Түркістан облысында екі бірдей газ өлшеу стансасының құрылысы аяқталды.
«ҚазТрансГаз» ұлттық операторы салған еліміздегі бірегей жоба «Жетісай» және «Шардара» газ өлшеу стансалары деп аталады. Олар «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасының құрылымына енгізілді. Енді Өзбекстаннан келетін газ өзімізде бақыланып, еліміздің барлық операторына таратылады. Бұл туралы салаға жауапты мамандар айтып өтті. «Бұрын мұндай шаралардың барлығы Өзбекстан мемлекетінде жүргізілетін. Енді заманауи құрылғылар Өзбекстан Республикасының аумағынан «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының магистральдық газ құбырлары жүйесіне түсетін газды есепке алуды өлшеу дәлдігін және газдың сапалы көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік береді. «Жетісай» және «Шардара» газ өлшеу стансалары газ шығынының көлемін өлшеу дәлдігіне қол жеткізіп қана қоймай, сондай-ақ газ компонентінде құбыр металына кері әсер ететін химиялық элементтердің болуын уақытылы анықтауға мүмкіндік беретін аса заманауи және дәлдігі жоғары жабдықпен жабдықталған жоба біздің елімізде де бар», – деп атап өтті «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» филиалы директорының орынбасары Абай Байқұлов. Айта кетейік, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасының құрылымына енгізілген нысанның бірі – «Жетісай» газ есептеуіш стансасы. Өнімділігі сағатына 834 мың текше метрді құрайды. Ауқымды нысан «Бұқара газды ауданы – Ташкент – Бішкек – Алматы» магистральдық газ құбырының 372 шақырымында орналасқан. Ең соңғы заманауи жабдықтармен салынған стансаның басты нүктесі – газ өлшеу торабы. Мамандардың айтуынша, бұл халықаралық стандарттарға сәйкес дүниежүзіндегі ең дәл есептеуіш. Ал дәл осындай екінші нысан «Шардара» газ өлшеу стансасы. Жобалық газ қысымы 7,5 МПа (75 кгс/см2) және өнімділігі сағатына 834 000 м3 болатын «Газли-Шымкент» магистральдық газ құбырының 314 шақырымында орналасқан. Осынау станса елді мекендерден шалғай және өз аналогі бойынша іс жүзінде бірегей нысан екенін атап өткен жөн. Өйткені тіршілікті қамтамасыз ету және өндірістік процесс электр энергиясының және сумен жабдықтаудың сыртқы көздеріне қарамастан, дербес жүзеге асырылады. Мамандар мұндай қос станса елімізде алғаш рет салынып отырғанын жеткізді. Екі стансада да барлық инфрақұрылым жұмысы жүргізілген. Елді мекеннен шалғай жерде өте әдемі қалашық бой көтерген. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмысшылар қонақүй типтес жатын орындармен қамтылыпты. Ал жұмыс жобасы еліміздегі қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелерін сақтай отырып орындалғаны, жобаланған нысандардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ететін жарылыс және өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап беретінін көруге болады. Әзірге стансаларда сынақтан өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әлі толық қуатында жұмысын бастамапты. Әзірге екі ел арасында келіссөздер жүргізіліп жатыр. «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» МГҚБ директоры Ернұр Ибраев осы стансалар бойынша онлайн режимде газ жайында нақты мәлімет алып отыратынын атап өтті. «Бұл нысан еліміз үшін аса маңызды саналады. Бұдан былай газ өлшеу бойынша Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында ешқандай түсінбеушілік орын алмайтын болады. Дәл осындай стансалар біздің мемлекет әлі салынған жоқ. Екі станса да ең соңғы технологиялар бойынша бой көтерді», – дейді ол. «Жетісай газ өлшеуіш станса жобалау этапынан бастап бұл стансалар ең заманауи құрылғылармен салынды. Әрқайсысының диаметрі 400-дік газ өлшеуіш құралы Германиядан шыққан. Халықаралық стандарттарға сүйенсек, дүниежүзі бойынша ең дәл есептеуіш құрал осы болып есептеледі, яғни әлемдегі нөмірі бірінші құрал», – деп атап өтті филиал директорының орынбасары Абай Байқұлов.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы