Көрнекті драматург, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің «Бөрте» пьесасы тұңғыш рет Түркістан музыкалық драма театрында қойылғалы жатыр. Театр да өз шымылдығын осы спектакльмен ашпақ. «Бөрте» – тарихи драма. Бұл тақырыпқа бұған дейін қалам тартқандар болған жоқ. Жазушының өзі де ұзақ жазылған шығармасы екенін жасырмайды. Ендеше, жаңа ашылғалы отырған театр үшін де бұл ерекше жаңалық болмақ.
Газетімізге берген сұхбатында драматург Дулат Исабековтің: «Бөрте» – менің өмірімдегі ең ұзақ жазған шығармам. Оның себебі Бөрте тарихи тақырып қой. Тарихтан аттап та кете алмайсың. Егер құр тарихи деректермен жаза берсең, онда ол тарихи драма болып шығады. Бірақ негізгі оқиғалардың бәрі сол тарихи шығармалардан алынды. Әуелі зерттеу жүргізіп, тарихи деректерді тізіп алдым да, төрт-бес айда жазып шықтым. Біттім-ау дегенде тың деректер, жаңа фактілер кездесіп қалады. Қайта өңдеп, қайта қосып шығамын. Өзгертіп болдым ғой деп отырсаң, тағы бір қызықты оқиға кездесе кетеді» деген еді. Сол кездің өзінде драматург пьесаға «құда түсіп жатқандар» көп екенін айтқан еді. Алғашқы болып, таңдауды Түркістан музыкалық драма театры жасаған екен. Сонымен, «Бөртенің» жаңалығы не болмақ? Бұл сауалды театрдың директоры Айнұр Көпбасароваға қойдық. – Айнұр ханым, Түркістан музыкалық театры алғашқы шымылдығын драматург Дулат Исабековтің «Бөрте» пьесасымен ашқалы жатыр. Жаңа театр, жаңа пьеса, жаңа спектакль, жаңа көрермен... Қобалжу бар ма? – Түркістан музыкалық драма театры – Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен салынған Түркі әлемі астанасындағы ең сәулетті ғимараттардың бірі. Театр мамыр айында ашылды. Елбасы арнайы келіп, театрдың актерлік құрамы мен техникалық мүмкіндіктерін тамашалап, сәт-сапар тілеген еді. Сол театр 9-10 қазанда белгілі драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің «Бөрте» пьесасының желісімен қойылатын спектакльмен шымылдығын ашқалы отыр. Әрине, қобалжу бар. Жаңа театр, жаңа қойылым, жаңа пьеса. Әрі бұл салаға келген жаңа басшымын. Сын көз тағы бар. Барынша «арық айтып, семіз шыққымыз» келеді. Жақсы пьесаны қолға алған соң жақсы дүние жасауға талпыныс жасап жатырмыз. Түркістандай киелі шаһарға, киелі театр өнеріне келгенімді, алдымда мың сан жауапкершілік жүгі тұрғанын жақсы сезінемін. Бастысы, Алла сәтін салсын деп тілеймін. – Театрдың тізгінін ұстағаныңызға көп болған жоқ. Дегенмен таңдау неге «Бөртеге» түсті? – Театр тізгінін ұстаған алғашқы күннен-ақ мықты драматург, мықты пьеса іздей бастадық. Түркістан музыкалық драма театрының алғашқы қойылымы болатындықтан, театрдың тарихына жазылатын тың дүние табуға тырыстық. Сөйтіп жүргенде драматург ағамыз Дулат Исабековтың «Бөрте» пьесасы дайын деген хабар жетті. Ағаны арнайы іздеп барып, пьесасын сұрап алдым. Бөрте – әлем тарихындағы ұлы қайраткерлердің бірі, Шыңғыс ханның қоңырат тайпасынан алған әйелі. Шыңғыс хан туралы жазылған деректі шығармалар өте көп. Бөрте есімі тарихта жиі аталғанымен, ол туралы жеке-дара шығарма жазылмаған. Дулат ағаның бұл күрделі тақырыпқа барғанының өзі үлкен ерлік. Сонымен, бұл шығарма қазақ сахнасында да тұңғыш рет қойылғалы отыр. – «Бөртені» сахналау үшін шетелден арнайы режиссер шақырылған екен. Оның себебі бар ма? –Қазақстанда «Бөртені» қоя алатын