлық жағынан жағдай жасалуы керек. Қазақстандық спортшылар­дың арасында өзге елдің аза­маттығын алған спортшылардың бірі – Бибісара Асаубаева. Шахматшы қыз Ресей азаматтығын алып, көршілес ел феде­рация­сының атынан әлемдік жарыс­тарға қатысты. Бибісараның анасы мұндай шешімге Шахмат федерациясымен болған келіспеушіліктен соң және ресейлік жат­тықтыру­шының жарысқа шақы­рып, сол жерде жақсы нәтижеге қол жеткізе бастағаннан кейін ауысқанын айтты. Бибісара Ресей атынан сынға түсіп, әйелдер арасында ең үздік шах­мат­шылардың 50 тізіміне енді және әлем чемпионы атанды. Кейін 2019 жылы шах­маттан 5 дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева елге оралды. Бибісараның елге оралу себебі туралы анасы Лиана Таң­жарықова Facebook-тегі парақ­шасында жазды. Онда ол қызы­ның шахматтан Қазақстанда же­тістікке жете алмай жүргенін, оған көптеген кедергілер жасал­ғанын, жарыстарға шақырылмай қалғанын ашық айтты. Осындай жағдайдан соң анасы қызын алып, Ресейге кетуге шешім қабыл­­даған. Көп өтпей спортшы қызға Маңғыстау облысынан қайта ұсыныс түсіп, Бибісара араға бірер жыл салып Отанына оралды. Ал кезінде Ресейдің шақыр­туын құп ал­маған мәнерлеп сыр­ғанаушы Элизабет Тұр­сынбаева­ның анасы Падишахан Сұлтан­алиева ресейлік «Матч ТВ» телеарнасына берген сұхбатында Олимпиадаға Қазақстан атынан шыққаны үшін өкінетінін айтып қалды. Ертесіне жақында мансабын аяқтаған Элизабет анасының ресейлік басылымға берген сұх­баты үшін кешірім сұрап, желі қолданушыларынан анасының сөзіне қатысты жағымсыз пікір жазбауын өтінді. Айта кетейік, бір кездері осы мәнерлеп сырғанау­шымызға Ресейден, өзге де мемлекеттерден бір емес, бірнеше рет шақырту келіп түскен. Алайда Элизабеттің ата-анасы спортшы қызының Қазақстанның атынан өнер көрсетуін дұрыс деп санаған. Қазақстанға футзал мен ауыр атлетикадан бөлек күрес пен теннистен де легионерлер көбірек келе­ді. Басқа да спорт түрлерінен шақырту алатын өзге елдің спортшылары аз емес. 2004 жылғы Афина олимпиадасында грек-рим күресінен қоржынымызға күміс жүлде салған Георгий Цурцимия­ның Грузия­ның тумасы екенін көпшілігі жақсы біледі. Сондай-ақ теннистен Михалин Кукушкин, Андрей, Голубев, Александр Бублик, Ярослова Шведова, Юлия Путенцесова, Елена Рыбакина және т.б. спортшылар – Ресейден келгендер. Бірақ аталған легионерлер белгілі дәрежеде ел спортының ілгерілеуіне өз үлесін қосып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қорыта айтқанда, азаматтық ауыстыру – әр спортшының өз еркіндегі іс. Бұл әлемдік спорт­тағы процесті ешкім тоқтата алмайды, тоқтату да мүмкін емес.

Абылайхан ЖҰМАШ