Семей полицейлері жалған вакцина паспортын жасағандарды анықтады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Семей қалалық ПБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021 жылғы 16 қыркүйекте Семей қаласындағы медициналық мекемелердің бірінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация туралы құжаттарды қолдан жасап, өткізумен айналысатын мекеме қызметкерлеріне қатысты жедел ақпарат келіп түсті.
Семей қаласы ПБ қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында шілде айында қызметтік мүмкіндігін негізсіз пайдалану арқылы төлқұжаттарды қолдан жасаумен және өткізумен айналысқан Семей қаласының 27 жастағы тұрғыны анықталып, қолға түсті.
«Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы ҚК 385-бабының 1-бөлігі “Жалған құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді, бланкілерді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау дайындау немесе өткізу» бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта аталған қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деп түсіндірді Семей қ. ПБ бастығы полиция полковнигі Шалқар Құнанбаев.