«Бөрте» – театрдың тұңғыш спектаклі» – Айнұр Көп­басарова
«Бөрте» – театрдың тұңғыш спектаклі» – Айнұр Көп­басарова
573
оқылды

Көрнекті драматург, жазушы, Мемлекеттік сый­лықтың иегері Дулат Исабековтің «Бөрте» пье­сасы тұңғыш рет Түркістан музыкалық драма теат­рын­да қойылғалы жатыр. Театр да өз шымылдығын осы спектакльмен ашпақ. «Бөрте» – тарихи драма. Бұл тақырыпқа бұған дейін қалам тартқандар болған жоқ. Жазушының өзі де ұзақ жазылған шы­ғармасы екенін жасырмайды. Ендеше, жаңа ашыл­ғалы отырған театр үшін де бұл ерекше жаңалық болмақ.

Газетімізге берген сұхбатында драматург Дулат Исабековтің: «Бөрте» – менің өмірімдегі ең ұзақ жазған шығармам. Оның себебі Бөрте тарихи тақырып қой. Та­рихтан аттап та кете алмайсың. Егер құр тарихи деректермен жаза берсең, онда ол тарихи драма бо­лып шығады. Бірақ негізгі оқиға­лар­дың бәрі сол тарихи шы­ғар­ма­лардан алынды. Әуелі зерттеу жүр­гізіп, тарихи деректерді тізіп ал­дым да, төрт-бес айда жазып шық­тым. Біттім-ау дегенде тың деректер, жаңа фактілер кездесіп қалады. Қайта өңдеп, қайта қосып шығамын. Өзгертіп болдым ғой деп отыр­саң, тағы бір қызықты оқиға кездесе кетеді» деген еді. Сол кездің өзінде дра­матург пье­саға «құда түсіп жатқандар» көп екенін айтқан еді. Алғашқы бо­лып, таң­дауды Түркістан музы­калық драма театры жасаған екен. Сонымен, «Бөртенің» жа­ңалығы не болмақ? Бұл сауалды театр­дың директоры Айнұр Көп­басарова­ға қойдық. – Айнұр ханым, Түркістан му­зыкалық театры алғашқы шымыл­дығын драматург Дулат Исабековтің «Бөрте» пьесасымен ашқалы жатыр. Жаңа театр, жаңа пьеса, жаңа спек­такль, жаңа көрермен... Қобалжу бар ма? – Түркістан музыкалық драма театры – Тұңғыш Президент, Ел­басы Нұрсұлтан На­зарбаевтың қол­дауымен салынған Түркі әлемі астанасындағы ең сәулетті ғима­раттардың бірі. Театр мамыр айын­да аш­ыл­ды. Елбасы арнайы келіп, театрдың ак­тер­лік құрамы мен тех­ни­калық мүмкін­діктерін тама­шалап, сәт-сапар тілеген еді. Сол театр 9-10 қазанда белгілі дра­матург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Иса­бековтің «Бөрте» пьесасының желі­сі­мен қойылатын спектакльмен шымыл­дығын аш­қа­лы отыр. Әрине, қобалжу бар. Жаңа театр, жаңа қойылым, жаңа пьеса. Әрі бұл салаға келген жаңа басшымын. Сын көз тағы бар. Ба­рын­ша «арық айтып, семіз шық­қы­мыз» ке­леді. Жақсы пьесаны қолға алған соң жақсы дүние жа­сауға талпыныс жасап жатырмыз. Түркістандай киелі шаһарға, киелі театр өнеріне кел­генімді, алдымда мың сан жа­уап­кершілік жүгі тұр­ғанын жақсы сезінемін. Бастысы, Алла сәтін салсын деп тілеймін. – Театрдың тізгінін ұстаға­ны­ңызға көп болған жоқ. Дегенмен таңдау неге «Бөртеге» түсті? – Театр тізгінін ұстаған алғаш­қы күн­нен-ақ мықты драматург, мықты пьеса іздей бас­тадық. Түр­кістан музыкалық дра­ма теат­ры­ның алғашқы қойылымы бола­тын­дықтан, театр­дың тарихына жа­зылатын тың дүние табуға тырыс­тық. Сөйтіп жүр­генде драматург аға­мыз Дулат Исабековтың «Бөр­те» пьесасы дайын деген хабар жетті. Ағаны арнайы іздеп барып, пьесасын сұрап алдым. Бөрте – әлем тари­хындағы ұлы қайрат­керлердің бірі, Шыңғыс ханның қоңырат тайпасынан алған әйелі. Шыңғыс хан туралы жазылған деректі шығар­малар өте көп. Бөрте есімі тарихта жиі аталға­нымен, ол туралы жеке-дара шығарма жазыл­маған. Дулат ағаның бұл күрделі тақырыпқа барғанының өзі үлкен ерлік. Сонымен, бұл шығарма қазақ сахнасында да тұңғыш рет қойылғалы отыр. – «Бөртені» сахналау үшін шет­елден арнайы режиссер шақы­рылған екен. Оның себебі бар ма? –Қазақстанда «Бөртені» қоя алатын ре­жиссер жоқ емес, бар. Елімізде қаншама мық­ты режис­серлар бар, оны өздеріңіз де біле­сіздер. Бірақ сахналау ерекшелігін (сцено­графия) шетелдік маман­дардан үйрену де артық болмайды. Сырттан ре­­­жиссер шақыру арқылы тәжірибе жинау, біздің театрдағы жас актерлерімізге, режиссерлерге шеберлік алмасып, шыңда­луына мүмкіндік жасау мақсатынан туын­­дап отыр. «Бөрте» спектаклін қоюға белгілі италиялық режиссер Давиде Ливерморе (Davide Livermore) шығармашылық тобы­мен бірге шақырылды. Ол – Италия­дағы Генуя ұлттық театрының директоры. Да­виде Ливерморенің есімі әлем жұрт­шы­лы­ғына жақсы таныс. Ол үлкен әлемдік сах­налар­да түрлі қойылымдар қойып жүр­ген режиссер. Ла Скала, Реджо, Сан-Карло, Рим сахнала­рын­дағы қойылым­дары арқы­лы әлемге таны­мал. «Бөрте» сияқты тарихи драманы италия­лық ре­жиссер сахнаға сәтті шығарып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Одан бөлек, бұл спек­такльге режиссер Ер­лан Кәрібаев пен теат­­рымыздың бас ре­жис­сері Данияр Базар­құлов та атсалысып жатыр. – Спектакльде ойнайтын ак­тер­лар құрамы туралы не айтар едіңіз? Байқа­уымызша, респуб­ликалық театрлардан арнайы актерлер кел­ген секілді. – Түркістан музыкалық драма театры экс­перименттік бағыттағы тұңғыш театр болып саналады. Актерлер құрамы өте жас. Олардың дені – 25 жасқа дейінгі жас актер­лар. Олар үш жыл ішінде театр қа­бырғасында тәрбиеленіп, үлкен сахна­лар­ға, басты рөлдерге жол­дама алады. Сон­дықтан еліміздегі бірнеше драма театр­лардың белді әртістерімен келісім­шарт жасалып, театр сахнасына арнайы шақыр­дық. Бөрте рөлін актриса Айя Шә­ріп ойнайды. Шетелде білім алған та­лантты опера әншісі және ак­три­са. Бұл – Айяның алғашқы рөлі. Мына қызықты қараңыз, театрдың тұңғыш спек­таклі, «Бөрте» тұңғыш рет қойылып жа­тыр, актрисаның да тұңғыш рөлі. Бұл сәйкес­тікке қалай таңғалмайсыз? Сондай-ақ спек­такльде елге белгілі әртіс­те­ріміз Нүркен Өтеуіл, Еркебұлан Да­йыров, Лейло Бекназар-Ха­нин­га, Ақбота Қаймақбаева, Әділ Ах­ме­тов, Алмахан Кенжебекова, Али­хан Идры­шева, Ержан Нұрым­бет, Нар­­тай Сау­данбекұлы, Қо­ныс­бек Бегайдаров, Зәм­зәгүл Бег­ай­даров, Ал­тынай Нөгербек, Азамат Чукеев, Толқын Нұр­бе­ко­ва, Әшім Ахметов, Қуаныш Қо­ныс­­беков, Әйгерім Қайратқызы ойнайды. Олар­дың қатарында театрымыздың жас актерлері Әли Марат, Азат Мыңбаев, Темірлан Еркін­ғалиев, Ислам Жұматай, Ай­бек Боранбаев, Айя Дәрібаева, Шер­хан Саматұлы, Қадыржан Тө­­реханов, Өмірзақ Рамзан, Ме­рей Құ­­дай­бергенов, Аида Сери­кова, Болатбек Оспан, Әлжаппар Нұрым да бар. – Спектакльдің алдын ала көрсетілімі бола ма? – Спектакльдің ең алғашқы көрермені де – халық. Билет са­тылмай жатып, «бізге осынша орын керек» деп, республиканың түкпір-түкпірінен хаттар келіп жатыр. Мұ­ның өзі үлкен қуаныш. Алғашқы премьера бол­ған­дықтан, әрине шақырумен келетін өнер адам­дары, мемлекет қайраткерле­рі бар. Дегенмен бұл спектакль – жал­пы ха­лыққа арналған туынды. Жа­бық көрсетілім жоқ. Екі күн бо­йы театр көрермендері «Бөр­тені» тамашалап, мықты актерлар­дың ойынын көретін болады. – Театрдың алдағы жоспарлары ту­ралы не айтасыз? – Алда жоспар өте көп. Театр ұжымы қазір уақытпен санаспай жұмыс істеп жатыр. Оның бәрі – саф өнердің сарқыл­мауы үшін ат­қа­рылып жатқан жұмыс. Бәрін алдын ала айтып қойсақ, қызығы болмас. Алдағы жоспарды алдағы күндер­дің еншісіне қалдырайық.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС