«Электронды дүкен» – жаңа ақпараттық жүйе
«Электронды дүкен» –  жаңа ақпараттық жүйе
491
оқылды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысында депутаттар «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады.

Құжаттың басты мақсаты – мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, сатып алу рәсімінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту. «Қаржы министрлігі Электронды қаржы орта­лығы­ның деректеріне сәйкес, 2020 жылы жасалған мемлекеттік сатып алу шарттарының көлемі 5,9 трлн теңге болған. Оның ішінде 2,4 трлн теңгеден астам сомаға тең шарттар тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен жасалған. Бұл көрсеткіш мемлекеттік сатып алулардың жалпы көлемінің 40 пайыздан астамы немесе ЖІӨ-нің 3,6 пайызы», – деді сенатор Еділ Мамытбеков. Заң жобасындағы жаңашылдықтардың бірі – бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға қажетті негіздемелер санын қысқарту. Осыған орай әлеуетті өнім берушілер мемлекеттік сатып алуды тауарлар мен олардың бағалары туралы ақпаратты орналастыратын Мемлекеттік сатып алу веб-порталы интеграциялаған жаңа ақпараттық жүйе – электрон­дық дүкен арқылы жүргізу ұсынылып отыр. Мұндай сатып алулар жалпы құны АЕК-тің 4000 еселенген мөлшерінен аспайтын біртекті тауарларға жүргізіледі. Сенаторлар заң жобасын жан-жақты талқылаған соң, аталған құжатты екінші оқылымда қарау туралы шешім қабылдады.

А.СҰЛТАН