Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкербаев жалпыұлттық декларациялаудың бірінші кезеңіне қатысты қорытындыны жария етті. Мұнда мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларға және жұбайларына тиесілі активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтер қарастырылады.
"Декларация тапсырған 497 мың адамның 440-да дүниежүзі бойынша 58 түрлі елдегі банкілерде есепшоты бар екені анықталды. Шетел асқан активтердің жалпы сомасы 691 млрд теңгені құрап отыр. Бұл қаражаттың біраз бөлігі, яғни 140 жеке тұлғаның есепшоты Ресейдегі банкілерде ашылған. 65 жеке тұлға ақшасын АҚШ банкілерінде сақтағанды жөн көрсе, 38-і швейцариялық қаржы институтына сенім артады екен", - дейді Іңкербаев.
Сондай-ақ 494 адам Қазақстаннан тысқары аймақтардағы 666 жылжымайтын мүлкін декларациялапты. Бұл үйлердің әлемнің 26 түрлі елінде орналасқаны мәлім. Оның 436-сы Ресейде, 44-і БАӘ-де, 38-і Түркияда екен.
"1030 жеке тұлға 49 түрлі шетелдегі 1198 автокөлігін декларациялады. Оның 292-сі Ресейде, 235-і Арменияда, 221-і Жапонияда, 162-сі Германияда", - деп мәлімдеді Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі.
Сонымен қатар, Іңкербаевтың мәліметтері бойынша, Ресей, Кипр, БАӘ сияқты шетелдердегі жеке құрылымдарда 47 қазақстандық жеке тұлғаның үлесі бар болып шықты. Сондай-ақ 1165 адамның тұрғын үй құрылысына үлескер ретінде қатысып жатқаны белгілі болды. 11 түрлі елдегі 1603 жылжымайтын мүлік нысанының 1568-і – Қазақстанда салынып жатқан үйлер.
Қазақстандық шенеуніктердің бұдан өзге мынадай активтері бар екені мәлім болды. 116 адам инвестициялық алтынды декларацияласа, енді біреулері 25 түрлі елдегі 918 құнды қағазы барын көрсетті. 608 адамның 635 түрлі инвестициялық қорда үлесі бар болса, 212 жеке тұлға зияткерлік меншік немесе авторлық құқық нысанының 218-не иелік етеді. 355 адамда дебиторлық, ал 578-де несие қарызы бар.
Айта кетейік, 2025 жылға дейін Қазақстанның әрбір тұрғыны жалпыұлттық декларацияны тапсыруы тиіс.