режиссер жоқ емес, бар. Елімізде қаншама мықты режиссерлар бар, оны өздеріңіз де білесіздер. Бірақ сахналау ерекшелігін (сценография) шетелдік мамандардан үйрену де артық болмайды. Сырттан режиссер шақыру арқылы тәжірибе жинау, біздің театрдағы жас актерлерімізге, режиссерлерге шеберлік алмасып, шыңдалуына мүмкіндік жасау мақсатынан туындап отыр. «Бөрте» спектаклін қоюға белгілі италиялық режиссер Давиде Ливерморе (Davide Livermore) шығармашылық тобымен бірге шақырылды. Ол – Италиядағы Генуя ұлттық театрының директоры. Давиде Ливерморенің есімі әлем жұртшылығына жақсы таныс. Ол үлкен әлемдік сахналарда түрлі қойылымдар қойып жүрген режиссер. Ла Скала, Реджо, Сан-Карло, Рим сахналарындағы қойылымдары арқылы әлемге танымал. «Бөрте» сияқты тарихи драманы италиялық режиссер сахнаға сәтті шығарып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Одан бөлек, бұл спектакльге режиссер Ерлан Кәрібаев пен театрымыздың бас режиссері Данияр Базарқұлов та атсалысып жатыр. – Спектакльде ойнайтын актерлар құрамы туралы не айтар едіңіз? Байқауымызша, республикалық театрлардан арнайы актерлер келген секілді. – Түркістан музыкалық драма театры эксперименттік бағыттағы тұңғыш театр болып саналады. Актерлер құрамы өте жас. Олардың дені – 25 жасқа дейінгі жас актерлар. Олар үш жыл ішінде театр қабырғасында тәрбиеленіп, үлкен сахналарға, басты рөлдерге жолдама алады. Сондықтан еліміздегі бірнеше драма театрлардың белді әртістерімен келісімшарт жасалып, театр сахнасына арнайы шақырдық. Бөрте рөлін актриса Айя Шәріп ойнайды. Шетелде білім алған талантты опера әншісі және актриса. Бұл – Айяның алғашқы рөлі. Мына қызықты қараңыз, театрдың тұңғыш спектаклі, «Бөрте» тұңғыш рет қойылып жатыр, актрисаның да тұңғыш рөлі. Бұл сәйкестікке қалай таңғалмайсыз? Сондай-ақ спектакльде елге белгілі әртістеріміз Нүркен Өтеуіл, Еркебұлан Дайыров, Лейло Бекназар-Ханинга, Ақбота Қаймақбаева, Әділ Ахметов, Алмахан Кенжебекова, Алихан Идрышева, Ержан Нұрымбет, Нартай Сауданбекұлы, Қонысбек Бегайдаров, Зәмзәгүл Бегайдаров, Алтынай Нөгербек, Азамат Чукеев, Толқын Нұрбекова, Әшім Ахметов, Қуаныш Қонысбеков, Әйгерім Қайратқызы ойнайды. Олардың қатарында театрымыздың жас актерлері Әли Марат, Азат Мыңбаев, Темірлан Еркінғалиев, Ислам Жұматай, Айбек Боранбаев, Айя Дәрібаева, Шерхан Саматұлы, Қадыржан Төреханов, Өмірзақ Рамзан, Мерей Құдайбергенов, Аида Серикова, Болатбек Оспан, Әлжаппар Нұрым да бар. – Спектакльдің алдын ала көрсетілімі бола ма? – Спектакльдің ең алғашқы көрермені де – халық. Билет сатылмай жатып, «бізге осынша орын керек» деп, республиканың түкпір-түкпірінен хаттар келіп жатыр. Мұның өзі үлкен қуаныш. Алғашқы премьера болғандықтан, әрине шақырумен келетін өнер адамдары, мемлекет қайраткерлері бар. Дегенмен бұл спектакль – жалпы халыққа арналған туынды. Жабық көрсетілім жоқ. Екі күн бойы театр көрермендері «Бөртені» тамашалап, мықты актерлардың ойынын көретін болады. – Театрдың алдағы жоспарлары туралы не айтасыз? – Алда жоспар өте көп. Театр ұжымы қазір уақытпен санаспай жұмыс істеп жатыр. Оның бәрі – саф өнердің сарқылмауы үшін атқарылып жатқан жұмыс. Бәрін алдын ала айтып қойсақ, қызығы болмас. Алдағы жоспарды алдағы күндердің еншісіне қалдырайық.Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС