Қылмыстық топтың басшысы ұсталды
Қылмыстық топтың басшысы ұсталды
255
оқылды
Есірткі шөбін егіп, иен байлыққа кенелмек болмақ қылмыстық топ қызылордалық полиция қызметкерлерінің құрығына ілікті. 1 маусым мен 30 қазан аралығында республика аумағындағы өтіп жатқан «Қарасора-2021» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Арал ауданындағы Жеңішкеқұм ауылынан 100 шақырым жердегі есірткі алқабын анықтаған.  Сақшылар ҚР Ұлттық Ұланының 5547 әскери бөлімінің жасағымен бірлесіп,  МИ-8 үлгісіндегі тікұшақпен далалық аумақтарды барлау кезінде есірткі алқабын байқаған. Жедел іс-шаралар жүргізу барысында алқап басынан 35 және 58 жастағы тұрғындар ұсталыпты. Күдіктілер 2 мың 479 түп сора өсімдігін өсіріп, баптағаны үшін қылмыс үстінде айғақты заттарымен ұсталды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы  Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Тыңғылықты тергеп-тексеру нәтижесінде қылмыстық топ мүшелерін азық-түлікпен және қаржылай көмекпен қамтамасыз еткен Қызылорда қаласының 39 және 42 жастағы тұрғындары да қолға түсті. Олардың осы қылмыстық топқа жетекшілік еткендігі дәлелденіп, уақытша ұстау абақтысына қамалды.  

              Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,

Қызылорда облысы