Жылыту маусымы: аяз емес, түтін қауіпті
Жылыту маусымы: аяз емес, түтін қауіпті

Сонымен, жылыту маусымы басталды. Тіпті, солтүстік облыстарға алғашқы қар да түсіп үлгерді. Ендеше биылғы қысқа дайынбыз ба? Жыл сайын үйде көмір жағып, иіс тиіп, уланатын отбасылар аз емес. Биыл соның алдын алу бойынша не істеліп жатыр? Ал қайтадан көк түтінге оранған елордамызда жағдай қалай?

Құрылғы орнату – алдын алу

Биыл жыл басынан бері елімізде 7 515 өрт тіркеліпті. Соның салдарынан 251 адам қайтыс болған. Ал жалпы өрт кезінде барлығы 1 018 адам құтқарылған болса, соның ішінде 217 адамның денесі түрлі дәрежеде күйген немесе уланған екен. 2020 жылдың ұқсас кезеңімен са­лыстырғанда жалпы өрт саны 7%-ға тө­мен­деген. Бірақ қаза тапқандар саны 20%-ға, жа­ра­қат алғандар саны 18%-ға өсіпті. Жыл басы­нан бері тіркелген өрт оқиғасының 4 300-ден астамы, яки 58%-ы жеке тұрғын үй сек­торында болған. ТЖМ мәлім еткен мәліметтер осындай. Әйтсе де, төтеншеліктер жылыту маусымының статистикасын бөлек жүргізеді. Өйткені бұл кезең олар үшін өрт қаупі жоғары уақыт. «Былтырғы жылыту маусымында өрт оқи­ғалары оның алдындағы кезеңмен салыстыр­ғанда 9%-ға артық болды. Мәселен, 2019-2020 жылдары 5 001 дерек тіркелген болса, 2020-2021 жылдарда 5 462 өрт оқиғасы тіркелді. Соған сәйкес қаза болған адамдар саны да 24%-ға артық болды, яки 222-де 276 адам. Со­ның ішін­де өрт шықпай-ақ улы газбен уланып қаза бол­ғандар 36%-ға өсіп отыр, яғни 2019-2020 жыл­дары 22, 2020-2021 жылдары 30 адам. Мысалы, биыл 30 қаңтарда Қарағанды облысы Бұқар жы­рау ауданының Новоузенка ауы­лын­да пеш­тегі жарық пен мұржаның тазартыл­ма­уына бай­ланысты екі адам улы газбен улан­ып қал­ған. 1978 жылғы ер адам ауыр жағ­дай­да ауру­ханаға түскен болса, 1982 жылы ту­ған әйел оқи­ға орнында қайтыс болды», – дейді Орта­лық коммуникациялар қызметінде өткен бас­па­сөз мәслихатында ТЖМ Өртке қарсы қызмет ко­митетінің басқарма бастығы Ерлан Төрегелдиев. Осындай тағы бір оқиға Шығыс Қазақстан облысы Секисовка кентінде болған. 2020 жыл­дың 9 қазанында әпкесінің үйіне қонаққа кел­ген 2005 және 2013 жылы туған екі қыз қай­тыс болды. Ауа райы қолайсыз болғандық­тан, олар сонда түнеуге қалыпты, ал таңертең қыздардың анасы оларды ес-түссіз жатқанын көріп, жедел жәрдем шақырады. Дәрігерлер балаларды тексеріп, екеуінің де қайтыс бол­ғанын анық­тайды. Мамандар оқиға себебі пештің түтін мұржасының ысырмасы жабық қалуынан деп отыр. Соның салдарынан улы газ тұрғын жайға тараған. Сондықтан да тө­теншеліктер, от қауіпсіздігіне жауапкер­шілік­пен қарап, үйге түтін мен газдың таралуынан хабар беретін дабыл-датчиктерін орнатуды ұсынады. «Соңғы 3 жылда тұрғын үйлерде әкімдіктер мен демеушілер есебінен 120 мыңнан астам дербес датчиктер орнатылды. Соның ішінде өткен жылыту кезеңдерінде 36 датчик белгі бергенінің арқасында 140 азамат өлімнен аман қалды. Мысалы, 2020-2021 жылдардағы мау­сымда улы газдың шекті-рұқсат етілген кон­цен­трациясы туралы датчиктердің 4 белгі беру дерегі тіркеліп, 15 адам қатты уланудан аман қалды. Бұл оқиғалар Нұр-Сұлтан (1), Шым­кент (1) қалаларында және Ақмола облысында (2) болды. Ал биыл жаз мезгілінде жеке тұрғын үйлерге 2 089 датчик, оның ішінде табиғи газ – 1 200, улы газ – 869 және 20 түтін хабарлағыш орнатылды», – дейді басқарма бастығы Ерлан Төрегелдиев. Жылыту маусымы басталса, осыдан үш жыл бұрын астанада өрттен қайтқан бес ба­ланың өлімі есімізге түсетіні рас. Уақытында қоғамдық пікір тудырып, олардың әлеуметтік жағдайына қынжылыс білдірген көпшіліктің наразылығы әлі де есімізде. Әйтсе де, төтеншеліктер, өрт қауіпсіздігі әркімнің жеке жауапкершілігі екенін айтады. Өйткені, «тілсіз жау» күй таңдамайды. ТЖМ жауынгерлері өртке оранған зәулім сарайларды да талай сөндірген. Ал қанша қайғысы зіл батпан болса да, қыршынынан үзілген бес ғұмырдың өкініші бізге сабақ болуы тиіс.

