Атырауда төрт айлық туған баласын 38 жерден пышақтаған әйелге қатысты сот басталды
Атырауда төрт айлық туған баласын 38 жерден пышақтаған әйелге қатысты сот басталды
Фото: ratel.kz
298
оқылды

Сот сараптамалық зерттеу нәтижесінде, қатыгез әйел сәбиін 38 жерден пышақтағаны анықталды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Күдіктінің күйеуі: «Әйелім босанған соң психикалық ауытқу байқалды» дейді. Тіпті сәбиі жылаған кезде көзіне елес көрінетінін жиі айтқан. Әйелін емшіге көрсеткенімен, дертіне дауа таппапты.

Прокурор Нұрболат Әбілов: «Нәрестенің өлімі жүрек қабығын жарақаттап, оң жақ қабықшасын жарып, кеудесін тесіп өткен. Өлім түйреп тесілген жарақат салдарынан, жүректің қансырауынан болғаны анықталды», – деді.

Бес ай бойы тергелген күдікті бүгінгі сот отырысына қатыса алмады. Өйткені 42 жастағы әйел психологиялық диспансерде қатаң бақылауда жатыр. Ондағы мамандар әйелдің диагнозын сот отырысы аяқталғанша айтуы тиіс. Дәрігерлер осы күнге дейін науқастың бауыр еті – баласын іздеп немесе өткен іске өкінген әрекетін байқамаған. «Бірақ жағдайы әзірге тұрақты» дейді мамандар. Сәуір айында Көптоғай ауылының тұрғыны төрт айлық сәбиін үйінде пышақтап өлтірген. Ол кезде күйеуі аудан орталығына кеткен екен.

Атырау облысы психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Дамир Қожамтаев: «Қазір ол әйел сот шешімімен тамыздың 20-сынан бері бізде емделуде. Оның диагнозы әзірге дәрігерлік құпия болып саналғандықтан, айта алмаймын. Бірақ жүйке жүйесінде ауытқу бары жасырын емес. Сот шешімі шықса, науқас әйелді Алматыға емге жіберуіміз мүмкін. Әзірге бақылауда ұстап отырмыз», – деді.