22 жастағы жігіт 7 үй тонаған
22 жастағы жігіт 7 үй тонаған
© inform.kz
475
оқылды
Қызылордалық полицейлер бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 22 жастағы қала тұрғынын қолға түсірді. Күдікті  қала аумағында орналасқан 7 үйді тонаған. Жұмыссыз жігіт үй иелерінің жұмыста болғанын  пайдаланып, қымбат үлгідегі Айфон телефондарын, велосипед, алтын бұйымдарды, тұрмыстық техникаларды және үй иелеріне тиесілі ақшаларды қолды еткен. Ұрлаған дүниелерді сатып, алтындарды ломбардқа өткізген.   Қызылорда қалалық Полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің  қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктіні қолға түсірген. Қазіргі таңда әккі пәтер ұрысы уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынып, кінәсін  толық мойындапты.
«Күдікті  үйлерге ұрлыққа түспес бұрын тыңғылықты барлау жұмыстарын жүргізген. Әр үйге әр түрлі жолмен кірген.  Көбінде пластик терезені күштеп ашу арқылы үйге енген. Бұл дерек  бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп – тексеру амалдары жүргізілуде.  Мұндай әдіспен жасалған ұрлық үшін күдікті 3-7  жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін» делінген Қызылорда қалалық Полиция басқармасы таратқан хабарламада.
Полиция қызметкерлері  күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын  тексеріп жатқан көрінеді.  Бұдан бөлек, сыбайластарының бар-жоғын да анықтауда.  

Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,

Қызылорда облысы