Тағы да түтінге оранған астана

Күн суытса, астаналықтар көмір жағады. Тың қаланың әуелден тынысы осындай. Со­дан келіп желсіз күндері жеке сектор қоныс­танған тұрғын үй алаптарының маңын көк түтін тұмшалап алады. Ондайда сыртта жүріп кең тыныстау тұрмақ, үйде отырып терезе ашу да мүмкін емес. Бұл ахуал бірте-бірте эколо­гиялық проблемаға айналып келеді. Бас қала­ның бас ауруы болған бұл проблеманы елорда билігі газ тарту жолымен шешпек. Былтыр ТЭЦ-1 және ТЭЦ-2 жылыту орталықтарына газ қосылған болса, биыл қараша айына дейін бесінші, сегізінші және тоғызыншы іске қосу кешендері пайдалануға берілмек екен. Одан бөлек, 19 әлеуметтік нысан газға қосылмақ. Бірақ биыл да қыс басталмай жатып Нұр-Сұл­тан қаласының түтінге тұншыға бастағанын көріп отырмыз. Өткен аптаның өзінде Нұр-Сұлтан қаласында түтін концентрациясы шек­тік-рұқсат етілетін нормасынан асып кет­кен 96 дерек тіркеліпті. Газ күткен аймақтың бірі «Юго-восток» тұрғын үй алабы болса, биыл күн ерте суытқан соң әрі-сәрі күйде қалып отыр. «Газ келеді деп барлығымыз үйіміздегі бұрынғы жылыту жүйесін айырып тастап, газ қазандығы мен су жылытқыш бойлерлер қо­йып алып едік, енді тоңып жатырмыз. Әкімдік неге өтірік алдайды, біз соларға сендік қой. Бұл мәселе Президенттің қадағалауында тұр дейді, онда неге газды уақытында бермейді. Осы тұрғанда газ қазандығын қоямын деп 1 миллион 300 мың теңге шығынға баттым. Дәнекерлеушілер қызметін қымбаттатып жіберген, бір жікті жалғау үшін жиырма мың сұрайды. Ақшамның бәрі соған кетті. Енді оның үстіне газды көшеден үйге қосу да қа­райған ақша дейді. Бұл не масқара! Сосын газ құбырын тартқанда үйдің қасын қазып тас­та­ды. Бір қазған нәрсесін екі рет қазды. Бұрынғы тротуар, бордюр, газон дегендердің бәрін тас-талқан етіп тастады. Оны дұрыстап көміп, бұрынғыдай жасамады да. Барлығы да көзбояу­шылық! Ауламызға кіріп-шығудан қалдық. Көшеде екі көлік қарама-қарсы келсе сыймай қаламыз. Не келген газ жоқ, не біткен жол жоқ, тоңғанымыз өз алдына, батпақ-батпақ болып, баяғыша көк түтіннің ортасында отырмыз», – дейді «Оңтүстік-шығыс» тұрғын үй алабының тұрғыны Жұ­мағали Ілиясов. Қала әкімі Алтай Көлгінов сонау жаз ор­та­сында осы «Оңтүстік-шығыс» және «Про­мышленный» алабы кіретін сегізінші іске қосу кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстары 95% аяқталды деп мәлімдеген болатын. 90 шақы­рым газ тарату желілерінің құрылысы жүргі­зілген. Қазір тағы да 90 шақырымдық тоғызын­шы іске өсу кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Сол кезде қаланың 7 тұрғын үй алабы газбен қамту жоспарында тұр деген әкім оның ішінде «Юго-востоктың» 4 000-ға жуық үйі бар екенін айтқан еді. Былтыр 345 ша­қырым квар­талішілік «Железнодорожный», «Көк­тал-2» және «Агрогородок» (жартысы) тұрғын үй алаптары газға қосылған болса, биыл «Күй­генжар», «Мичурино», «Интерна­цио­наль­ный», «Агрогородок» (жартысы), «Көк­тал-1» газға қосылу тиіс. Әйтсе де, бұл жұмыстар түрлі себеппен баяу жүргізіліп келе жатқан сияқты. «Газға қосылу жұмыстары енді-енді ғана жанданып келеді. Бұл бір жағы күн суытуымен байланысты. Бұған дейін тапсырыстар сылбыр еді, енді үйлері салқындаған соң адамдар жанталасып бізге көптеп хабарласа бастады. Екінші жағы - іске қосу кешендеріне газ беріле бастады. «ҚазТрансГазАймақ» трассаны тап­­сырса, газ жібереді, сол кезде біз олардан қо­сылуға рұқсат ала аламыз. Одан соң плом­бы­лап, үйге газ береміз. Жұмыстардың баяулап тұрған тағы бір себебі – осы. Әр кезеңде өзіне тән «мақұлдау» деген процедура бар. Дәл бү­гінде 73 үйді газға қостық. Олар – «Агро­қа­лашық», «Көктал-1», «Көктал-2» ауылдары. Бұл газ келіп бастағаннан бері жасаған жұ­мыс­тарымыз. Енді күрт көбейгені сондай, алдағы бір аптада 8 үй кезекте тұр. Одан кейінгілерді қосқанда жалпы 22 үй иесі ке­лісімшартқа қол қойған. Барлығы бүгінде 170 мекенжай болса, олардың жартысын болып қалдық. Бірақ мына қарқынмен бұл цифр одан әрі де көбейе бермек. Бұл тек біздің компанияның жүргізіп жатқан жұмыстары. Мұндай жұмыстармен басқа да бірнеше компания айналыса­тын­дықтан, қала бойынша газға қосылған үйлер бұдан да көп болуы мүм­кін», – дейді «Астана газ» ЖШС бас инженері Марғұлан Мейрамбекұлы. Бас инженердің айтуынша, әзірге тек жоғарыда аталған үш ауылдың магистральді газ құбырына ғана газ беріліпті. Ал «Юго-восток» алабына тек қазан айынан бастап қана газ берілмек екен. Ол жақтан да келіп келі­сімшартқа отырып жатқандар бар. Бүгінде 45 үй келесімшарт жасасқан. Бірақ 4 000 үйден шыққан түтін жарты қаланы тұншықтырып отырғанда, бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Бұл үйлерге газ қосқан шақта да, бұрын тілін білмейтін көгілдір отыннан білместікпен үйге газ тарап кетіп, кісі өліміне алып келетін жазатайым жағдайлардың қатары көбейе түспесіне кепіл жоқ. Қалай болғанда да, «жаңа жылыту маусымы құрбандықсыз өтер ме?» деген күмән астананың аспанын торлаған түтіндей сейілмей тұр.

Нұрлан ҚОСАЙ