Air Astana Skytrax World Airline Awards рейтингісінде тоғызыншы рет «Орталық Азияның үздік әуекомпаниясы» атанды. Air Astana әуекомпаниясы Skytrax марапаттарын 2012-2019 жылдар аралығында алды. Skytrax марапаттау бағдарламасы өткен жылы пандемияға байланысты тоқтатылған.
«Пандемияның сын-қатеріне қарамастан, жоғары қызмет көрсету өз маңыздылығын жоғалтпады», – деді Air Astana-ның президенті Питер Фостер. «Жолаушыларымызға сенімдері үшін, сондай-ақ аласапыран кезеңде қайсарлық танытқан әріптестеріме ризамын».
«Соңғы 18 ай бойы жалғасып келе жатқан әлемдік дағдарысқа қарамастан, Air Astana әуекомпаниясы ұшу кезінде қызмет көрсетудің жоғары стандарттарын ұстанып, «Орталық Азияның үздік әуекомпаниясы» санатындағы көшбасшылығын сақтап келеді», – деді Skytrax-тың бас директоры Эдвард Плейстед.
Skytrax зерттеуі жолаушылардың қанағаттанушылығын анықтау үшін жүргізіледі. 2019 жылдың қыркүйегі мен 2021 жылдың шілдесі аралығында 13 миллионнан астам жолаушы сауалнамадан өтті. Әуекомпаниялардың қызмет сапасы жердегі және борттағы қызмет көрсету өлшемшарттары негізінде бағаланды.