Бүгін сағат 08:30-дағы жағдай бойынша Алматы облысы Ескелді ауданы Қора шатқалындағы өрт сөнген жоқ.
Алматы облысы ТЖД-нің мәліметінше, өрт шыққан жерде Талдықорған орман шаруашылығы, Қазавиаорманқорғау, Алматы облысы ТЖД, жергілікті атқарушы органдар өртті сөндіруге жұмылдырылған.
Тікұшақтан су шашып жатыр. Оқиға орнында штаб ұйымдастырылды. Үздіксіз байланысты ұйымдастыру үшін командалық-штабтық машина, аэровизуалды бақылау үшін пилотсыз ұшу аппараты бар жедел топ-дрон жіберілді.
Өртті сөндіруге барлығы 105 адам, 17 бірлік техника, 8 мотопомпа: Алматы облысы ТЖД-нің 51 қызметкері, 10 бірлік техника және 4 мотопомпа, Талдықорған орман шаруашылығынан 35 қызметкер, 5 бірлік техника және 4 мотопомпа, Қазавиаорманқорғау мекемесінен 5 қызметкер және жергілікті атқарушы органдардан 10 қызметкер мен 2 бірлік техника, сондай-ақ ТЖМ «Қазавиақұтқарудың» тікұшағы және 4 адам экипаж жұмылдырылды.
Елді мекендерге өрттен қауіп жоқ. Ең жақын елді мекен – Текелі қаласы 17 шақырым қашықтықта орналасқан.
Өрт 27 қыркүйекте сағат 15.19-да Алматы облысы Ескелді ауданының Қора шатқалындағы орманнан басталды. Өрт 25 гектар аумақты шарпыды.